Қалам ұшындағы құпия
Қалам ұшындағы құпия
2,173
оқылды
Біз жазушы қаламынан шыққан кітаптарды оқимыз. Оқиғасына қызығамыз. Жан дүниемізге әсер еткен кейіпкерлерге еліктейміз. Ұқсап баққымыз келеді. Кітапқа құмар әр адам оқыған туындыларын өмір бойы жадынан шығармай жүретіні тағы бар. Ал сол жазушының өмірі туралы не білеміз? Оның қалам ұшындағы айтылмай, жазылмай кеткен құпия сырларына үңіліп көрдік пе? Балалық кезең. Алтыншы сы­ныпта оқитын кезім. Кітапқа қызығатынымды білетін әпкем бір демалысында Алматыдан кітап әкеп берді. «Жасыл белес» деп аталады. Жатсам да, тұрсам да әлгі кітапты құшақтап, қолымнан тастамайтын едім. Мектеп бітір­генше бірнеше қайталап оқыдым. Авторын да жаттап алғам. Есім-сойы – Рахметолла Райымқұлов. Сол кітапты тоз-тозы шыққанша қолымнан тастамадым. Қалам­гермен алғаш осылай сырттай та­нысқан едім. Кейін бүкіл кітап­та­рын сүйсініп оқыдық. Өмірбая­ны­на қанықтық. Өмірбаян демекші, ол кісінің балалық шағы өте ауыр болған. Анасынан ерте айырылып, қиындықтарға мойымастан оқуға, жаңа дәуірге ұмтылған он үш жасар Рахметолланың үлкен қадамы Ташкент қаласынан басталған. Бас­тауыш класты Бостандық ау­даны Қараманас ауылында мол­дадан сауат ашып, аудан орталы­ғындағы мектепті бітіргеннен ке­йін жалаңаяқ туған ауылынан сол тарихи жылдардағы шығыс әде­биетінің астанасы атанған Таш­кентке жаяу барады. Ол жерде оқуын 1933 жылы аяқтайды. Өзі оқыған мектепке мұғалім болып барады. Әдебиетке де ептеп қалам тарта бастағаны сол кездері болса керек. Жас маманды аупарткомның ұйғарымымен аудандық «Алға» газетінің редакторы етіп тағайын­дайды. 1937 жылы жазушы өзінің досы Әнуарбек Үмбетбаевпен бірге тауар пойызына отырып, Ал­матыға жетеді. Қаламгердің әдеби ортадағы өмірі осылай басталған. Майданда жазылған өлеңдер «Өзің туралы жазудан қиын нәрсе жоқ екен. Расында, не жазу­ға болады? Бір сөзді бастай берсең-ақ, ойыңа мынауың мақтан емес пе? – деп құлағыңа әлдекім сы­бырлап тұрғандай, өзіңнен өзің ұяласың да, қалам-қағазды тастай бере, орныңнан тұра жөнелгің келеді. Бірақ осы кезде бір күш сені желкеңнен басып еріксіз отыр­ғы­зады. Жазбауға әддің қалмайды. Ол күш – жазып берейін, жіберейін деп уәде еткен адамың. Өйткені ол сеніп, күтіп отыр. Алдауға хақың жоқ». Бұл – Рахметолла Райым­құловтың өзі туралы жазбасы. Биыл жазушының дүниеге кел­геніне 110 жыл толды. Сонау «Тү­йелі адамнан» бастап оқыған жазушының өмір жолы бізге де қызық болғаны рас. Ара-тұра шы­ғармаларын қайталап оқып қоя­тыным бар. Бірақ қаламгердің өзі туралы не білеміз? Бізді қызық­тырғаны да осы еді. Жазушының қызы, белгілі композитор, Роза Бағланова атындағы «Қазақ­кон­церт» мемлекеттік концерттік ұйы­мының директоры Ақтоты Райымқұловамен әкесі туралы сырластық. Толғанысын да жасыр­мады. Өткен шақтарға бірге сапар шеккендей болдық. Рахметолла Райымқұлов ...