Антропологтар елмен бірге өмір сүреді – Индира Алибаева
Антропологтар елмен бірге өмір сүреді – Индира Алибаева
1,439
оқылды

Бүгінгі қоғам қашан да та­рихқа ерекше қызығушы­лық­пен қарайды. Себебі адам­заттың қашан пайда болғаны, ұлттардың қалыптасуы мен мәдениетінің дамуы кім-кімге де қызық. Міне, осы құбы­лыс­­ты ан­тро­пология ғылы­мы зерттейді. Біз Швей­ца­рияның Цюрих уни­вер­си­те­тін­де әлеу­мет­тік антропо­ло­гия ма­­ман­дығы бо­йын­ша док­­то­рантура­да оқып жат­­қан Индира Али­баева­мен әңгіме­лестік.

– Антропология мамандығын көп адам таңдай бермейді. Дегенмен сіздің бұл салаға келуіңізге не түрткі болды? – Себебі бұл мамандықты елі­мізде барлық оқу орындарында оқыт­пайды. Білуімше, тек Назарбаев уни­верситетінде және Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде бар. Антро­пология маман­дық ретінде бізге таныс болмағанымен, өзі­мізге бұрыннан таныс этнография және эт­нология салаларына ұқсайды. Бірақ айыр­машылықтары да бар. Менің антропо­логияға келуім тым ұзаққа созылды. Мектеп бітірген соң Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде қазақ тілі мен әде­биеті мамандығын төрт жыл оқыдым. Қо­лыма диплом алған соң «енді қайда бара­мын» деген сұрақ пайда болды. Сөйтіп жүр­генде философия және саясаттану фа­культетінде мәдениеттану деген мамандық бар екенін білдім. Мә­дениеттану басқа елдердің мәдениетімен, салт-дәстүрімен танысуға мүмкіндік бе­реді деген оймен сол мамандыққа ма­гистра­тураға түстім. Магис­тратурада оқып жүргенде бізге швейца­риялық Питер Финке деген антрополог-профессор лек­ция оқуға келді. Ол өзінің зерттеуі үшін Моңғолияның қазақтар көп шоғырланған Ховд аймағында бір жыл киіз үйде тұр­ғанын айтты. Зерттеуімен та­ныстырды. Суреттерін көрсетті. Осы лекция барысын­да әлеуметтік антропология деген арнайы мамандықтың барын білдім. Ал жазда бір топ студенттер болып, ҚазҰУ-дың магис­транттарға арналған академиялық мо­бильді бағдарламасымен Швейцарияның Цюрих университетіне екі апталық білім алмасуға бардық. Бұл 2012 жылдың жазы еді. Жазғы мектепте Цюрих Универ­си­тетінің оқытушылары бізге әлеуметтік ан­тропологияның зерттеу әдістерін үй­ретті. Соның бірі – бақылау әдісі. Тәжірибе ре­тінде біріміз кітапханада, біріміз му­зейде, біріміз көшеде адамдардың іс-әрекетін бақыладық. Күнделік жүргіздік. Кейін оқы­тушылармен бірге оны талқы­ладық. Анализ жасадық. Мені қызықты­ратын тақырып эт­нос­тық идентифика­цияның өзгеру про­цестері. Осылайша, осы қызығушы­лығым мені Цюрих универ­ситетіне әлеуметтік антропология мамандығы бойынша док­торан­тураға түсуіме себеп болды. Швейца­рия­ның неміс, француз, итальян және ре­торо­ман тілінде сөйлейтін төрт бөлігі бар. Мен неміс тілді Цюрих кантонында тұ­рамын. – Магистрлік диссертацияңызды «Медиа мәдениет» тақырыбында қорғапсыз. Қазіргі медиа адамдардан алыстап кеткен жоқ па? – Жоғарыда айтқанымдай, Швейца­рияға алғаш рет барған сапарымызда медиа мәдениет тақырыбында магистрлік диссертациямды жазып жүрген едім. Та­қырыбым медиаға байланысты болғаннан кейін вокзал маңында газет-журнал, кітап сататын дүкенге бардым. Кім қандай газет-журналдың алдына көбірек келеді, не сатып алады, жынысына, жасына байланысты кімге не қызық, соны жарты күн бақыладым. Автомобиль немесе экономика тақырыбын­дағы басылымдардың алдында ер адам­дар­дың көбірек тұрақтайтынын, ал денсаулық немесе сұлулық туралы газет-журналдардың алдында әйел адамдардың көбірек бөге­летінін байқадым. Қысқа ғана уақытта бақылаған дүниеден шешім шығару қиын. Бақылау ол зерттеудің бастапқы қадамы. Бірақ маған бақылаған, сол уақытта болған шынайы өмірді қағаз бетіне жазып түсіру және презентация жасаған қызық болды. Қазір медиа адамдардан алыстаған