Заңды белден басқан кім?
Заңды белден басқан кім?
© коллаж: Елдар Қаба
729
оқылды
Солтүстік Қазақстан облысында та­ғы да жер дауы ушықты. Осыдан бір жарым жыл бұрын «Еңбек» бағ­дар­ламасы бойынша оңтүстік өңір­ден қоныс аударып, мал шаруа­шы­лығымен айналыса бастаған отбасы Есіл аудандық әкімдігінің заңды бел­ден басуы салдарынан қайтадан ке­рі көшіп кетуге шақ қалған. «Арыстан» шаруа қожалығының бас­шы­сы Қаламқас Дәулетованың ай­туын­ша, оның отбасы 2019 жылы «Еңбек» нә­­­тижелі жұмыспен қамтуды және жап­пай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жыл­дарға арналған мемлекеттік бағ­дар­ла­масы бойынша жұмыс күші көп оң­түс­тік өңірден Есіл ауданына қоныс аударған. Ке­ле салысымен аукцион арқылы алты жыл­ға жер телімін жалға алып, несиеге техника мен мал сатып алған.
«Тұрақты жұмыс орындарын ашып, бес адамды қабылдадық. Олардың орташа айлық еңбекақысы – 170 мың теңге. Біз өзі­міздің барлық міндеттемемізді орын­дап отырмыз. Ауыл тұрғындарына жеңіл­детілген бағамен жем-шөп береміз. Қа­ра малдың етін өндірумен айналысатын жос­парымыз бар еді. Бірақ бүгінде бізге бө­гет жасап, толыққанды жұмыс істеуге мұр­ша бермей отыр», – дейді шаруа қожа­лығының өкілі Азамат Абдрахманов.
Белгілі болғанындай, былтыр жыл­ соңында Есіл аудандық әкімдігі олар­ға берілген 290 гектар жерді қайтарып алу ту­ралы шешім шығарған. Бұл жердің ны­са­налы мақсаты – ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу. Қазір дәл осы жер үшін жер­гілікті атқарушы орган мен кәсіп­кер­дің арасында талас туындап отыр. Бұл дау­ды өз күшімен шеше алмаған кәсіпкер «Ата­мекен» өңірлік кәсіпкерлер пала­та­сына жүгінді. Оның мәселесі кәсіпкерлер­дің құқығын қорғау және сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес­тің отырысында қаралды. ЗАҢГЕР НЕ ДЕЙДІ?
«Өткен жылдың 20 желтоқсанында Есіл аудандық әкімдігінің №319 қаулы­сы­на сәйкес, Петровка ауылдық округінің Пет­ровка ауылы тұрғындарының малын бағу үшін халықты жайылым жерлермен қам­тамасыз ету мақсатында «Арыстан» шар­уа қожалығының ауыл шаруашылығы мақ­сатындағы жер телімін мемлекет мұқ­та­жы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару жұ­мысы басталды. Бірақ Қазақстан Рес­публикасы Жер кодексінің 84-бабына сәй­кес, жер меншік иесінің келісімімен не­ме­се сот шешімі бойынша, мүлік тең өтел­ген ерекше жағдайларда ғана мем­ле­кет үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарылуы мүм­кін», – деп атап өтті Солтүстік Қазақ­стан облыстық Кәсіпкерлер палатасы кә­сіпкерлердің құқықтарын қорғау бөлі­мі­нің бастығы Айдос Кеңбейілов. Сондай-ақ заңгер мұндай жағдай­лар­дың тізіміне тұрғындардың малын жаю мақ­сатында халықтың қажеттілігін қана­ғат­тандыру да кіретінін түсіндірді. Алайда мұндай жерлер жайылымдарды басқару жә­не пайдалану жоспарына енгізілуі тиіс, со­ны­мен қатар жеке қосымшада көрсе­тілуі керек. Бұл қосымша жайылымдардың сыртқы және ішкі шекаралары мен аудан­дарын көрсететін карта деп аталады. Бірақ Айдос Кеңбейіловтің айтуынша, Солтүс­тік Қазақстан облысының Есіл ауданында жайылымдарды басқару және оларды пай­далану жөніндегі 2022-2023 жылдарға ар­налған жоспарында Петровка ауылдық ок­ругінде мұндай жайылым жерлер жоқ. «Тиі­сінше, олардың бар екенін алға тар­та отырып, аудандық әкімдіктің осы жер учаскесін мәжбүрлеп иеліктен шы­ғару туралы шешімі заңсыз болып табы­ла­ды. Егер олар осы жоспарда көрініс тап­қан болса, шешім заңды болар еді», – деп түйін­деді Айдос Кеңбейілов.
