Халықаралық байқаушыларға қолғабыс көрсету орталығында Қырғызстан мемлекетінің өкілдері бүгінгі елімізде өтіп жатқан сайлау барысында ешқандай олқылық болмағанын айтты.
Қырғызстанның Жогорку Кенеш депутаты, Қазақстанмен ынтымақтастық жөніндегі депутаттық достық тобының жетекшісі Кундузбек Сулайманов сайлау процесі жайлы пікір білдірді.
«Сайлау еш қиындықсыз өтіп жатыр. Қазақстандағы сайлау өткізу мәдениетіне қарап, нағыз демократия атмосферасын сезіндік. Енді тек жұмыстың сәтті аяқталуын тілеймін. Қазақстан азаматтарының сайлауға көбірек қатысып, шетте қалмауы қуантады. Ешқандай кемшілік көрген жоқпыз», – деді Кундузбек Сулайманов.
Қырғызстан СІМ жанындағы Дипломатиялық академияның Халықаралық қатынастар және құқық кафедрасы профессорының міндетін атқарушы Ирина Оролбаева да сайлаудың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті.
«Барлығы тыныш әрі стандартқа сай өтіп жатыр. Адамдар қызығушылықпен, белсенді түрде келіп жатыр. Бұл жолғы дауыс беру процесі өте күрделі. Себебі мәслихат пен Мәжіліс депутаттарын сайлау қатар өтіп жатыр. Соған қарамастан адамдар сайлау комиссиясы мүшелерінің көмегіне жүгінбей, өз бетінше дауыс берді. Бәрі саяси сауатты. «Бәріне қарсымын» нұсқасының қосылғаны да ерекше жаңалық. Бұл – үлкен өзгеріс. Алайда кез келген өзгеріс жастар мен халықтың азаматтық ұстанымына байланысты», – деді Ирина Оролбаева.