Тұрғындар жайы Nur Otan бақылауында
Тұрғындар жайы Nur Otan бақылауында
242
оқылды
Елбасының тапсырмасы бойынша Бауыржан Байбек аймақтарды аралауды жал­ғас­тыруда. Қызылорда об­­лы­сына жұмыс сапары ке­­зінде ол Шиелі және Жа­ңақорған аудандарының тұрғын­дарымен кездесті. Өңірдің ауыл шаруашылы­ғын негізінен күріш өсіру са­ласы құрайды. Шиелі ауылын­да Nur Otan басшылығымен кез­десуде шаруа қожалықтары­ның жетекшілері осы сала­ны субсидиялау, оны әртараптан­дыру және суармалы жер көле­­мін ұлғайту мәселелерін көтерді. Партия Төрағасының Бірінші орынбасары аталған мә­селелердің шешімі әзірленіп жатқан осы аудандарды дамыту­дың 5 жылдық бағдарлама­ла­рын­да көрініс табатынын атап өтті. «Тұрғындар бірінші кезекте 16 мың гектардан астам күріш алқабын суаруға пайдаланып отырған Әйтек стратегиялық су торабын жаңғырту жайын алға тартты. Салалық министр­ліктің Су ресурстары комитеті басшылығының айтуынша, биыл жоба-сметалық құжатта­ма әзірленгеннен кейін торап­қа жөндеу жұмыстарын бастау жос­парлануда. Осы жұмыстардың орындалу қарқынын ауыл тұр­ғын­дарымен бірге Nur Otan пар­тиясы бақылайтын болады» деп жазды Twitter парақшасында Бауыржан Байбек.  width= Өңірге жұмыс сапары бары­сында партия Төрағасының Бірінші орынбасары Жаңақорған ауданы Бірлік ауылының тұр­ғындарымен кездесті. Орталық­тандырылған газбен қамтудың жоқтығы 2,7 мыңға жуық адам өмір сүріп жатқан елді мекеннің негізгі проблемасы. – Nur Otan партиясы Елбасы­ның өңір тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі тапсырмаларының орындалуына мониторинг жүргізуде. Өт­кен жылы партия съезінде Нұрсұлтан Назарбаев «Құтты мекен» пар­тиялық жобасына баста­машы болып, алдағы бірнеше жыл­да 1 миллионнан астам қа­­зақ­стандықты газбен қамту жө­нін­де тапсырма берді. Жергілікті би­ліктің мәліметіне жүгінсек, 400-ден астам тұрғын үйді газбен қамту үшін жобалық-зерттеу жұ­мыстары жүргізіліп, жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге қаржы бөлініпті. Ауылды 2021 жылы газбен қамтамасыз ету көзделіп отыр, – деді ол.  width= Тұрғындар өз кезегінде тағы бір әлеуметтік мәселе – ауылдағы жалғыз балабақшада орын же­тіспейтінін алға тартты. 1974 жы­лы салынған «Қызғалдақ» мек­­тепке дейінгі мекемесі 65 орынға ғана есептелген. Ал ке­зекте 115 бала тұр. Аудан әкімі­нің айтуынша, көктемде мемле­кет­тік-жеке серіктестік шең­берінде балабақшаға арналған жаңа ғимараттың жұмысы бас­та­лады. Жыл аяғына дейін аяқ­тауға уәде беріп отыр. Партия Төрағасының Бірінші орын­басары ны­са­н­­ның белгіленген мер­зімде тап­­сырылуына және ат­қарылатын жұмыстардың са­па­­лы орындалуына тұрғындармен бірге бақылау жүргізетінін айтты. Содан кейін Бауыржан Байбек пар­тияның белсенді мү­ше­­лерімен және Nur Otan пар­тиясының жаңа жақтас­та­рымен бірнеше кездесу өткізді. Кешке қарай партияның қол­дауымен ұлы Абайдың 175 жыл­дық мерей­тойына орай Сыр елінде өтіп жатқан «Абай жолы­мен» атты рес­пуб­ликалық айтысты та­ма­шалады.  width= Бұл – партияның мұрындық болуымен Абайға арналып өтіп жатқан екінші айтыс. Биылғы сөз сайысының беташары елордада «Адамзаттың алыбы – хакім Абай» атты аламан айтыспен ашылған болатын. Енді ол Сыр еліндегі өнер додасына ұласты. Айтысты белгілі ақын, айтыс жанашыры Жүрсін Ерман жүргізіп, жыр аламанына Серік Құсанбаев, Айбек Қалиев, Әсем Ережеқызы, Мұхтар Ниязов, Мейірбек Сұлтанхан бастаған он екі ақын қатысып, бақ сынады. Партия Төрағасының Бірінші орынбасары көрермендерге ар­нап лебізін білдіріп, төл өнеріміз – айтыстың маңызына тоқталды. – Сөз барымтасында Абай­дың асыл ойлары мен арман-аңсары, құндылықтары мен ізгі мұраттары азулы айтыс­кер­леріміздің жырына арқау бол­ды. Өскелең ұрпақтың бойына кемеңгер Абай өсиетіндегі жасам­паздық рухты сіңіру – халқымыз үшін де, сол халықтың аманатын арқалаған Nur Otan үшін де ең негізгі мақсат. Саяси ұйымымыз үшін айтысты қолдау – ұлттық өнерге деген қамқорлықпен қа­­тар халқымыздың мұң-мұқ­тажынан тікелей ақпарат алудың, елге жақын болудың жолы. Биыл дана Абайдың 175 жыл­­­­дығына орай республи­ка­лық, облыстық және аудан­дық дең­гейдегі 20-ға жуық ақын­дар айтысы өтеді деп жос­пар­лануда. Одан бөлек, Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жыл­ды­ғы­на және Ұлы Жеңістің 75 жыл­ды­ғына арналған ақындар айтысы ұйымдастырылады, – деді Бауыржан Байбек.  width= Аламан айтыстың бас жүл­десі белгілі ақын, «Алтын дом­быраның» екі дүркін жеңім­пазы Мұхтар Ниязовқа бұйыр­ды. Ал бірінші орынды батысқазақ­стандық Жансая Мусина ие­ленсе, екінші орынды Әсем Ере­жеқызы еншіледі. Үшінші орын­ды Мейірбек Сұлтанхан мен Айбек Қалиев алды. Еске сала кетейік, Елбасы тап­сырмасы бойынша Nur Otan партиясы бірнеше айдан бері орталық және жергілікті ат­қа­ру­шы органдармен бір­лесе оты­рып, алдағы 5 жылға ау­­дан­дарды, қалаларды және облыстар­ды дамытудың жаңа бағ­дарламасын әзірлеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Аталған бағ­дар­ламаларда әрбір жекелеген өңірдің жергілікті ерекшеліктері ескеріліп, азаматтардың нақты қажеттіліктері көрініс табатын болады. Осы жұмыстардың ая­сында Nur Otan партиясының басшылығы еліміздің барлық өңірін, тіпті шалғай елді ме­кен­деріне дейін аралап шығады.   Клара НАҚЫП