«Мысырдың соңғы перғауыны» өмірден өтті
«Мысырдың соңғы перғауыны» өмірден өтті
455
оқылды
Ұшқыш, маршал, бірнеше соғыстың ардагері, саясаткер. 30 жылдай Мысырды ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған әйгілі Хосни Мүбарак дүние салды. Өзі Фидель Кастро секілді бір дәуірдің белгісі еді. Израильмен айқасты, кейін достасты, әсіре діншілдермен шайқасты, ағайыны араб­тармен арасы бірде суып, бірде түзеліп отырды. АҚШ-тың одақтасы атанды. Қысқасы, қолынан келгенше елін би­ле­ді. Бірақ халық көтерілгенде биліктен тайдырылды. 1928 жылы туған Мұхаммед Хос­ни Сейид Мүбарак алғашқы білі­мін ауылында алды. Кейінгі өмі­рін әскери саламен тығыз бай­­­ланыстырды. 1949 жылы әс­­кери академияны лейтенант ше­­нінде тамамдады. Бірнеше жыл әскери әуе күштерінде нұс­­қау­шы болып істеді. 1956 жы­лы Суэц каналы үшін болған соғысқа қатысты. Болысып, то­лы­са бастаған шағында білімін КСРО-да жетілдірді. Алдымен Фрун­зе әскери әуе училищесінде реак­тивті ұшақтарды басқаруды меңгерсе, 1964-1965 жылдары осы оқу орнында әуе қолбасшылығын оқыды. Алған білімін 1967 жылы араб-израиль соғысында қолдан­ды, бірақ Мысыр әуе күштері осы қақтығыста ойсырай жеңілді. 1969 жылы ел президенті Га­мал Абдел Насер Хосни Мү­­ба­­ракты Мысыр қарулы күш­те­рі шта­бының басшысы етіп та­ға­йын­­дады. Бұл ауылдан шық­қан балаға 20 жылда жеткен ірі жетістік еді. Осы қызметте жү­ріп, Из­раильмен талай соғыста та­лай әскерді басқарды, жеңіс те, же­ңіліс те болды. 1975 жылы Мүба­рак саяси өмірге араласа бастады. Себебі Әнуар Садат оны елдің вице-президенті етіп та­ғайындады. Ал 1981 жылы Ұлт­тық-демократиялық партия­ның бас хатшысы болып сайланды. Яғни, Х.Мүбарак 1970 жылдың орта­сынан бастап Мысырды бас­қаруға саяси тұрғыда дайын­дал­ды деуге болар. Мысыр – саяси тұрғыда өте күрделі мемлекет. ХХ ғасыр бойы билік үшін әскерилер мен діни радикалдар күресіп өтті. Бұл арпалыс әлі де жалғасып келе­ді. Діни радикалдар дегеніміз –  «Мұ­сыл­ман бауырлар» атты тер­ро­ристік топ. Міне, осы әсіре дін­шілдер 1981 жылы Мысыр пре­зи­денті Әнуар Садатты әскери парад кезінде атып өлтіреді. Оның жанында тұрған вице-президент Мүбарак қолынан жараланады. Ел басшысынан айырылған соң билік марқұмның орынбасарына көшеді. Осылайша, әскери ұш­қыш ретінде талай соғысты бас­тан кешірген Хосни Мүбарак Мы­сыр президенті атанды. Сол кез­­де ешкім де оны 30 жыл ел би­лейді, өзі қарсы күрескен Израи­ль­мен тіл табысады деп бол­­жаған жоқ еді. Жаңа президент ішкі саясатта кейде қатаң шаралар қабылдаса, кейде кеңдік танытты. Мәселен, ол бірден елде төтенше жағдай жариялады. Бұл жағдай кейін 2012 жылға дейін созылды. Президент Мүбарак үзеңгілес серігі Садатты өлтіргендерді кешірмеді. Олар­ды өлім жазасына кесті. Біраз ради­кал­ды ұйымдардың көзін жойды. Алайда халықтың қолдауына ие болғысы келді ме, түрмеде отыр­ған жүздеген оппозиция өкіл­дері босатылды. Садаттың серіктерін биліктен тазалады. Мү­­барактың өзгелерден бір ар­тық­­­шылығы – ол өз коман­да­сына тиім­ді жақтас­та­рын жинай білген деседі. Ішкі саясатта ол бірнеше бағытты ұстанды. Соның бірі – армиядағы жоғары шенді әс­ке­рилердің ротациясын жиі жүр­­гізді. Себебі қайсыбірінің ық­па­лы тым артып кетсе, оны өз би­лігіне қауіп деп қарастырды. Бұдан бө­лек, діни радикализм және экс­тремизммен күресті жал­ғас­тырды. Ол Мысырдың