Қазақстанда өтіп жатқан Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлау процесі демократиялық қағидаларға сәйкес өтіп жатыр, – деді сайлауды бақылау үшін Түркиядан арнайы келген халықаралық байқаушы Мехмет Сувер.
«Marmara Group» қорының басшысы Мехмет Сувер сайлаудың өту барысын жоғары бағалады.
– «Астананың суығына қарамастан түске дейін 10 сайлау учаскесінде болдым. Өзім болған учаскелерде сайлаушылардың көптеп келіп жатқанын көрдім. Сайлау демократиялық қағидаларға сай өтіп жатыр. Әсіресе, жастардың белсенділігі мені қуантты. Алғаш рет сайлауға қатысып жатқандарға сыйлықтар берілді. Бұл да мен үшін күтпеген тосынсый болды. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан сайлаушылар белсенділік танытып, елдің демократиялық дамуына үлес қосып жатыр» – деп атап өтті ол.
Сербиядан келген Халықаралық саясат және экономика институтының Еуразиялық зерттеулер орталығының басшысы Душан Пророкович те жастардың белсенділігін ерекше атап өтті.
– «Дауыс беруге келген сайлаушылардың көбі жастар. Олар бюллетеньмен суретке түсіп, әлеуметтік желіге жариялап жатыр. Мұны челлендж деп айтуға болатын сияқты. Осылайша достары мен басқа да азаматтарды дауыс беруге шақыратын тәрізді, – деді ол.
Шетелдік байқаушылар Қазақстан азаматтарының сайлауға креативті көзқараспен қарауын халық пен биліктің ашықтығының көрінісі деп түсіндірді.
– «Сайлау учаскелеріне дауыс берушілер ұлттық киіммен келіп жатыр. Сонымен қатар волонтерлердің мерекелік көңіл күй сыйлауы да ерекше әсер қалдырды. Осындай тарихи сәтті есте қаларлықтай өткізіп жатқан қазақ халқы келешекте жетістікке жетері анық. Өзге мемлекеттерде байқаушы болсақ та, Қазақстан ерекше есте қалады, – деді Италиядан келген Жерорта Теңізі еуразиялық зерттеулер қауымдастығы директорының орынбасары Стевано Верноле.