жоқ. Бүгінде интернеттің арқасында ақпарат алу көздері көп. Ақпараттың көптігі адамдардан сыни ойлау, фактчекинг сияқты қабілеттерді талап етеді. Жалпы, бір ақпаратқа сенуден бұрын әр түрлі ақпарат көздерінде ол туралы не жазылғанын оқып, дереккөздің қайдан екенін тексеру керек. – Қазір Цюрих университетінің әлеу­меттік антропология мамандығы бойынша PhD дәрежесін алуға дайындалып жүр екен­сіз. Сонда әлеуметтік антропология нені зерт­­­тейді? Докторлық жұмысыңыз не туралы? – Антропология – адамды зерттейтін ғылым. Физикалық антропология адамның сүйегін, бет-әлпетін зерттесе, әлеуметтік (мәдени) антропология адамның қоғамдағы іс-әрекетін зерттейді. Сондықтан антро­пологтар ең алдымен қоғамды түсінуге және қоғамдағы әр адамның әрекетін түсіндіруге тырысады. Әлеуметтік антропология әр түрлі топтарға жататын адамдардың дауы­сын сыртқа таныстыруға тырысады. Олар­дың проблемасын, қайшылықтарын және әрекетінің түпкі мотивациясын түсіндіреді. Мысалы, не үшін адамдар бірнеше жүздеген адамды жинап алып той жасайды не үшін бір-бірін топтарға бөледі, неге пара беруге, неге таныс біліске жүгінеді, тағы сол сияқты адамның әрбір қалыпты әрекетіне қатысты сұрақтарға жауап іздейді. Мұндай көп қай­таланатын істер нормаға айналғанда «мә­дениет» деп аталып кетеді. Антропологтар адамдардың әрекетіне, мәдениетіне жақсы немесе жаман деп баға бермейді. Антро­пологтың мақсаты сол мәдениетті немесе қо­ғамды таныстыру, қоғамда осындай топ­тар бар және сол адамдардың осылай әрекет етуінің мынадай себептері бар деп түсін­діреді. Қазір жазып жатқан докторлық дис­сертациям Қазақстанда тұратын жергілікті өзбек халқының этностық тұрғыдан өзін-өзі түсінуі, тануы туралы. Диссертациямды әлі қорғамағандықтан нәтижелерімен көп ақпаратты бөлісе алмаймын. Зерттеуім үшін өзбек халқы көп шоғырланған ауылдың бірінде бір жыл тұрдым. Сонымен қатар ол ауылда Өзбекстаннан көшіп келген қазақтар да тұрды. Бір ауылдың шеңберінде өзбек отбасымен және көшіп келген қазақ отбасымен бірге тұрып, өмір сүрдім. Осын­дай ерекше жағдайда өзбек пен қазаққа тән нәрсені жергіліктілер қалай анықтайтынын зерттедім. Негізі, антропологияның ерек­ше­лігі өзің жазып жатқан мәдениет немесе ха­лық болсын, соның өміріне күнделікті қа­тысып көруің керек. Антропологтардың ерекшелігі халықтың ішінде өмір сүреді. Сөйтіп көзіңмен көріп, жеке өзіңнің бақы­лауың­мен жазасың. Антропологтардың зерт­ханасы – бір ауыл, бір адамдардың тобы. – Ұлттарды зерттеймін деп айтып қал­дыңыз. Сонда ұлттардың құндылықтары қо­ғам талабына сай өзгеріске ұшырай ма? – Бізде көпшілік адамдар ұлт (nation емес, ethnicity мағынасында) деген тұрақты, өзгеріске ұшырамайтын, адамның «қанын­да» сақталып тұратын, ген арқылы анықта­ла­тын концепт ретінде қарастырады. Алай­да, адамдардың күнделікті өмірдегі іс-әрекеттерін байқап қарасаң, ұлт деген кез келген нәрсеге икемді, өзгеріске жиі ұшы­райтын және контекстке тәуелді ұғым еке­нін байқауға болады. Адамдардың күн­делікті өмірінде олардың ұлттық иден­тификациясының қандай рөл ойнайтынын зерттеп келемін. Жеке адамның өзінің ұлт­тық бірегейлілігін ерекше көрсетуі немесе мүлдем өзін этникалық тұрғыдан көрсеткісі келмеуі, не болмаса басым бір ұлтқа сіңісіп кеткен адам ретінде көрсетуге талпынуының арғы жағында осы әрекетке ықпал етіп отыр­ған қызықты контексті көруге болады. Соның бірі – елдегі саяси контекст, яғни, бір елді ең алдымен онда тұратын азаматтар­дың емес, бір этникалық топтың елі ретінде қарастыру тенденциясы. Зерттеуімді осы бағытта жалғастырамын. Бұрын жұмы­сымды тек ғылыми ортада талқылап жүре­тін­мін. Қазіргі кезде антропологиялық бі­лім­ді, зерттеудің нәтижесін қолданбалы ба­ғытта, яғни саяси шешімдерді шығару