Әкем 1913 жылы 11 мамыр күні Ташкент облысы Бостандық ауданы Қараманас ауылында дү­ниеге келген. Совет үкіметі кезінде Жданов колхозы атанған. Кейін Абай колхозы болып ауысты. Бала кезінде ауыл молдасынан сауат ашқан, кейін Ташкент қала­сын­дағы қазақтың педагогикалық техникумына оқуға түседі. Оны 1933 жылы бітіріп, Ташкент облы­сының баяғы өзі төрт кластық білім алып кеткен Жоғары Шыр­шық ауданына мұғалім болып ба­рады. Қазір мемлекеттік архивтен әкеме қатысты керемет-керемет фотосуреттерді тауып, қуанып жатырмын. Ол суреттердің бәрі әкемнің жас кезінен сыр шертеді. Менің анам Мәкиза – Зейін Шаш­киннің қарындасы. Өзі филолог, ағасы туралы жазбалардың бәрін жинақтап, зерттеп, кітаптарын жиып, мұрасына ие болып отырды. Әкем соғысқа қатысқан адам. Бала кезімізде соғыс туралы сұраға­нымда «Соғысты көрмей-ақ қо­йыңдар. Ол туралы мен де ештеңе айтпай-ақ қояйын» деп отыратын. Сол соғыс жылдарында жазған жаз­балары қолжазба күйінде мем­лекеттік архивте сақталған екен. Оның көбі майдан даласынан жаз­ған өлеңдері. Ол өлеңдердің бәрі бұрын-соңды еш жерде жария­ланбаған тың дүниелер. Әкем со­ғысқа 1941 жылдың күзінде аттан­ған. Елге 1946 жылдың қаңтарында қайтқан екен. Әуелі батыс май­данында болған. Кейін әкемнің полкін шығыс майданына жібер­ген. Берлинге дейін барып, елге орал­ған. Соғыс тақырыбында әкем­мен көп сөйлесе бермейтінбіз. Ол кезде тым кішкентай болған­дықтан, бұл тақырыпқа көп бара бермейтін. Есесіне, атам (анамның әкесі) Дайырбай Шашкин көп әңгімелейтін. Ол кісі соғыс арда­гері. Соғыс басталған алғашқы күн­нен майданға аттанған. Ле­нинград (Санкт-Петербор) түбінде полк қырылады да, сол жерде жа­раланып, үш күн жалғыз қалып қояды. Бір кішкентай орыс қызы атамның ыңырсыған дауысын ес­тіп, құтқарушыларды алып барады. Ол кезде елге атамның өлгені ту­ралы қаралы қағаз келіп қойған. Әжем мен анам қырқын да береді. Бір күні анам мектептен келе жат­са, анасының аңыраған дауысын естиді. Жүгіріп үйіне жетсе, әжем­нің қолында хат тұр дейді. Со­ғыс­тан келіпті. Атамның қолы емес, басқа кісінің жазуы. Хатта тірі екенін, госпитальда жатқанын жа­зыпты. Сөйтіп, атам да 1945 жыл­дың тамызында елген оралған. Келгеннен кейін де соғыста алған жарақаты қайта қозып, ұзақ өмір сүрмеген. Анамның өмірі де жеңіл болмаған. Халық жауының ұрпағы болып, көп қиындық көрген. Аш­тық жылдарында анамды аман алып қалу үшін балалар үйіне өткізген. Әжем анамды сегіз жаста деп, алты жасында өткізген екен. Ең құрығанда, кішкентайын сақ­тап қалайын деген ойы болса ке­рек. Тіпті, ол кісіні аман алып қалу үшін Шашкин деген фамилиясын өзгертіп, Теміржанова деп өткіз­ген. Теміржан деген әжеміздің есімі. Ұзақ жылдардан кейін ғана Шаш­кин деген фамилиясын ақ­тап алды. Басқаның қанатымен самғап ұша алмайсың... ...