Kundelik.kz-те жарнамамен жан бағады

Kundelik.kz-те жарнамамен жан бағады

Интернетте ең көп қа­ра­латын сайттардың қатарын Kundelik.kz бастап тұрғаны жайлы бұған дейін бірнеше рет айтылды. Күн сайын ата-ана, оқушы мен мұға­лімнің сағаттап отыратын платформасы жарнама беру­шілер­дің де назарына ілін­се керек. Қазір тауарын өт­кізуге асыққан кәсіпкер­лердің барлығы рейтингте көш бастап тұрған сайтқа жарнама береді. Осы­лай­ша, 6500-ден астам мек­тепке арналған білім алу жүйесі хабарландыру тақ­та­сына айналған. Тоқсан соңында сайт істемей қалады Әлем электронды күнделікті 1975 жылдан бастап қолданса да, біздің елге бұл жүйенің келгеніне 7 жыл болды. Кем-кетігі де бар­шылық. Әсіресе, ұстаздар қауымы электронды күнделіктің тиімсіз екенін айтып, шағымданудан шар­шаған емес. Айталық, біраз мек­тепте сынып жетекшілері ата-аналарға Kundelik.kz-ке тұрақты түрде кіріп отыруды тапсырады екен. Себебі әрбір оқушының ата-анасының кіргені электронды күнделікте көрсетіліп тұрады. Ал педагогтердің айтуынша, олар өз сыныбынан қанша адамның қан­ша рет сайтқа кіргені жөнінен есеп тапсыруға мәжбүрленген. Ком­панияның талабы сондай болса керек. Бірнеше жыл бұрын zero.kz интернет-статистика сервисіндегі рейтингте Kundelik.kz үнемі №1-да тұратын. Осының арқасында рей­тинг басында­ғылардың жарна­малық табысы да жақсы жүреді.

