Думанға бөлеген дүбір
Думанға бөлеген дүбір
709
оқылды
Ұлыстың ұлы күні әз-Наурыз мерекесі Жамбыл жерінде ерекше тойлануда. Бір жетіден бері Әу­лиеата аспанын думанға бөлеген шаралар көпшіліктің көңілінен шығып, халық мәре-сәре күйге енген. Әсіресе, ұлттық ойындар ұлықталып, ұмытыл­ғанымыз қайта жаңғырып жа­тыр. Бұл әрине, Ұлыс күнінің ұлы­лы­ғын көрсетуде. «Көрісу» күнінен басталған мере­ке­лік шаралардың тұздығы – «Ер қаруы – бес қару» атты фестиваль болды. Ердің бес қаруына садақ, найза, қылыш, айбалта, шоқпар жататыны байырдан белгілі. Есте жоқ ескі заманнан бері батырлардың сайысында осы бес қару пайдаланылған. Бабадан балаға жеткен осы бай дәстүрді жаңғырту, болашақ ұрпаққа насихаттау мақсатында Наурыз мерекесіне орай Ы.Дүкенұлы атындағы Тараз қалалық мәдениет үйінде дүбірлі дода түндігін түрді. Садақ ату, кол күрес сынды ұлттық ойындарда жалпы алты команда бақ сынап, тарихтан тамыр тартқан дәстүрімізді дәріптеді. Бұдан кейін ұмыт болған ұлттық ою-өрнегіміз ұлықталды. Алдымен, Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков қолөнершілердің туындыларымен танысып, ұлттық өнерімізді жаңғыртып жатқан жандарға алғысын білдірді. – Қазақ халқының ою-өрнек өнері – әлімсақтан бері халқымызбен жасасып келеді. Сан ғасырлық тарихы­мен біте қайнасқан бұл өнер түрі ха­лықтың шы­найы рухани танымымен де астасып жатыр. Ою-өрнек – қазақ елінің мәдени дамуының шежіресі. Оның көне атауы – халықтың тарихы мен мәде­ниетін, ұлттық ерекшелігін, дүниетаны­мын сипаттайды. садақ ату Қазіргі жаһандану дәуірінде біздің қазақы ою-өрнегіміздің біршама түрі ұмытылып барады. Бұл өте өкінішті. Себебі бүгінгі өскелең ұрпақ қазақтың осы баға жетпес құндылығының маңы­зын түсініп, санасына тоқуы қажет. Бүгінгі фестивальге қатысушылар ұмыт болған ұлттық құндылығы­мызды ұлықтап, келешек буынның санасына сәуле ұялатады деген се­нім­демін. Шараға қатысқан барша қол­өнер­шілерге алғысымды білдіремін, – деді Бақытжан Әмірбекұлы. Фестиваль аясында «Шапағат» ме­далінің иегері, кәсіпкер Анар Бек­сұлтанова мен шәкірттерінің туын­дылары көпшілік назарына ұсынылып, шеберлік сыныбы ұйымдастырылды. Жиылғандар рухани сусындап, Ұлыс күні қарсаңындағы шараға дән риза­шылықтарын білдірді. Мерекелік шаралардың көркін «Анаға тағзым» орталығында ұйым­дастырылған «Үкілі кәмшат» тігіншілер байқауы тіптен аша түсті. Ұлттық салт-дәстүрімізді, тілімізді, дінімізді сақтау әрі насихаттау, ұмыт болып бара жатқан құндылықтарымызды дәріптеу мақсатына негізделген шара барысында өз кәсібін жүргізіп отырған жас қыз-келіншектер бір-бірімен тә­жірибе алмасты. Байқауда «Қазақ қыздарының әшекейлері» суретшілер көрмесі ұсы­нылып, қатысушылар «Көркіңнен сенің айналдым, еркем» және «Өнерлінің өрісі кең» атты екі кезең бойынша бақ сы­нады. Ережеге сәйкес, әр қатысушы үйінен 3 түрлі баскиім түрін тігіп алып келді. Олардың бірі бүлдіршін қыздар киетін, екіншісі бойжеткендерге арналған, үшіншісі қыз ұзатылғанда киетін сәукеле тіккен. Сондай-ақ қатысушылар бас­киімді тігу барысын көрсететін бейнеро­ликтерін ұсынды. Баскиімдердің ішінде озық үлгілері қазылар алқасының ұй­ғарымымен ұйымдастырушылар тара­пына қалдырылып, «Анаға тағзым» ор­талығының көрме залына қойылды. Байқау нәтижесі бойынша таластық Гүлім Балықбаева бірінші орынды жеңіп алса, сарысулық Бибісара Сәруарова екінші орынға, Т. Рысқұлов ауданынан келген Назым Жанбосын үшін орынға лайық деп табылды. Наурыз көже Мерекелік шаралар аудандарда да кең көлемде аталып өтіп жатыр. Елді ме­кендер арасында, әсіресе сарысу­лықтардың бастамасы көптің ықыласына бөленді. Ұлыстың ұлы күніне орай аудан орталығы Жаңатас қаласында «Құрсақ шашу», «Бесікке салу», «Тұсау кесу» сияқты салт-дәстүрлеріміз дәріптеліп ға­на қоймай, барлық мектепте бір ме­зетте домбырадан күй күмбірледі. Мек­теп аулаларында бір уақытта шертілген күй үні жаңатастықтарды ерекше күйге бөледі. Әз-Наурыз мерекесін өзге ұлт өкіл­дері де ерекше атап өтуде. Мәселен, күні кеше шаһар төрінде «Хазар» әзер­бай­жандар этномәдени орталығы өзара түсіністікті, мейірімділікті, бірлікті, бейбітшілікті, келісімді бейнелейтін және барша қазақстандықтарды бі­ріктіретін Ұлыстың ұлы күнін айрықша тойлады. Кеш барысында Әзербайжан эт­номәдени бірлестік өкілдерінің арнайы қойылымдары, ұлттық билері, қызықты да таңғажайып ұлттық дәстүрлері ай­шықты көрініс тапты. Әзербайжандық­тар мерекелік дастарқан мәзіріне де көп мән берген. Атап айтсақ, олар атауы «С» әр­пінен басталатын жеті тағам түрін дас­тарқанға қоюды салт санайды. Сондай-ақ дастарқанға айна мен май­шам қоюды дәстүрге айналдырған. Аталғандар­дың барлығының терең символикалық маңы­зы бар. Майшам – адамды зұлым күш­терден сақтайтын жарық немесе от бол­са, айна – айқындық немесе Жаңа жыл­дың басталу уақы­тының белгісі екен. Әзербайжан халқының үйлену дәстүрі көп жағынан қазақтың салтына ұқсас. Алайда босағадан аттаған келіннің алдына шыны ыдыс қойылып, ол оны аяғымен басып сындыратынын көріп таңдай қақтық. Бұл келіннің құрсағынан шыққан балалар сынған шыныдай көп болсын деген ырым екен. Жалпы, мұндай мерекелік шаралар «Ассамблея бөбектері» жобасы аясында балабақшаларда да ұйымдастырылған. Мұнда балғындарға әр ұлттың тағамдары ұсынылып, ұлттық ойындар ойнатылуда. Осылайша, жамбылдықтар әз-Наурыз мерекесін айрықша тойлауда. Ең бастысы, халық ұлт пен ұлысқа бөлінбей, Ұлыстың ұлы күні бірлік пен ынтымақ күні деп тануда. Ендеше, Ұлыс оң болып, ақ мол болсын деп тілейміз!

Жамбыл облысы