Әр әулеттің биік тұтатын адамы болады. Менің анам үшін Зейін ағасының орны бөлек еді. Анам 17 жасында тұрмысқа шық­қан. Екі балалы болған. Тұңғыш ұлының аты – Амангелді. Одан кейін әпкем бар. Өнерге, әдебиетке өте жақын болды. Күйеуі өзінен жасы үлкен кісі болыпты. Ерте же­сір қалған. Анам әкеммен та­ныс­қанда Алматыдағы Шығарма­шылық үйінің директоры болып жұмыс істейтін кезі екен. Онда ақын-жазушылардың бәрі Шы­ғарма­шылық үйіне жиі барады. Анам өте сұлу кісі болған. Анамды көру үшін кей ақын-жазушылар әдейі барады екен. Әкем – таби­ға­тынан сабырлы, біртоға кісі. Анам­ды бір көргеннен ғашық болып қалады. Атам да анама: «Жалғыз жүре берме. Әлі жассың. Тұрмысқа шық» деп айтып отырады екен. Әкем де анама жолыққанға дейін отбасылы болған. Балалары бол­маған. Сол себепкер болды ма екен, әкем бірінші әйелімен ажы­расады. Ол кезде заман басқа. Ажы­расқаны үшін ол кісіні пар­тия­дан шығарады. Анам екеуі 1962 жылы отбасын құрады. Екі жылдан кейін мен өмірге келдім. Әкем алғашында тіпті сенбепті. «Балалы боламын» деп ойламаса керек. Партиялық кеңесте жолдаста­ры­ның бірі араша түсіп: «Адам баласы өмірге бақытты боламын, ұрпа­ғымды көремін деп келеді. Бала­ларын тастап кетіп жатқандар да бар. Бұл кісі махаббатпен үйленді, сәби сүйейін деп отыр. Неге қия­нат жасайсыздар?» деп, әкемнің партиялық билетін қайта қалпына келтіреді. Мен өмірге келгенде әкем анама: «Ұл бала болса, көз тиіп қалар еді. Одан да қыз туғаның дұрыс болды» деп жиі айтады екен. Жасы ұлғайғанда туған мені Ақто­ты деп ырымдап қойыпты. «Тоты құстай түрленсін!» дегені шығар. Үнемі басымнан сипап отырып: – Өз қанатың болмаса, бас­қаның қанатымен самғап ұша ал­майсың, қызым! – дейтін еді. «Өзі­ңе сен» деген тілегі болар. Мен туғанда атымды Зейін аға «Айжан» деп қойғысы келген екен. Әкем ке­шірім сұрап: «Зейін аға, енді ме­нің балам бола ма, болмай ма, білмеймін. Өзімнің сүйікті кейіп­керім бар еді, рұқсат етсеңіз, қы­зымның атын Ақтоты деп қоя­йыншы» депті. Зейін ағаның қыз­дары мені «Айтоты» деп еркелетеді әлі күнге дейін. Рахметолла Райымқұлов отбасымен Одақтағы қызықты күндер ... Балалықтың балдай тәтті күн­дері әлі күнге есімнен кеткен емес. Таңертең ұйқымнан асықпай тұ­рамын. Әкем екеуміз шәй ішіп аламыз. Анам ол кезде жұмысқа кетіп қалады. Папам менен: «Ба­лабақшаға барасың ба, Одаққа ма?» деп сұрайды. «Одаққа» дей­мін. Жұмысы сағат 10-да баста­латын. Қолымнан ұстап алады да, асықпай аяңдап, Одаққа келеміз. Сәбит Мұқанов, Ғабиден Мұста­фин, Ғабит Мүсірепов және тағы басқа кіл классиктердің бәрі сонда отырады. Сырбай аға, Хамит аға, Ғафу ағаны жақсы білемін. Ол кісілер әкемнің жан жолдастары. Мұқағали аға үнемі мені мойнына отырғызып алатын. «Рахаңның бір тал гүлі» деп еркелететін. «Әкесінен аумайды» десе, папам оған мәз болатын. Мұқағали аға асханаға алып келіп, компот алып беретін. Бес-алты стақанға бірден тапсы­рыс береді. Артымыздан әкем ке­летін. Екеуі ұзақ әңгімеге көшетін. Мен жандарында жүгіріп, ойнап кетемін. Асханадан шығып, сая­баққа баратын. Ағалардың бәрі бірге жаяу жүреді. Әңгімелері ортақ – әдебиет туралы. Бала ке­зімде не әңгіме айтып жатқанда­рына көп мән бермейсің. Құлды­раңдап қастарында ойнап жүремін. Сосын әкем екеуміз кітап дүкеніне баратын едік. Өзіне, сосын маған кітап сатып алатын. Мұқағали аға әкемнің «Түйелі адам» повесі ту­ралы рецензия жазыпты. Папама деген сүйіспеншілігі шығар, «адам­дардың жан дүниесін іс-қи­мылдары арқылы шебер де жатық тілмен жан-жақты