Бұған қоса, кәсіпкерлер палатасы заң­гер­лерінің қолында Солтүстік Қазақстан об­лыстық Жер ресурстарын басқару де­пар­таментінің Есіл ауданы әкімдігінің №319 қаулысы жер заңнамасының нор­ма­­ларын бұза отырып шығарылғанын рас­­­тайтын жауабы да бар. ДАУДЫҢ БАСЫ... Есіл аудандық жер қатынастары бөлі­мі­нің басшысы Евгений Губа түсіндір­ге­нін­дей, бұл дау былтыр мамыр айында бас­­­­­талған. «Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» дегендей, оған Петровка ауы­лы тұрғындарының бірі аудан әкімі ал­дын­да мал жаю үшін жайылым жер жетіс­пей­тінін айтып, мәселе көтергені себеп бол­са керек.
«Содан кейін біз ауыл маңын аралап, оған округтегі жайылым жерлерді көр­сет­тік, жүгінген адам қанағаттанғандай бол­ды. Бірақ жылдың соңына қарай бұл мә­се­ле қайтадан көтерілді. Тұрғындар бүлік шы­ғарып, облыстық прокуратураға жү­гі­ніп, шаруа қожалығының үстінен шағым жаз­ды. Ауылдық округ әкімі тұрғындардың жал­пы жиналысын өткізіп, онда осы жер те­лімін алып қою туралы шешім қабыл­дан­ды. Аудан әкімінің атына тиісті қыз­мет­тік хат жолданды. Бұдан соң облыс әкім­дігі әзірлеген Жол картасы негізінде біз жер телімін мәжбүрлеп тартып алу рә­сімін бастап едік. Бірақ біздің үстімізден прокуратураға шағым түсіп, прокурорлар арызды жер инспекциясына жібереді. Ал жер инспекциясы заңды бұза отырып, қау­лы шығарғанымызды растады», – деп тү­сіндірді Евгений Губа.
Оның айтуынша, жерді мәжбүрлеп тар­тып алу рәсімі 2023 жылдың 10 мау­сы­мында басталады. Ендеше олардың осы учас­кені жайылым жер жоспарына ен­гізуге әлі уақыты бар. Бірақ аудандық әкім­дік кәсіпкерге оның орнына балама­лы жер телімін бере алмайды, өйткені бас­қа жер жоқ. Алайда өтемақысын өтеуге дайын. Кеңес отырысына қатысқан Солтүстік Қа­зақстан облыстық жер инспекциясы­ның өкілдері өз кезегінде шаруа қожа­лы­ғы­ның жер учаскесін мәжбүрлеп тартып алу туралы қаулының күшін жою бойынша ау­дандық әкімдіктің атына ұйғарым жібе­ріл­генін атап өтті. Бірақ Есіл аудандық әкім­дігі бұл ұйғарымға қатысты сотқа ша­ғымдануға ниетті екенін айтып жауап беріпті. Қызу жарыссөз нәтижесінде Есіл ау­дан­дық әкімдігіне жерді мәжбүрлеп алып қою туралы заңсыз қаулының күшін жою жә­не заңнамаға сәйкес әрекет етуді ұсыну ту­ралы шешім қабылданды. Сондай-ақ кеңес мүшелері қалыптасқан жағдайға кі­нәлі лауазымды тұлғаларды заңды бел­ден басқаны үшін тәртіптік жауап­кер­ші­лік­ке тартуды ұсынды.

Солтүстік Қазақстан облысы