«62 жылдан соң қайта келдің...»
«62 жылдан соң қайта келдің...»
984
оқылды
«Сан ғасырлар сән берген даламызға  Өзгеше бір әні едің байтақ елдің. Сәлем, Наурыз! Сен біздің арамызға Алпыс екі жылдан соң қайта келдің...» «Лениншіл жас» газетінің 1988 жылғы 26 сәуірдегі санында ақын Мұхтар Шаханов ұзақ жылдар бойы тойлауға тыйым салынып келген ұлық мерекенің оралуын жұртшылыққа осылай сүйіншілеген екен. Біз сол жылғы сәуірде шыққан қазақ басылым­дарындағы Наурыз мейрамы жайлы алғашқы ха­барларға шолу жасап шықтық.   Ұзынағаш пен Алматыда басталған ұлы той 1926 жылдан кейін тұңғыш рет Наурыз мейрамы республикада 1988 жылдың 23 сәуірінде Ұзынағашта, 24 сәуірінде Ал­ма­тыда атап өтіліпті. Іс-шара жайындағы ма­териалдарды «Социалистік Қазақтан» мен «Лениншіл жас» газеттері берген. 22 сәуірде «Лениншіл жас» газетінің соңғы бетінде «Төрлет, Наурыз мейрамы!» атты сұхбат басылыпты. Ұлыстың ұлы күні туралы жазылған ең бірінші материал да осы екен. Онда 24-сәуір күні Алматыдағы М.Горький атындағы мәдениет және де­малыс паркінде өтетін театрландырылған «Наурыз мейрамын» ұйымдастырушы та­рап – қалалық мәдениет басқармасының бас­тығы Елеусіз Жанпейісов тілші сұрақ­тарына жауап беріпті. Қойылым жөнінде таныстыра келе спи­кер: «Мұнда адамдарға бақыт үлес­тіретін Аяз Ата тәрізді қиял-ғажайып кейіпкер – ақсақал бейнесіндегі «Қыдыр қарт», суық – «Әзмырза», жаз – «Үт би­кеш» кейіптері сахналық шешімін табады», – дейді. Наурыз Алматы қаласында Қыдыр атаны Аяз Ата секілді етіп тү­сіндіруінен-ақ бұл кездері оның ел үшін таңсық образ екенін аңғару қиын емес. Тағы бір қызығы, сұхбатта айтылған Әз­мырза мен Үт бикеш есімді кейіп­кер­лер, керісінше, бүгінде ұмыт бола баста­ғандай. Материалдың бір жақ бөлігінде Ал­ма­тыдағы «Наурыз мейрамының» бағдар­ламасы қоса беріліпті.   Жоғалтқанды жаңғыртуға жанталас «Лениншіл жастың» келесі, яғни 23 сәуір күнгі нөміріндегі соңғы беттің бір бұрышында тілші М.Мырзахметовтің «Ұлыстың ұлы күні» тақырыбындағы заметкасы жарық көріпті. Онда журналист: «Бір жақсысы, қалалық жерде болмаса да ауылды жерлерде, әсіресе оңтүстік өлкесінде наурыздама жасаудың көп жақ­тары толық болмаса да біршама сақ­та­лып­ты, яғни ата дәстүрдің тамыры бір­жолата үзілмепті. Мәселенің басты буыны осы тіршілік белгісі бар жаңа жыл дәстүрі – Наурызды байырғы табиғи қалпына келтіруде жатыр. Бұлай етудің қиыншы­лығы мол болғанымен, оны аяғына тік тұрғызудың да мүмкіншіліктері баршылық. Ол үшін алдымен ғылыми-көпшілікке арналған басылымдарда Наурызды жаңа жыл ретінде өткізудің жолдарын, әсіресе ондағы ұғым-таным табиғатын зерттеп, әдет-ғұрыптарды бір жүйеге түсіріп, оның пайда болу, даму, тарихын танытып отыру­дың маңызы зор. ...Ауыл аралап, онда өтілетін наурыздама жасаудың жол-жо­басын, түрлерін жақсы білетін тірі архив­тердің, яғни шежіре қарттардың естелігі мен тәжірибесіне сүйену, оларды жинақтау үстінде қорытып, жүйелеп отырудың да берері мол болмақ», – деп жазады. Тілші сөздерінен халықтың әзер де­генде табысқан құнды мұрасына деген қастерлі көзқарасты, «асылдан енді айырылып қалмайықшы» деп жол іздеген жанталасты сеземіз. Наурыз мейрамының бүгінгі беделі, бейнесі – бір кездері мұрат болған, ұшығын ұстап қалуға ұмтылған ел еңбегінің жемісі екенін ұғынамыз.    «Наурыз күнгі» қолтаңбалар «Социалистік Қазақстан» газетіндегі Наурыз мейрамы туралы алғашқы ма­териал 1988 жылғы 24 сәуірдегі санда берілген. Бірінші беттің төменгі бұры­шындағы «Көктем, еңбек және жаңару мерекесі» тақырыбындағы заметкада: «23 апрельде Жамбыл ауданының орталығы – Ұзынағаш поселкесінде «Наурыз мейрамы» өткізілді. Айта кетейік, ол мұнда республика бойынша тұңғыш рет өткізіліп отыр. Қайта түлеген ежелгі ха­лық­тық салтанатқа сондай-ақ жарысушы аудандар – Балқаш және Күрті аудан­дарынан келген меймандар, Қазақстан астанасының жазушылары мен суретші­лері қатысты», – делінген. Ал газеттің келесі, 26 сәуір күнгі саны­ның соңғы бетінде Ұзынағаш пен Алма­тыдағы Наурыз тойынан көлемді репортаж беріліпті. Материал «Астанада» және «Ауылда» деген екі тақырыпшадан, сон­дай-ақ СҚ арнаулы фототілшісі С.Бәсібе­ковтің фоторепортажынан тұрады. «Қайрат Байбосынов, Жәнібек Кәр­менов сияқты белгілі әншілерге қол соқ­қан мерекелеуші жұрт жетпіс жасында ал­ғаш сахнаға шыққан Ұлы Отан соғы­сының ардагері Бекқали Өміровке де мол қошемет көрсетті. Жүректен шыққан се­зімнің жүрекке жетпей қалуы мүмкін емес. Қадыр Мырзалиев бастаған ақындар тобы наурыз мейрамын қызықтау­шылардың қалың ортасында болды. Кітаптарға тү­сіріп жатқан қолтаңбаларында олар «Наурыз күні» деген датаны айрықша көрсеткен. Ақын Мұхтар Шаханов осы мейрамға орай жазған жаңа жырын оқыған соң теңбілкөк атқа қонып еді. Қалың оқырманға дауа бар ма, ат үстіндегі ақыннан да қолтаңба алып жатты», – деп баяндайды тілшілер тобы іс-шара жайында.   Көжеге тоймай қалған көпшілік Жоғарыда аталған мақаланың астында көпшіліктің тілек-пікірі де бар. Кейбірінің сөзінен ұлы мейрамды өзге күндерден ерекшелеуге деген ұмтылысты байқасақ, енді бірінің айтқаны еріксіз езуіңе күлкі үйіреді. Мәселен, Қаскелең ауданындағы «Чапаев» сохвозының тұрғыны, зейнеткер Базар Бұлдыбаева: «Жасым 71-де. Октябрьмен құрдаспын. Наурызды тойлағалы бүгін Алматыға ар­найы келдім. ...Еліміздегі көп халықтың, атап айтқанда, украиндар мен молдован­дардың, Кавказ бен Балтық бойы жұр­тының, тағы басқа ұлыстардың семьядағы әр мүшеге ұлттық киім тіккізіп қою салты бар екен. Және сол киімді киіп шығатын айрықша мейрамдары да бар. Осындай дәстүрді неге өзімізде қолданбаймыз?! Егер қымбат емес маталардан тігіп, көпке жететіндей етіп шығарса, алушылар та­былар деп ойлаймын», – десе, «Лениншіл жас» газетінің суретшісі Бағдат Момбеков: «Биылғы көже аздау болды. Меніңше, бұл мәселеге қаланың барлық асхана трестері, кооперативтер қатыса алар еді. Қазіргі шаруашылық есеп жағдайында бәрін тегін жасау қиын шығар, сатып-ақ ішейік. Бірақ көже жеткілікті болғаны дұрыс», – деген пікір айтады. Лебіз білдіргендердің қатарында Қазақ политехникалық институтында оқитын алжирлік студент Юсеф Джара да бар. Наурыз Алматы «Наурыз Алжирде жаңа жыл ретінде атап өтіледі. Бірінші курста оқып жүрсем де, әсем Алматыдан көп достар кездес­тірдім. Астана адамдарының еңбек ете білумен қатар, жақсы мейрамдар өткізе алатынына көзім жетті», – дейді ол.   