көрсетеді. Ра­йымқұловтың тілі оралымды, өзіндік үн-сазы бар. Шектен тыс сөзбұйдалық пен орынсыз ділмар­лық жоқ» деп баға береді. Батыр Бауыржан аға Момышұлы да әкем­мен жақсы дос болды. Әзілхан Нұршайықов аңыз кітабы «Ақиқат пен аңызды» жазуына Рахаң се­бепкер болды» деп айтатын. Әкем ол кезде «Социалистік Қазақ­стан­да» жұмыс істейтін кезі. Бауыржан ағадан сұхбат алуға келісіп, жур­налистерді жіберсе, сұрақтары ұнамай, қуып шығады екен. Содан бір күні Әзілхан ағаны жібереді. Ол кісі сұхбаттың қалай басталғанын романында баяндап жазды. Па­памның жанында жастар көп жүр­ді. Смағұл Елубай ағаның бірде: «Мені жазушы қылған – Рахаң» деп айтқаны бар еді. Әкем іссапарға жиі шығады. Сондай сапарла­ры­ның бірінде Смағұл ағаның ауы­лына барыпты. Әкем сол үйде қо­нақ болады. Смағұл ағаның әкесі: «Менің балам да бір нәрселерді шимайлап жүреді. Жазғанын қа­раңызшы» деп айтыпты. Сөйтіп, Смағұл ұялыңқырап, жазып жүр­ген дәптерін әкеп, әкемнің қолына ұстатады. Жазғандары көңілінен шыққан болуы керек, сонда әкем: «Алматыға кел. Журналистика факультетіне оқуға түсесің. Біздің үйге кел» деген екен. Әкемнің сол сөзі қанаттандырса керек, Смағұл аға Алматыға келіп, оқуға түседі. Бірақ әкеме жолығуға бата алмап­ты. Әкем жастарға көп қолдау көр­сетті. Екі бөлмелі пәтерде тұ­рамыз. Соған қарамастан, үйден адам үзілмейтін. Әсіресе, ауылдан келетін жастарға толып кететін. Кімнің баласы, қандай ру, оны әкем сұрамайтын. «Менің атымды атап келді ме? Менің есігім ашық» деп айтатын. Жаз басталса, біздің үйіміз кісіге толып кететін. Анам да қабақ шытпайды. Қалада тұрсам да, А.Жұбанов атындағы өнер мек­тебіне апарды. Ол кезде мектеп-интернатта тек ауылдан келген балалар оқитын. Әкем бар, тағы бірнеше кісі бірігіп, Қонаевқа хат жазады. Хатында балаларын өнер мектебіне оқытқысы келетін ай­тады. Сол хаттың арқасында бізге рұқсат беріпті. Әкем қайтыс бола­рының алдында үш бөлмелі пә­терге көштік. Әкемнің өлімі де жұмбақ күйінде қалды. Соғысқа қатысқан адам, жарты жыл сайын ем қабылдайтын. Сол жолы да әдет­тегідей профилактика үшін ау­руханаға жатқан еді. Күндіз анам екеуміз дәмді тамағымызды алып, әкеме бардық. Ауруханада Дара­баева дейтін мықты академик дә­рігер болды. Әкемнің палатасында сол кісі отыр екен. Жылы жымиып, жақсы қарсы алды. «Бәрін тексеріп шықтым. Бәрі дұрыс. Келесі апта үйге шығады» деп бізді де кө­ңіл­дендіріп қойды. Әкемнің жанында кешкі тоғыз жарымға дейін отыр­дық. Кезекші дәрігер келіп, «Кеш болды. Үйге қайтыңыздар. Ол кі­сіге екпе салуымыз керек» деді. Тура сол күні дәрігерлер күні екен. Кезекші дәрігерден өзге ешкім жоқ. Бәрі мерекені тойлауға кетсе керек. Біз әкеммен қоштасып, жа­яу­латып үйге қайттық. Аурухана мен үйдің арасы аса ұзақ емес, 20 минуттай ғана жер. Үйге келсек, телефон шырылдап жатыр екен. Жүгіріп барып алып едім, «анаңды шақыршы» деді. «Рахметолла Ра­йым­құловичтің жағдайы ауыр. Реанимацияға алып кетті» деді. Жүгіріп барсақ, кешігіп қалыппыз. Әкемнің демі үзіліп кетіпті. «Ин­фаркт» деген диагноз қойыпты. Ертесіне