«Оскарды» бағындырған Мишель
«Оскарды» бағындырған Мишель
691
оқылды
Биылғы «Оскар» бұрынғыдан өзгерек. Атақты премияның 95-ші марапаттау рәсімі әсерлі өтті. Сыйлық алудан көшбасшы – Everything Everywhere All at Once экшні, ол 11 номинацияның жетеуін алды, соның ішінде үздігі A24 студиясының жобалары 9 сыйлық алды, академиктер осы студия ұсынған Дар­рен Аронофскидің «Кит» драмасын да жо­ғары бағалады. Netflix-ке алты статуэтка бұйыр­ды: төртеуі – Im Westen nichts Neues, со­ның ішінде «Үздік шетелдік фильм», бе­сін­шісі – Guillermo del Toro's Pinocchio ани­­­мациясы, алтыншысы – The Elephant Whisperers қысқаметрлі деректі туындысы. Бір қызығы, актерлер категориясындағы 20 номинацияға 16 артист алғаш рет ұсынылды, нәтижесінде үздіктер қатарында Мишель Йео, Джейми Ли Кёртис және Ке Хюи Куан (Everything Everywhere All at Once фильмі), сон­дай-ақ Брендан Фрейзер («Кит»). Биылғы «Оскардың» жаңалығы – Ми­шель Йео «Үздік актриса» но­ми­на­циясы бойынша «Оскар» жүлдесін жеңіп алған алғашқы азиялық артист. Әлемдік ба­сылымдар «Америка ақыры Мишель Йео­ны мойындады» деген мәнде жарыса жаз­ды. Олай дейтіні, актриса тоқсаныншы жыл­дары гонконг экшнінің жұлдызы Дже­ки Чанмен бірге фильмге түсіп, Джеймс Бонд туралы туындыда ойнаған. Әйтсе де, аме­рикалық киногерлер Йеоның талантын тану­ға һәм мойындауға асықпады. «Мишель осындан отыз жыл бұрын-ақ пойыз үстінде мотоцикл айдап, биік кө­­­пірден сақтандырусыз секірген, тіпті жо­ғары жылдамдықпен жүріп бара жатқан жүк кө­лігінде оп-оңай шпагатқа отыра алған. Том Круз өзінің экшндегі рөлінен ауқымды PR оқиға жасамай тұрып, едәуір уақыт бұ­рын Йео каскадерлік іс-қимылымен таны­мал болды». Мисс һәм «Қарулы ару» Мишель балерина болуды армандап, 15 жасында Малайзиядан Лондон­ға көшіп келеді және Корольдік би ака­де­мия­сына оқуға түседі. Оқу барысында Йео омырт­қасын жарақаттап, би өнерімен қош­тасуына тура келеді. Көңілі құлазып, күй­зеліске түскен бойжеткеннің көңілін аула­мақ болып анасы «Мисс Малайзия» бай­қауы­на өтініш қалдырады. Йео мисс ата­нып, осы уақыттан танымал бола бастайды. Гонконгтағы D&B Films компаниясының ұсы­нысымен Мишель атақты Джеки Чан­мен бірге сағаттың жарнамасына түседі. Әл­­­бетте, Джекидің жарнамасы әп-сәтте та­нымал болып, Йеоға бұдан кейін түрлі фи­льмдердің кішігірім рөліне ұсыныс түсе бас­тайды. Бір қызығы, о баста актриса ка­мера алдындағы қорқынышын жеңе алмай, бұл саладан бас тарту туралы да ойлаған де­седі. «Би академиясындағы ұстаздарыма Йео күндердің күнінде танымал актриса бо­лады десе, олар еш сенбес еді, себебі мен көп­тің алдына шығуға қорқатынмын», – дей­ді ол бір сұхбатында. Йеоның алғашқы кейіпкері – тағ­дырын­да талай қиындық көрген жас қыз, сце­нарий бойынша оған бұзақылар тап беріп, бойжеткен өз басын қиындықтан өзі алып шығады. Мишель ұрыс-төбелес, қару­лы шайқастан еш қорқа қоймайды. Керісін­ше, каскадерлер шынығатын спорт залына барып, жаңа іс-қимылдар үйретуін сұрайды. «Малайзия ханшайымының» бірдеңе үйре­не алатынына о баста аса сенім болмаған, де­се де балерина мектебінде дағдыланған тө­зім мен қайсарлық оның экшн жанрының жұл­дызы болуына жол ашады. Йеоның алғашқы басты рөлін о баста ер адам сомдауы керек болған. «Иә, мадам» (1985 жыл) боевигінің сценарийі қарапайым – батыл полицейлер бұзақылармен төбелесіп, олар­ды тұтқындауы керек. Мұндай сце­­на­рий 80-жылдары аса танымал еді. Бас­тап­қыда фильм продюсерлері басты рөлге екі ер азаматты іздейді, бірақ екі әйелді – Син­тия Ротрок (жекпе-жектің түрлі түрін мең­гер­ген қара белбеу иегері) пен 23 жастағы Ми­шельді бекітеді. Осылайша, Голливуд бое­виктерінде бадди-муви жанры қарқынды да­мып жатқанда, Гонконг әлемге girls with guns («қарулы қыздар») жанрын паш етеді. Мишельдің мансабы көп ұзамай «уа­қытша» аяқталады, 1988 жылы акт­риса тұрмысқа шығып, ендігі өмірін от­­ба­­­сына арнауды ұйғарады. Бірақ төрт жыл­­­дан кейін Йео ажырасып, кино өне­рі­мен қайта қауышады. Киносыншылар сол уа­­қыттан бері «Йео мен оның кейіп­кер­лері же­­ке өміріне көңіл бөлмейді, оларға бос­тан­­дық қымбат» деп