Атан жарыс көрмей, көңіл орнықпайды Алматыдағы алғашқы Наурыз тойынан көлемді репортаж «Лениншіл жаста» да жарияланыпты. «Сәт сапар, Наурыз мейрамы!» атты мақалада Алматы облысы Қаскелең ауданындағы №87 орта мек­тептің математика пәні мұғалімі Мариға Шөкенованың мына пікірі біздің назары­мызды аудартты: «Наурыз мейрамы» өтеді деген соң 4 баламызды ертіп, арнайы келдік. Ән­шейінше, ауыл-үйдің арасындағы той-томалаққа дәл мұндай асықпаспыз. Ер­теректе әжелерімізден, апаларымыздан еститінбіз, бірақ Наурыз тойының шын мәніндегі халықтық мереке екендігіне енді көзіміз жеткендей», – дейді ол ағынан жарыла. Республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер, «Құрмет белгісі» орденінің иегері Әбдісадық Тоқтамысов болса: «Өз басым сонау 1926 жылға дейін Наурыз тойының қалай өтетінін көзбен көрген кісімін. Асыра сілтеудің салқыны тиіп, ұзақ жылдар бойы үнсіз қалған мере­кеміз еді. Қазіргі жастарға айтарым: «Наурыз мейрамын» жаңаша мазмұнда өткізе беруге өздерің тұтқа болыңдар», – депті. Мейрамда көрініс тапқан ұлттық спортқа қатысты сын айтқандар да жоқ емес екен. Спорт ардагері, тоғызқұ­малақ­шы, Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген жат­тықтырушысы Рахымбай Кәрімбаевтың: «Ортаға гимнастиканың снарядтарын қойып, содан бірін-бірі сүйреп түсіру де аударыспақ па? Жоқ. Аударыспақты дәл сол табиғи күйінде өткізу керек. Әрине, биыл бәрі асығыс болды, даярланып та үлгермеген болар, мен мұны болашақ үшін айтып жатырмын. Спорт атаулы өз ретімен өте берер, чемпионатың ба, Еуропаң ба, Олимпиадаң ба – олар өз алдына. Ал «Наурыз мейрамы» мүлдем басқа, бұл – халықтық той. Олай болса, ат жарыс, жаяу жарыс, атан жарыс көрмей, көңіл қайдан орнықсын?!» – деген пікірі беріліпті. Ал КазГУ-де оқитын моңғол студенті Аманжол Саршалұлы: «Наурыз мейрамы бәрімізге ортақ қой. Бізде оны Балғын Сұман мейрамы, еңбек мейрамы дейді. Қазақша баламасы – Ақ ай мерекесі. Ауыл жастары жиналып, таң атқанша алтыбақан тебеміз. Сіздердің де халықтық мейрамды ұмытпай, тойлап жатқандарыңыз қуанышты-ақ», – депті.   Сол кездегі жас – бүгінде ата-әже Айтпақшы, Алматыдағы алғашқы Наурыз тойында ақындар айтысы алты сағатқа созылыпты. Оны жыр алыбы Жамбылдың немересі, Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Әлімқұл Жамбылов ашып, Жамбылдың шөбересі 6 жасар Бағлан аяқтапты. келін түсіру салты Көпшілік алдында жалынды өлең оқы­ғандардың қатарында Мұхтар Шаханов та болғанын жоғарыда атап өткенбіз. «Лениншіл жас» газетінің осы материа­лында сол жыр шумақтары берілген екен.   «Сан ғасырлар сән берген даламызға Өзгеше бір әні едің байтақ елдің. Сәлем, Наурыз! Сен біздің арамызға Алпыс екі жылдан соң қайта келдің...   Сен ең көне жырысың санамыздың, Шаттығымсың қайтадан тасып, толған. Сені тойлап, бабасы бабамыздың Әжемнің әжесіне ғашық болған.   Сен бүгін арнасысың дара күйдің, Әр көңілдің төрінен күлімдейсің. Сен менің ұлы бабам Фарабидің Кешігіп елге жеткен үніндейсің.   Басыңды көтер, қане, күн қақтаған Сен енді басқа айқауға бұрылмайсың. Тымырсық, тылсым жырлар тыңдатпаған Сен бізге Шәкәрімнің жырындайсың.   Ғасырды көктеп өтіп сұңқар сезім Шөберем тік көтеріп уақыт туын. Ғашығына арнаған іңкәр сөзін Өзіңнің тойыңда айтса бақыттымын!»   Биыл Наурыз мейрамының ортамызға оралғанына – отыз бес жыл. Сол кездегі жастар қазір алды шөбере сүйіп отырған ата-әжеге айналды. Ұлыстың ұлы күні биік тұғырға шығар шақты жан-жүрегімен тілеген толқын бүгінде шынымен бақытты шығар, ә?!