Қасиетті Рамазан айының қарсаңында еліміздің Бас мүфтиі, Наурызбай қажы Тағанұлы кәсіпкер азаматтарды әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен азық-түлік бағасын мүмкіндігінше 10 пайызға дейін төмендетіп, жеңілдік жасауға шақырған болатын.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасы басшысының орынбасары, наиб мүфти Кенжеғали қажы Қоңыратбайұлы мен Алматы қаласының Бас имамы Төлеби Оспан айтты.
«Еліміздің Бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы хазрет кәсіпкер азаматтарды, сауда орталықтарының басшыларын қасиетті айдың құрметі үшін халқымыздың тұрмыс жағдайын ескеріп, әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен азық-түлік бағасын мүмкіндігінше 10 пайызға дейін төмендетіп, жеңілдік жасауға шақырған үндеуіне алматылық кәсіпкерлерді үн қосуға шақырамын», - деді Кенжеғали қажы Қоңыратбайұлы.
Осы сәтті пайдалана отырып, спикерлер қасиетті Рамазан айында арақ-шарап ішілмесе және дүкендерде сатылмаса, мүмкіндігінше құдайы астар кешкі ауызашар уақытында өткізілсе деген тілектерін жеткізді.
Өз кезегінде Орталық мешіттің наиб-имамы осы айда сауапты істер жасап, жекелей алғанда, мүмкіндігінше халыққа жеңілдіктер жасауға шақырды.
Естеріңізге сала кетейік, биыл қасиетті Рамазан айы Наурыз мерекесімен тұспа-тұс келіп отыр және ол наурыздың 23-де басталады. Осыған байланысты, қаланың төрт мешітінде арнайы мерекелік, қайырымдылық іс-шаралар өткізіледі.