Сайранда сауық құра ала ма?
Сайранда сауық құра ала ма?
843
оқылды
Ала жаздай аптап ыстықтың құ­ша­ғында жүретін алматылықтар үшін бір сәт бой жазып, сергіп алатын орынның бірі – қала ішіндегі Сайран көлі. Осы жасанды көлдің төңірегіндегі дау неше әкім келіп кетсе де түбегейлі шешілмей келеді. Жаз шыға сала аталған көлдің жаға­сына жүгіретін тұрғындардың соңғы кезде екпіні біршама басылып қал­ған. Оның бірнеше себебі де бар. Бір маусымда бірнеше мәрте жабылады Шомылу маусымы кезінде су қоймасын уақытша жауып тастау шарасы жыл сайын бірнеше мәрте кездесетін жағдай. Оның бірінші себебі – көлдегі су құрамынан түрлі аурулардың таралуына себеп болатын таяқшалардың пайда болуы. Былтырдың өзінде дәл осындай себеппен 4 рет жабылған. СЭС мамандары көлден «Ауру шықты» деп дабыл қаға салысымен Сайран көлі келушілер үшін жұмысын тоқтатады. Жаз айларында алысқа ұзай қоймаған алматылықтардың бірден-бір демалыс орнына айналған Сайранның маңайын­дағы осы мәселе қала тұрғындары мен экологтардың мазасын қашырған сұраққа айналды. Бұл туралы қала тұрғындары бірнеше мәрте тиісті орындарға арыз-шағым айтумен келеді. Экология белсен­ділердің тұжырымынша, оның бірден-бір себебі көл астының түбегейлі талапқа сай тазаланбауынан көрінеді. Тазалау жұмысы жеті айға созылады Дәл осы көлдің мәселесі Алматыға келген әрбір жаңа әкімнің алдынан шығатын сұрақтың біріне айналған. Бұған дейінгі бірнеше қалабасының бас ауруына айналған мәселе қазіргі әкім Ерболат Досаевты да айналып өтпеді. Әкім болып келген уақыттағы халықпен алғашқы кездесулері кезінде де қала тұрғындары осы мәселені шешуді өтінген болатын. Былтыр маусым айындағы халықпен кездесуінде әкім Сайран көлін абаттандыру, соның ішінде көлдің түбін тазарту және жағалау аймағын көгалдан­дыру жұмыстары жоспарланғанын жет­кізген еді.
«Бүгінде Сайран көлінің бөгеттеріне көпфакторлы зерттеу жүргізілді. Биыл шілде айында жобалық-сараптамалық жұмысқа қатысты мемлекеттік сараптама­ның қорытындысын аламыз. Жағалау аймағын ретке келтіру бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу және мемлекеттік сараптамадан өту мәселесі қыркүйек айында аяқталады деп ойлай­мын», – деген еді Алматы әкімі кездесуде.
Сондай-ақ Сайран көлінің түбін тазарту және абаттандыру үшін құрылыс монтаж жұмысына қаржы бөлу мәселесі қаралатынын жеткізген еді. Алайда біздің әкімдіктен жақында алған жауабымызға қарасақ, бұл мәселе әлі толық шешілмеген сыңайлы. Құрылыс-монтаждауға қаржы қарастырылмақ түгілі көлдің түбін тазарту жұмыстары ақпан айының аяғында ғана басталды. Яғни, әкім уәде еткен мерзімнен жарты жылға кешігіп отыр. Қалалық Экология және қоршаған орта басқармасының берген жауабына қараған­да, «Сайран су қоймасында меха­никалық тазалау жұмыстары мемлекеттік сараптама қорытындысына сәйкес, 7 ай жүргізілетін көрінеді. Яғни, алматылықтар биылғы жазда Сайранның маңайындағы сайран күндерді армандамаса да болады деген сөз. Айтпақшы, 2016 жылы сол кездегі қала әкімі болған Бауыржан Байбек те Сайранды «сәнге айналдырамын» деген жобасын аталған көлдің табанын тазалау­дан бастай­тын­дығын айтқан. Ол үшін қала бюджеті­нен 28 миллион теңге бөлінгенін жеткізген еді. Байқауымызша, аталған қаражат экс-әкіммен бірге «ұшып» кеткен сияқты. Арманға айналған арал Дәл осы Бауыржан Байбек әкім болып тұрған кезде Сайран көлінің жағалауын жасанды аралға айналдырамыз дегені де есте.
 «Енді алматылықтар жазда Сайранға келіп, жағажай жағалайды, ескекпен қайық еседі. Ал қыста қатқан көлдің беті­мен сырғанайды. Нақтырақ айтқанда, Сайран еліміздегі тұңғыш жасанды аралға айналмақ. Сайран көліне біріншіден, Үлкен Алматы өзені қосылады. Қосылатын жерге әртүрлі фильтрлер қойылып, су үш мақ­сатта пайдаланылады. Яғни, адам шомыла­тын су таза болуы керек. Содан кейін жа­сыл желектерді суғаруға және техникалық мақсатта жұмсалынады», – дегеніне сол кезде қала тұрғындары ерекше қуанғаны­мен, арал жасау жобасы тек арман болып қалғанына көз жетіп отыр.
Қазіргі қала басшылығына «адамдар барып, бір уақыт еркін демалатын аймаққа айналуы үшін қандай шара қолға алына­ды?» деген сауал жолдаған едік. Әкім­­діктің айтуынша, көл жағасын абат­тандыру жұмыстары жоспарда бар көрінеді. Тек әлі күнге дейін жобалау құжат­тары мен қаржы мәселесі толық шешілмеген.
 «Сайран су қоймасына іргелес аумақты абаттандыру бойынша» жобалау-сметалық құжаттамасы даярлануда. Әзірлеудің аяқталу уақыты –2023 жылғы наурыз айы­ның аяғы. ЖСҚ мемлекеттік сараптаманың қорытындысын алғаннан кейін, жоба бойынша құрылыс монтаждау жұмыс­тарына бюджеттен қаражат бөлуге өтінім берілетін болады», – дейді Алматы қаласы Экология және қоршаған орта басқармасы Су ресурстарын стратегиялық дамыту және басқару бөлімінің басшысы Мақсат Қаби­денов.
Маманның жауабына сенсек, қаражат бөлініп іске кірісіп кеткен жағдайда тұр­ғын­дардың демалысы үшін жайлы жағдай жасалмақ. Жоғарыдағы жауаптарына қарап, бұл шаруа биылғы жыл жүзеге аспайтынын байқау қиын емес. Бір қуантарлығы, көл табанына тазалау жұмыстары жүріп жатыр. Қазіргі жоспарға сәйкес жеті айға созылатын жұмыс қаншалықты тиянақты бітерін уақыт көр­сетер. Қала ішіне көрік беріп, тұрғындар үшін демалыс аумағына таптырмас орын болып тұрған жасанды көлдің болашағы қандай болары да алдағы жылдар мен айлардың еншісінде. Әзірге, басталған жұмыс жарты жолдан тоқтап қалмай, аяғына дейін жетуін қала басшылығы қаперінде ұстап отырса құба-құп болар еді.

Алматы