Жолаушы көп, жүргізуші жоқ
Жолаушы көп, жүргізуші жоқ
1,013
оқылды
Қоғамдық көліктің уақытылы жүру мәселесі шешілмей тұрған Ақмолада енді жүргізушілердің тапшылығы байқала бастады. Автобус жүргізушісінің жоғынан Көкшетау қаласына іргелес елді мекеннің тұрғындары аялдамада қаңтарылып тұратын болған. Онда да автобустың келу-келмеуі екіталай. Келген күннің өзінде оған сыйып міну де кез келген жанға «бұйыра» қоймайды. Қаланың шеткері тұсында орналасқан элеватор ауданында былтыр Қылшақты өзені­нен өтетін көпірдің құрылысы жүргізілгенде жол жабылып, қоғамдық көлік қатынасы үзіліп алған. Көпір қайта іске қосылғанымен де бұл аудан тұрғындары автобусты әлі де болса сағаттап күтуге мәжбүр.
– Элеватор шағын ауданына жалғыз №13 автобус қана жүреді. Сағаттап күтеміз. Уақыт тығыз болғанда таксиге мінуге тура келеді. Емханаға күн сайын таксимен бару қалтаны қағады. Біздің ауданда 2 күннің бірінде емханаға баратын зейнеткерлер бар. Шынын айтқанда, олардың зейнетақысының жартысы таксиге кетіп жатыр. Кішкентай баласын да емханаға алып баратындардың жағдайы осы, – дейді қала тұрғыны Ильмира Искакова.
Өңірде автобус жүргізушілерінің тап­шы­лығы сезіле бастағанына біраз уақыт болған. Мәселен, Көкшетау қаласында­ғы автобус парктеріне 80 жүргізуші же­тіспейді. Қаладағы үш автобус паркінің қай-қайсысы да осы күйді кешіп отыр. Ресми дерекке сүйенсек, 2015 жылы Көкшетау қаласында бір уақытта 130 автобус жолға шықса, биыл жыл басында жолаушыларға тек 90 автобус қана қызмет көрсететін болған. Осыдан бірнеше жыл бұрын Көкшетау авто­бус паркі мемлекеттік-жекеменшік серіктестік шеңберінде 74 жаңа автобус сатып алды. Сол кезде алынған 10 автобус дәл қазір жүргізу­шілердің жоқтығынан тұ­рақ­та қаңтарылып тұр. Автобус паркі бас­шысы кадр автобус жүргізуге құқық бе­ретін D санатын беруге тым жоғары талаптың қойылуы себеп болғанын алға тартады.
– 2015 жылдан бері қолданылатын қоғам­дық көліктерге жүргізушілер әзірлеу ережесіне сәйкес D санатын алу үшін жүргізушілер кемінде 25 жаста болуы тиіс. Мұнымен қоса оның 5 жылдан кем емес жұмыс өтілі болуы талап етіледі. Ал D1 қосымша санатымен кемінде үш жыл шағын автобуста жүруі тиіс. Салдарынан автобус жүргізушілері қартая бастапты. Қазір автобус парктері жүргізу­ші­лерінің 45-і 63 жастан асқан. 105 жүргізушінің жасы 50-63 жас аралығында. 30 жастан 40 жасқа дейінгілердің саны бар болға­ны 22 адам. Ал 30 жасқа дейін ешкім жоқ, – дейді «Көк­шетау автобус паркі» ЖШС-ның президенті Әсия Шәрімова.
Автобус жүргізушілерінің өзі болса жас­тардың бұл салаға қызығушылық танытпауын жалақының төмендігі және жұмыстың тым ауыр болуымен байла­ныстырады.
– 1995 жылдан бері автобус жүргізіп келе­мін. Қалааралық, қала ішіндегі маршруттық автобустарды жүргізгенмін. Көкшетауда «СейНур» автобус паркінде қызмет еткенмін. Шынында да, автобус жүргізушілері жетіс­пейді. Жалақысы тым төмен. Жүргізушілердің басым бөлігінің жасы зейнет жасына жетіп қалғандықтан аз ғана жалақыны қанағат етіп жұмыс істеуге мәжбүр. Мен қазір Щучинск қаласындағы автобус паркіне ауыстым. Жүргізушілерге әлеуметтік пакет қарас­тырыл­мағандықтан жастар да келмейді. Сондықтан да кадр тапшылығы бар. Қазір жұмыс істеп жүрген жүргізушілердің көпшілігі бір-екі жылдан соң-ақ зейнетке шығады, – дейді автобус жүргізушісі Арыстан Өміралин.
Тасымалдаушылар түйінді мәселені шешу үшін қалаішілік және қалааралық бағыттар үшін автобус жүргізушілерге қойылатын талаптарды мейлінше жеңілдетуді ұсынды. Ал облыстық кәсіпкерлік палатасы жағдайды тиісті заңға өзгеріс­тер енгізу арқылы өзгертуге болады деп есептейді.
– Қазақстан Республикасының 2014 жыл­дың 17 сәуіріндегі «Жол қозғалысы туралы» №194-V заңына өзгерістер енгізу қажет. Қалаішілік бағыттарда 23 жас­тан бастап D санатты жүргізушілік куә­лігін алу мүмкіндігі қарастырылғаны жөн. Сонымен қатар D1 қосымша санатының болуы керек деген талапты да алып тастау тиіс. Қалалық автобус бағыттарында кемінде үш жыл өтіл қызмет еткеннен кейін қалааралық бағыттарда жұмыс істеу­ге рұқсат ету қажет, – дейді Ақмола облыстық кәсіпкерлер палатасы дирек­торы­ның орынбасары Расул Сыздықов.
Жүргізуші тапшылығынан қоғамдық көлік қатынасы саласындағы мәселелерді одан әрі ушықтыра түскендей. Автобусты сарыла күткен жұрттың жүйкесі сыр бере бастағандай. Бірақ жауаптылар да, автобус парктері де мәселенің жуық арада шешіле қоймайтынын ашық мәлімдеді. Егер бар мәселе қолданыстағы заңға байланысты болса бірер күнде қызметіне кірісетін Мәжіліс депутаттары алғашқы отырыстан осы мәселеге назар аударса құба-құп.

Ақмола облысы