ке­зінде ұсыныс түрінде жариялауға көшіп жа­тыр­мын. Бұл мен үшін жаңа бағыт. Акаде­миялық ортада ғана талқылап жүрген зерт­теуіңді қалың көпшілікке таныстыру оңай емес. Көбіне, академиялық тілді қалың көпшілікке түсінікті тілге айналдыру қиын. Бірақ зерттеуіңді тар ортадан, көпшілікке таныстыру маңызды деп санаймын. Осылай, ғы­лымнан қоғамға пайда тиюі мүмкін. Тех­никалық ғылымдардан ерекшелігіміз — әлеуметтік ғылымдар қоғамдағы әртүрлі тенденциялар туралы альтернатив ой мен дискуссия туғызады. – Қазақтан шыққан тұңғыш антрополог ғалым Оразақ Смағұл: «Өзімнен кейін қа­зақтың сүйегін зерттейтін антрополог шық­пады» деп күйінеді. Болашақта сіздің әлеу­меттік антропологиядан физикалық антро­пологияға ауысуыңыз мүмкін бе? – Антропологияның салалары көп. Әрқайсының өз зерттеу бағыты бар. Менікі – әлеуметтік антропология. Біз сүйектермен және генетикамен айналыспаймыз. Сон­дықтан физикалық антропологияға ауы­самын деп айта алмаймын. – Жалпы, елімізде антропологтарға сұраныс бар ма? – Негізі, антропологтардың қажет жері көп. Бірақ біздің елде не үшін керегін әлі де жіті түсіне бермейтін сияқты. Антропологтар көп жерде жұмыс істей алады. Бірінші, ғылым саласында қалып, зерттеу еңбектерін жазуға болады. Орта Азия туралы Еуропа, Американың кей ойлары үстіртін. Олардың арасында «қазақстандықтардың барлығы орысша сөйлейді немесе атпен шауып, киіз үйде тұрады екен» деген сияқты оймен өмір сүретін адамдар бар. Антрополог ретінде өзің зерттейтін аймақтың, елдің қазіргі өмірі туралы еңбектерді қалдыруға болады. Елі­мізде әлі де әлеуметтік антропологиялық зерт­теулер жүргізілуі керек. Мысалы, қазір «ұлттық кіндік, бірегейлік, өзімізді қазақ дейміз бе, қазақстандық дейміз бе?» деген тақырып көп талқыланады. Осы мәселені әлеуметтанушылар мен антропологтар зерт­теуі керек. Мысалы, Қазақстанның Оңтүс­тігінде кәрістің поп стиліндегі әндерді тың­дап, солай жүріп-тұратын жастар да бар, соны­мен қатар орамалын тағып, ұзын киіп жүрген, өзін әлеуметтік өмірден шектейтін және шектемейтін жастар бар, 500 адам шақырып, той жасайтын халық та өмір сүреді. Ноутбуктерін алып, кофейняларда жұмыс істейтін, өзін-өзі дамытып жүрген, мотивациялық кітаптар оқитын адамдар бар деп қазіргі өмірдің бейнесін жазуға болады. Бұл зерттеу кітабы болашақта, 100 жылдан кейін тарих болып қалады. 100 жылдан кейін Шымкентте дәл осындай өмір болған екен деп адамдар оқып отырады. Екіншіден, университеттерде антропологиядан сабақ беруге болады. Қазір ҚазҰУ-да мәдени антропология мамандығы ашылып жатыр екен. Үшіншіден, әртүрлі компаниялардың ұсыныстарымен зерттеу жүргізуге болады. Мысалы CityLab Turkistan атты архи­тек­торлық компания Түркістанда ашылатын жаңа саябақтың тұжырымын жасап, мені жобаға зерттеуші антрополог ретінде шақырды. Бұрын қалай еді? Әкімшілік ар­хитекторларға тапсырыс беретін, олар жо­баның сызбасын сызып, тапсырыс берушіге презентация жасап көрсетеді. Кем-кетігін толықтырады. Тапсырады. Сөй­тіп сая­бақ­тың құрылысы жүреді. Ха­лық­пен байланысы жоқ. Ал мені шақырған ком­пания Түр­кіс­танның климаттық, мә­дени және әлеуметтік ерекшеліктерін ес­керіп, бірінші жобаны халықпен талқылап, олардың пікірін тың­дап, саябақтың жоба­сын жасайық деді. Алдымен, саябаққа адамдардың қай уа­қыттарда келетінін және онда не істейтінін, кімдермен келетінін, саябақтағы іс-әре­кеттерін бір ай бойы ба­қыладым. Саябаққа келушілермен сөй­лес­тім. Жергілікті түр­кістандықтар үшін жер киелі. Сондықтан халық мавзолейдің жа­нында ойын-сауық­тың болғанын қала­майды. Мен халықтың пікірін компанияға жеткіздім. Нәтижесінде, келушілердің бей­несі мен олардың саябаққа келгендегі негізгі іс-әрекеттерінің қоры­тындысын жасадым. – Әңгімеңізге рақмет!