– Кundelik.kz-тің мұғалімдерге артатын жұмысы көп. Күн сайын онлайнда үй тапсырмасын беріп, уақытын белгілеп, баға қоямыз. Күнде 100 пайыз толтырмасақ, рейтингіміз түсіп қалады. Ауылды жердің барлығында интернет жылдам жұмыс істемейді. Сон­дықтан кейде мектепте отырып электронды күнделік толтырамыз. Тоқсанның аяғында бүкіл мұғалім кіргендіктен сайт істемей қалады. Яғни, бір адамның бірнеше рет сайтқа кіруі. Бір мұғалім сайтты 15 парақшадан ашып қояды. Нә­ти­жесінде, Google сізді хакер деп ой­лап, автоматты түрде сайттан шығарып тастайды, – дейді ин­форматика пәнінің мұғалімі Ал­магүл Исабекова.
Автоматтандыру жағын реттеу керек Жалпы электронды күнделіктің маусымдық өнім екені жасырын емес, себебі оқушылармен тікелей байланысты болғандықтан, шә­кірттер де, ата-аналар да каникул кезінде онлайн күнделіктің бетін ашпайтыны мәлім. Алайда еліміз­дегі жүздеген мың педагог күн сайын кірген соң Kundelik.kz жаз кезінде де рейтингте алғашқы ондыққа кіреді. Электронды күн­делікті пайдаланатындардың 51 пайызы мектеп оқушылары, 13 па­йызы мұғалімдер болса, 36 па­йызы ата-аналар. Жақында ата-аналар мен мұғалімдер үй тап­сырмасы және бағалардан бөлек, платформада басқа да көптеген жарнамалардың жиі кездесетінін айтып дабыл қақты. Оқу процесіне қатысушыларға тамақ пен әшекей, кино мен киімдердің жарнамасы қажет пе деген сұрақ туындайды. Тіпті электронды күнделікте «түнгі шайқасқа» арналған жұмсақ мат­расты жарнамалайтындарды кезіктіре аласыз. Білім сарапшысы Мейіржан Темірбектің айтуынша, Kundelik – жекеменшік компания. Мемлекет тарапынан ақша төлен­бейді. Жарнама арқылы күнін кө­ріп отыр. Казнетте рейтинг жағы­нан алдыңғы орында. Қолдану­шылары өте көп. Бұл платформа Ресейдегі «Дневниктің» баламасы, бірақ ішкі функциялары біздің Оқу ағарту министрлігінің бұйрық­тарына қарай көп өзгерген.
– Электронды күнделіктің бетіндегі жарнамадан көз сүрінеді. «Жарнама салмаңдар» деп плат­формаға тағы айта алмайсың. Өйткені, олар Үкіметтен ақша алып отырған жоқ. Жарнамадан түскен қаржымен күн көріп отыр. Қызметкерлерінің айлықтарын да сол табыспен төлеп отыр. Біз «Неге жарнама көп?» деп шағымданғанда осындай дәлелдер айтқан. Күн­деліктің жұмысы әлі бір жүйеге келтірілмеген. Автоматтандыру жағын реттеу керек, – дейді Ме­йіржан Темірбек.
Оның пікірінше, электронды журнал, күнделік, цифрландыруды жүзеге асырып жатыр демесең бұл жүйенің өзгертетін тұстары көп. Ұстаздар бір сабақты толтыру үшін үш-төрт бет ашып, әлекке түседі. Одан кейін сайт мыңдаған мұғалім­нің кіргенін көтермей, істемей қалады. Соңында рейтинг дұрыс болмағаны үшін тағы да мұғалім сөз естиді. Иә, былтыр жазда Kundelik.kz электрондық журналын 1 күн толтырмағаны үшін мектеп директоры Алматы облысының Талғар ауданындағы математика пәнінің мұғалімін жұмыстан шығарып жіберген.
– Ауылдық елді мекенде тұра­тындықтан, бізде интернеттің жыл­дамдығы төмен. Өзім де ата-ана ретінде білемін. Интернет дұ­рыс істемегендіктен, кейде түнгі сағат 2-3-терде толтырамыз. Оның үстіне, ол кезде елде қаңтар оқи­ғалары болып жатқандықтан, ин­тернет бұғатталды. Сондықтан Kundelik.kz электрондық журна­лын толтыра алмағаным рас. Алай­да мектеп директоры өзі де 8 сағат сабақ береді. Өзі сол аралықта 50% көрсеткіш қана көрсете алған. Онда неге өзіне-өзі шара қолдан­байды? Заң барлығымызға ор­тақ, – деп қапаланады Жанат Ер­мек­байқызы.
Осылайша, электронды күн­делік жарнама жариялаудан ал­дына жан салмаса да, жүйенің қателігінен қаншама мұғалімнің обалына қалып отыр. Ал компа­ния­ның жарнамадан қанша табыс табатыны белгісіз. Біз kundelik.kz-ке жарнама беруші ретінде хабарласып көрдік.
– Жарнама беру үшін бізге уақыттың аралығы мен қай қа­ла­ларға жарнама жасайтыныңызды айтсаңыз жеткілікті. Бізде банер­лік, мақала және мұғалімдерге арналған арнайы бөлім сияқты жарнама түрлері бар. Жарнаманың бағасы белгіленген уақытқа және аймаққа тікелей байланысты. Мы­салы, Алматыда 700, ал респуб­ликада 700 мың мұғалім бар. Сон­дай-ақ, білімге қатысты жарна­ма­ларға жеңілдік қарастырылған. Егер сіз Астана қаласы бойынша екі айға сайтқа жарнама орналас­тырсаңыз бағасы 650 мың теңге тұрады. Мақсатты аудиторияда балалар жоқ болса, ата-аналар мен мұғалімдерге арналған жарна­маларды да бере аласыз. Жарнама белгілі бір талаптарға сай келуі керек. Көбінесе дұрыс тамақтану, оқу ағартуға, тұрмыстық қолданыс­қа арналған жарнамалар шығады. Осынша жарнама аламыз деген шектеу жоқ. Трафик көп болған­дықтан ала береміз. Жарнамалар асып қалатын болса біз оны Ян­декске сатып жібереміз. Оқу ағарту министрлігі сайтты қадағалап, бақылаудан өткізіп отырады, – дейді kundelik.kz сайтының менеджері Ардақ.
Компания ешқашан мемле­кеттік субсидия алмаған. Оқу ағарту министрлігі де бұл жобаны қаржыландырмаған екен. Сон­дықтан пайдаланушылар көретін жарнама – бұл жұмысшылардың еңбегін, жалдау ақысын және салықтарды төлеудің жалғыз тә­сілі. Сондай-ақ, осы табыстан электронды порталды дамытуға инвестиция да салынады екен.  

P.S: 6500 мектеп пен 7 миллион­ға жуық қолданушысы бар плат­форма жұмысына айтылар сын көп. Бірақ компания «жарнамамен күн көріп отырмыз» деп өзін-өзі ақтап алып отыр. Ендеше, жарнамамен жан бағатын Kundelik.kz-ке Оқу ағарту министрлігі қарайласатын уақыт келді.