Петропавлда қоғамдық көлікте жүру – тегін
Петропавлда қоғамдық көлікте жүру – тегін
629
оқылды
Солтүстік Қазақстан облысында 384 мыңнан астам сайлаушы өз таңдауын жасамақ. Өңірде 631 сайлау учаскесі бар. Оның 97-сі Петропавл қаласында орналасқан. Бүгін барлық сайлау учаскелері таңғы сағат 07:00-де ашылды. Бірақ комиссия мүшелері таңғы 6-дан жұмысқа келіп, дайындықты пысықтады. Дауыс беру жәшіктері байқаушылардың көзінше жабылды. Өмірінде алғаш рет дауыс беретіндер үшін естелік сыйлықтар қарастырылған. Әр учаскеде шамамен 5-6 адам биыл бірінші рет өз таңдауын жасап, сыйлыққа ие болмақ. Сондай-ақ кейбір учаскелерге таң сәріден бірінші болып келген сайлаушыларға да кішігірім сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар бүгін Петропавлда және қала маңында қоғамдық көліктерде жүру тегін. Петропавл қалалық әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, тұрғындар сайлау учаскелеріне жете алуы үшін қоғамдық көліктер бүгін кешке дейін оларды ақысыз тасымалдайды. Сайлау күнін солтүстікқазақстандықтар мереке ретінде қабылдауда. Көптеген сайлау учаскелерінде концерт, жәрмеңке, қолөнершілер көрмесі ұйымдастырылған. Кей жерлерде ыстық бауырсақ пен палау таратылып жатыр. Парламент Мәжілісіне және мәслихаттарға депутаттыққа түсіп жатқан 14 207 кандидаттың 556-сы – солтүстікқазақстандық. Соның ішінде 325-і – ер адам, 231-і – әйел. Солтүстік Қазақстан облысында сайлау барысын саяси партиялардан 257, тәуелсіз 516 және халықаралық 15 байқаушы бақылайды.