Солтүстік Қазақстан тұрғындарының шамамен 33 пайызы өз таңдауын жасады
Солтүстік Қазақстан тұрғындарының шамамен 33 пайызы өз таңдауын жасады
Фото: qazaly.kz
772
оқылды
Петропавл қаласындағы 97 сайлау учаскесінің бірі Ғабит Мүсірепов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында орналасқан. №577 сайлау учаскесіне 1615 дауыс беруші тіркелген. Учаскеде сайлау комиссиясының жеті мүшесі сайлаушыларды қабылдауда. Мұнда таңғы сағат 07:00-ден бастап дауыс берушілер легі ағыла бастады. Жүріп-тұруға жарамайтын тұрғындардан өтініштер қабылдануда. Сайлау жәшігі олардың үйіне апарылатын болады. Әлихан Бөкейханов атындағы №25 орта мектепте орналасқан №611 сайлау учаскесінде де сайлаушылардың белсенділігі жоғары. Ел өміріндегі маңызды саяси шарадан тыс қалғысы келмеген дауыс берушілер таң сәріден сайлау учаскесіне ағылды. Кейбіреулер балалары мен немерелерін ертіп келген. «Өскелең ұрпақ осындай оқиғалардың маңыздылығын түсініп, оған өзінің де қатысы барын ұғынуы үшін  бұл тамаша тәрбие құралы деп білемін. Біз сайлауға әрдайым бірге барамыз. Барлық сайлауда дауыс береміз. Өйткені еліміз өсіп-өркендегенін, қала ғана емес, ауылдар да дамығанын қалаймыз. Әлеуметтік мәселелер де оң шешімін тапса екен дейміз. Ең бастысы, депутаттар халықтың сенімін ақтаса болғаны», – дейді ерлі-зайыпты зейнеткерлер Құрмаш және Ырысты Нұрпейісовтер. Сағат 12:00-ге дейін солтүстікқазақстандықтардың шамамен 33 пайызы өз таңдауын жасап үлгерді. Олардың арасында облыс әкімі Айдарбек Сапаров та бар. Өңір басшысы зайыбымен бірге келіп, Петропавлдағы облыстық балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығы орталығында орналасқан № 595 сайлау учаскесінде өз таңдауын жасады. Бұл сайлау учаскесіне тіркелген адамдардың саны – 1338. Сайлау учаскесінің төрағасы Қанат Сәдуақастың айтуынша, тіркелгендердің төртеуінің – мүмкіндігі шектеулі, оны – тыл еңбеккері, жетеуі – туған күн иелері және 65-і – алғаш рет дауыс берушілер. Оларға сыйлықтар қарастырылған. Биылғы сайлаудың ерекшелігі – аралас сайлау жүйесі бойынша өтіп жатқанында. Әрбір петропавлдық дауыс беруші бес бюллетень бойынша өз таңдауын жасайды. Оның екеуі бойынша – Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының, біреуі – Петропавл қалалық мәслихатының депутатын таңдау үшін. Тағы екі бюллетень бойынша Парламент Мәжілісінің болашақ депутаттары сайланады. Айта кету керек, Солтүстік Қазақстан облысынан Мәжіліске он үміткер бар. Солтүстік Қазақстан облысы