Дарабаева ұрыс шыға­рыпты. «Инфаркт болуы мүмкін емес. Алдын ала белгілері болуы керек еді» депті. Анам кейін «ек­пені дұрыс салмады-ау» деп кү­мәнданып жүрді. Амал не, әке­мізден солай айрылып қалдық... Бір жылда атам, әжем, артынан әкем қайтыс болды. Үш бірдей жақынынан айрылу анама оңай болған жоқ. Қиын шақтарда әкем­нің жан жолдастары анамның жа­нынан табылды. Әсіресе, Ғафу аға, Сырбай аға, Қасым Қайсенов аға­лар жиі хабарласып, халімізді біліп тұратын. Қасым аға кейде ана­ма қоңырау шалып: «Мәкиза, дайындал. Кеңсайға Рахаңа барып қайтамыз» дейтін гүрілдеген да­уыс­пен. Көлікті өзі жүргізеді. Ба­тыр кісі ғой. Коммунистік жур­на­листер институтында Амангелді Мұсабаев, Хамза Абдуллинмен бірге оқыды. Хамза ағаның тағды­ры қиын болғанын жақсы білеміз. Ол кісі «Түркістан» легионында болған, кейін кеңес түрмесінде жантүршігерлік азапты бастан кешірген адам. Ол кісі өзінің аянышты тағдыры туралы көп баяндай бермейтін. Біраз уақыт отбасымен біздің үйде тұрды. Әкемнің жанында жүрген әрбір жанның бейнесі менің жадымда сақтаулы. Олардың көбі қазір о дүниелік болып кетті. Бала болсам да, әкемнің жан жолдастарының құрметі, ықылас-пейілін сезініп өстім. Әкемнің көзі тірісінде бүкіл шығармасы жарық көрген жоқ. «Қара жорға» дейтін романы кейін шықты. Таңдамалы жинағы шық­ты. Ақтоты апай әкесі туралы әдемі естелігін осылай түйіндеді. «Рах­метолла Райымқұлов ұлттық таным, ұлттық сипат тұрғысынан қалыптасқан жазушы болатын. Ұлттық сапасы жоғары, шұрайлы қазақ тілін бойына сіңіріп өткен қаламгер еді» дейді Мұхтар Ма­ғауин. Оның қазақ журналисти­касына сіңірген еңбегі де жоғары. Ал драматургиясы – бөлек әңгіме. Бірақ біз бір дүниені ұмытқан се­кілдіміз. Ол – сатиралық шығар­малары. Сатирик Көпен Әмірбек «Бір тал үкі» жазбасында: «Елуінші жылдардың соңына таман саяси-сатиралық «Ара-Шмель» журналы жарық көрді де, әзілсүйер әлеу­мет­ті баурап, ауыл-ауылды аралап кет­ті. Таралымы көп «Араны» да асы­ға күтеміз. Күндердің күнінде, Рахме­толла Райымқұловтың әзіл әңгіме, скетч, сынадай қағылған сын-сы­қақ, өткір фельетондары жиі жа­риялана бастады. «Е, бұ кісі сықақ та жазады екен ғой» деп таңырқап, журналдың редакция алқасы мү­шелерінің тізіміне үңіл­дік. «Ара­ның» алғашқы редакторы Ғабит Мүсіреповтің қатарында Дмитрий Снегин, Темірбек Қожа­ке­евтен ке­йін Рахметолла Ра­йым­құловтың да аты-жөні тұр екен. Қызығу­шы­лығымыз одан сайын артты. Мірдің оғындай мысқыл­да­ры мен ойып түсер оспақтарын із­деп жүріп оқи бастадық» деп жазады.  
P.S. Осы күнгі жастар жазушы Рахметолла Райымқұловты білмеуі мүмкін. Кітаптарын оқымаған да шығар… Алайда Рахметолла Райымқұлов артына Ақтоты Райымқұловадай керемет өнер иесін, көркем мінезді, ибалы, өнегелі, жаны жайдары жауқазынды қалдырып кеткенін екінің бірі біле бермес. Жазушы қаламынан туған шығармаларды перзентке балайтынымыз бар. Райымқұлов кітаптары бір перзент болса, оның төл перзенті Ақтоты Рахметоллақызы қазақ өнеріне қалтқысыз қызмет етіп келе жатыр. Адамдық бақыт шын мәнінде осындай-ақ болар!