ис­лам­да­нуына бөгет болуға ты­рысты. Ал 1967 жылы араб елдері Израи­льмен соғыс­та жеңілген соң Таяу Шығыста исламның саясилану тенденциясы қарқын ала бастады. Себебі мысырлықтар зайырлы ұлт­шылдықтың мүмкіндігі шек­теу­лі екенін көріп, мешіттен қол­дау табуға тырысты. Жалпы, Хосни Мүбарактың өміріне алты рет шабуыл жасалса да, ол әсіре діншілдермен бірде тіл табысты, бірде қатаң жазалады. Яғни, ішкі саясатта тепе-теңдікті сақтауға тырысты. Бірақ автократиялық режим­нен 30 жыл бойы бас тарт­қан жоқ. «Мысырдың соңғы перғауы­ны» сыртқы саясатта үлкен жетіс­тік­терге жеткен тұлға деп айтуға толық негіз бар. Суэц каналына иелік етіп, Азия мен Африканың түйіскен жерінде орналасқан соң бұл елге жасалатын қы­сым жо­ғары еді. Сол үшін көпвек­тор­лы бағытты ұстанды. Олай істе­меске амалы да жоқ еді. Ол Таяу Шығыстағы жанжалдарға араласпай, қайта оларға бітімгер­лік жасап, Мысырдың аймақтағы ық­палын арттыруға тырысты. Егер бұл өңірде Иран, Ирак, Сауд Ара­биясы секілді мемлекеттер бар екенін білсек, бұл өте күрделі мә­се­ле еді. Хосни Мүбарак билікке келі­сімен сыртқы саясатта өз елінің мүддесін қорғау үшін 1980-1988 жылдары болған Иран-Ирак соғы­сында Бағдадты қолдады. Бұл елге қару-жарақ жеткізіп тұр­ды. Өйткені бұл соғыста Иран жеңсе, шиизмнің ықпалы ар­тып кетуі мүмкін еді. Оның бұл ұстанымы бірнеше араб мо­нарх­тарының пікірімен сай келді. Алайда бұл соғыс аяқтала бастағанда Хосни Мүбарак пен Саддам Хусейн арасы суып кетті. Себебі Ирактың күшейіп келе жат­қанын көпшілігі білді, сезді. Ал Ирак 1990 жылы Кувейтті ба­сып алғанда ол Саддамның бұл агрес­сивті саясатын сынға алды. Кейін екі тарапты татуластыру үшін бірнеше сапар шекті. Бірақ Саддам Хусейн сөзінде тұрмаған соң БҰҰ әскері Иракқа кіруін амалсыз қолдады. Жалпы, Таяу Шығыстағы қақтығыстар, ондағы Мысырдың араағайындық рөлі­нен Мүбарактың саяси ықпалы да, абыройы да артты. Әлемдегі әрбір мемлекет үшін сыртқы саясатта АҚШ-пен қан­дай қатынаста болу қажет деген басты сұрақ туады. Әдетте, бұл мемлекетпен араны суытпаған абзал. Мүбарак тұсындағы Каир да осылай етті. Қос ел де бір-бірі­не қажет екенін түсінді. АҚШ Мы­сырды өз мақсатына қол­­да­­нуға тырысқанымен, Хосни Мү­­барак Вашингтонның ай­мақ­тағы қолшоқпарына айналғысы кел­меді. Мәселен, Амери­ка­ның Ауғанстанға шабуылын қол­да­са, Ирак пен Ливияға қарсы ба­ғыттал­ған интервенциясына қарсы шықты. Себебі өз ағайын­дары арабтардың өткір сынына ұшыраудан сескенді. Алайда Мы­сыр армиясының америкалық қару-жараққа тәуелділігі көп жағ­дайда АҚШ-тың шарттарына көнуге мәжбүр етті. Соның бірі – Израильмен қарым-қатынасын түзеу еді. Әрине, бұл саясаты үшін араб ағайыны Мысырды да, Мү­ба­ракты да кешірмеді. Алайда уақыт кейде ауыр жараны да жаза­ды екен. 1989 жылы ол елін Араб елдерінің лигасына қайта мүше етіп кіргізеді. Алайда Хосни Мүбарактың осын­шама жетістіктеріне қара­май, ел экономикасы тоқырады. Автократиялық режим өзгермеді. Мүбарактың өзі бірнеше рет қа­та­рынан референдум арқылы билі­гін ұзартты. 30 жыл бойы осы жағ­дайға шыдап келген Мысыр хал­қы 2011 жылы Каирдегі Тах­рир алаңына жиналып, оның биліктен кетуін талап етті. Ол үкіметті отставкаға жіберіп, вице-президент қызметін қалпына кел­тіріп, саяси қадамдар жаса­ға­ны­мен, халық оған көнбеді. Ақыры, президенттік «тақты» тастап кетті.   Нұрмұхамед БАЙҒАРА