Ойыл ауданында әзірге күрделі жағдай байқалады. Бұл туралы Ақтөбе облысының Қобда және Ойыл аудандарындағы жағдаймен танысқан Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин мәлімдеді. Ақтөбе облысына жұмыс сапары барысында Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин мен Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов әуеден барлау жұмысын жүргізіп, ағымдағы жағдаймен, сондай-ақ Ақтөбе облысының Қобда және Ойыл аудандарында су тасқыны салдарын жою бойынша жүргізіліп жатқан авариялық-құтқару және шұғыл жұмыстармен танысты. Жұмылдырылған күштер мен құралдардың көмегімен 400-ден астам адам жедел және алдын ала эвакуацияланды, олар туыстарына және эвакуациялық пункттерге орналастырылды. 140 адам үйіне оралды. 4 мыңнан астам мал қауіпсіз жерге айдалды.
– Біз зардап шеккен аудандардың жағдайын әуеден барлау жұмысын аяқтадық. Қазіргі уақытта Ойыл ауданында әзірге күрделі жағдай байқалады. Ойыл ауданының елді мекенінен еріген қар суын жеделдетіп өткізу үшін инженерлік техника, құрылыстар тосқауылдарының бұзылуы бағытында шешім қабылданды. Жергілікті атқарушы органдардың бағалау комиссиясы оқиға орнында жұмыс істеп жатыр, ол жақын арада азаматтардың мүлкі мен келтірілген залалды бағалау бойынша өз жұмысын аяқтайды. ТЖМ бөлімшелері мен жергілікті атқарушы органдардың жұмысы барлық үй иеліктерінен су сору толық аяқталғанға дейін жалғасады. Жағдай бақылауда. Жағдайдың күрделенуі байқалмайды. Алдағы 10 күнде облыстың барлық дерлік солтүстік аудандарында қар еріп кетеді, әзірге су ағынының мұндай жоғары деңгейі күтілмейді, – деді Юрий Ильин.Сонымен қатар әуеден барлау барысында Ақтөбе су қоймасының төменгі ағысына тексеру жүргізілді. Облыстың екі ауданында авариялық-құтқару және шұғыл жұмыстарға, су тасқыны салдарын жоюға ТЖМ құтқару бөлімшелерінің, жергілікті атқарушы органдардың, ІІМ және облыстың басқа да мүдделі құрылымдарының жеке құрамынан 900-ге жуық адам, су сору құралдарын қоса алғанда 650 техника жұмылдырылды. Жалпы, Ақтөбе облысы бойынша су тасқыны кезеңі басталғанға дейін жүргізілген су өткізгіш құбырларды орнату, арық жүйесін тазарту, қар шығару бойынша су тасқынына қарсы алдын алу іс-шаралары су тасқыны қаупін азайтуға ықпал етті. Қазір жүргізіліп жатқан инженерлік және басқа да жұмыстар температуралық фонның күрт жоғарылауымен және топырақтың максималды қату көрсеткіштері жағдайында қардың күрт еруімен байланысты күрделі гидрометеорологиялық жағдайларда жағдайды тез тұрақтандыруға ықпал етеді. Бір тәулік ішінде Байғанин, Ырғыз, Мәртөк, Мұғалжар, Ойыл, Темір және Шалқар аудандарында инертті материал салынған қаптар төсеу жұмыстары жүргізілді. Барлығы инертті материал салынған 10 000-нан астам қап төселді, шамамен 30 000 текше метр су сорылды.