жазады. кино Төрт жылдық демалыстан кейін Йеоны танымал қылған фильм – Дже­­ки Чан түсетін атақты туынды «По­ли­цей оқи­ғасы 3» (1992 жыл). Осылайша, акт­­­ри­са­ның екінші рет танылуына да Дже­кидің қатысы болып шығады. Кино­гер­лер­дің естелігіне сүйенсек, фильмде Джеки мен Йео өзара «жарысатын» көрінеді: олар қиын каскадерлік трюктерді орындауға бір-бірі­нен асып түсуге тырысқан. Мишель жүріп бара жатқан пойызға мотоциклмен секіріп мінгеннен кейін Джекидің өзі оның батыл­дығын мойындаған екен. Квентин Таран­тино «Полицей оқиғасы» фильмдерін кино тарихындағы адам сенгісіз трюктерді қам­тиды деп бағалаған. Америкалық фи­льм­­дер CGI компьютерлік арнайы эффек­ті­лерді қолданып жатқанда, Гонконг экшн­дері адам санасына кіріп-шықпайтын өне­рімен көрерменді тәнті етті. Йеоның өзі тоқ­са­ныншы жылдардағы «ессіздігін» бү­гін­де таң­даныспен еске алады. Кино әлеміндегі  революция 1996 жылы «Каскадер ару» атты фильм­нің түсірілімінде Йео арқасын жарақаттап алады. Жүріп бара жатқан жүк көлігінің үс­тіне көпірден секірген актриса тіпті ба­сын қозғалта алмай, ұзақ уақыт кино әле­мінен шеттетіліп қалады. Соның сал­да­ры­нан күйзелісте жүрген Йеоны Гонконгқа фи­льмнің көрсетіліміне келген Тарантино кез­десуге шақырып, онда актрисаның кере­мет каскадерлік трютері туралы ерекше ын­­та-ықыласымен баяндап береді. Азия­лық экшндердің фанаты болған амери­калық ре­жиссер сол уақытта өзінің үш сүйікті ар­ти­­сімен кездескісі келеді, олар – Джеки Чан, Джет Ли мен Ми­шель Йео. Актрисаның айтуынша, бұл кездесу оның күйзелістен шығуына зор ықпал еткен. Содан соң бір жыл өтпестен 1997 жы­лы Йео «Ертең еш­қа­шан өл­мейді» атты жаңа бон­диан фильміне ша­қыр­ту алады. Мишель осы картинаның тү­сі­ріліміне Гонконгтағы ұжымын алып ке­леді, ондағысы фильмдегі барлық кас­ка­дерлік трюкті өзі орындағысы келеді. Бірақ аме­ри­кандықтар актрисаның бұл әре­ке­тін тым қауіпті деп келіспейді. Десе де, «Ертең еш­қашан өлмейді» про­дю­сері Барбара Брок­коли мен басты рөлін сом­даған Пирс Броснан Йеоны «әйел-Бонд» деп атайды. Мишель Йео Өкінішке қарай, кино әлеміндегі ең танымал франшизалардың бірі – бондианда ойнаса да, АҚШ киногерлері актрисаның талантын мойындай қойған жоқ. Йео – Гонконг боевиктерінің жұлдызы, экшн жанрының тірі аңызы болғанымен, Голливуд үшін тек «кезекті азиат ару» еді. Бір сұхбатында актриса: «АҚШ-та түрлі кастингке қатыстым. Кино әлемінде қара жаяу еместігімді қанша жерден дәлелдеп тұр­сам да, түрлі себеппен бекітілмей қала­тынмын. Бірде «Талантыңды мойындадық, бірақ басты рөлге афроамерикандық ар­тиспен қатар сені (аз қауымның екі өкілін) бекіте алмаймыз» дегені бар. Бірақ мен ешуақытта үміт үзген емеспін», – дейді. Йеоға ұсыныс жасаған алғашқы амери­калық жоба – режиссер Энга Лидің Crouching Tiger, Hidden Dragon туындысы. Уся дәстүрлі жанрындағы картина АҚШ кинематографиясында революция жасады. 2001 жылы аталмыш туынды «Оскардың» 10 номинациясын жеңіп алды. Десе де, бұл революция фильмнен кейін де АҚШ Мишельдің талантын мойындай қой­мады, ол жылы «Үздік актриса» атағын Йео емес, Джулия Робертс алды. Тіп­тен одан кейінгі 20 жыл ішінде Йео түрлі картиналарда өзінің бірегей актриса екенін көрсетіп, кино­сыншылардың оң бағасын алып кел­генімен, Голливуд актрисаға тек «азиат­тың» рөлін сомдауды ұсынудан аса алмады. Тіпті, Йеоға «Оскар» сый­лаған Everything Everywhere All at Once филь­мінің режиссерлері о баста басты рөлді ер азамат ойнауы керек деп шешкен, ал Мишель оның әйелін сомдайтын екінші план­дағы актриса ғана еді. Йеоның екі мәр­те артист ретінде танылуына әдейілеп бол­маса да ықпал еткен Джеки Чан екенін ай­тып өттік. Бұл жолы да Джеки Йеоның жұлдызын жағады. Everything Everywhere All at Once картинасының басты рөлін сомдауға шақыртылған Джеки Чан бұл ұсыныстан бас тартады. Содан соң фильм режиссерлері сценарийді қайта жазып, басты кейіпкерге Йеоны бекітеді. Биыл 61 жасқа толатын актрисаның өзі: «Бұл туынды менің кино әле­мінде жан-жақты бола алатынымды көр­сетті. Мұндай өнерімді әйтеуір біреу түсін­ді», – деп әзілдейді.