Қызылқұмнан шыққан көкпаршы қыз
Қызылқұмнан шыққан көкпаршы қыз
5,086
оқылды
Ата-бабаларымыз атам заманнан асаудың құлағында ойнап, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар бәйге атын баптауға үлкен мән берген. Әйтсе де, бұл күнде тақымы атқа тисе арқаланып кететін қазақтың бекзадалық өнерін жалғастырып, жылқыны жаратып, тұлпарға қанат бітіруге қызығушылық тудырып жүргендер некен-саяқ.  Ал біз­­­дің кейіп­керіміз Балнұр Нұран асауды тізгіндеп,  жүйріктің бабын тауып жүр. Он алты жастағы қаршадай қыздың бойындағы ер жігітке тән қайсар мінезі де сәйгүлікті серік етіп,  аттың құлағында ойнауына септігін тигізетін секілді. Әйтпегенде Шардараның шабандоз аруы осы жасында атбегілікпен айналысып,  «Қызылқұмнан шыққан көкпаршы қыз» атанбаған болар еді. Балнұр Нұран Балнұр биыл мектепті бітірмек. Қызыл аттестаттан үмітті қыз ата-анасының тұңғышы ғана емес,  әулеттің тұңғыш немересі әрі шөбересі.  Әке-шешесі білімін жалғастырып, оқуда жүргендіктен кішкентай Балнұр ата-әжесінің қолында тәрбиеленген.  «Үлкендердің айтуынша,  аяқтан жаңа тұра бастаған кезде жылқыны көрсем қуанып шыға келеді екенмін.  4-5 жасымда біздің үйде жылқы көп болды. Сонда ағаларым атқа қонса болды «Мені де отырғызың­даршы» деп жабысып жүріппін.  Бала күнімнен ат жүрген жерде аяққа оратылып жүріп, жүйріктің жалын тартып мінер табандылыққа шыңдалдым», – дейді ол. Оның үстіне, қаршадай қыздың қайсарлығы қанында бар қасиет болып шықты. Себебі Балнұрдың арғы бабасы да атбегілікпен аты танылған кісі болған екен. Бүгінде атасының жолын әулеттің тұңғыш шөбересі жалғастырып,  атбегілік өнерді жанына серік етіп келеді. Тіпті, тұлпардың тұяғы маңдайын жарып, талай рет тістеп айбат көрсетсе де кішкентай қыздың жігерін жасыта алмаған. көкпаршы қыз «Кішкентай күнімде қорадан шықпайтын едім. Сөйтіп жүріп талай рет ат теуіп,  денем көгеріп,  жүре алмай қалған кездерім болды. Бірақ атқа екінші рет жоламаймын деген ой болмады.  Үлкендердің өзі бұл қылығымды түсінбей дал болатын.  Бұл да әжемнің қанымен берілген бірбеткейлік шығар деп ойлаймын.  Себебі әжемде асау биелерді жуасытып алатын қасиеті бар еді» деп бала күндегі қызықтарын әңгімелеп берді. Оның айтуынша,  атқақұмарлығымды әулеттің барлық мүшесі әрқашан түсінуге тырысып,  қолдау көрсетіп келеді екен. Алайда анасы қызының атбегілік өнеріне қарсылық көрсет­кенімен,  онысынан ештеңе шықпаған.  «Көкпардың атын баптау ұзақ уақытты алады. Ол кезде жылқыға көп уақытыңды арнап, күнделікті бабын қарайлаумен күнің өтеді.  Бір жылы көкпарға атымды үш жыл дайындадым.  Сол кезде анам «Сабағың жайына қалатын болды. Енді атқа жоламайсың» деп шарт қойды. Бірақ қызының жылқысыз өмірін елестету қиын екенін түсініп, өзі қолдау көрсетті», – дейді. Керісінше, тұлпардың бабын тапқан бұрымды әр күні, әр сағатын жоспарлауға көшті.  «Мен атқа мінбесем сабақ оқи алмаймын.  Таңертең сабаққа барып келген соң атымды суытып, тазалап, жуындырып болған соң үй жұмысын орындауға кірісемін. Оқуға деген ынта-жігерді жылқылардан аламын. Жүйрікті де баптаймын,  сабақ оқуға да үлгеремін», – дейді оқуда озат Балнұр. көкпаршы Асауды үйреткен қаршадай қыз жуас аттың жанына жолағанды ұнатпайды екен. Сол үшін де шығар Балнұрдың баптайтын аттары көкпарға арналған. Әр аттың өзіне тән мінез-құлқын білетін ол: «Әрбір жылқыда адам секілді өзіне ғана тән мінезі болады. Мінезі жоқ жылқы бәйге алмайды.  Сондықтан тепсініп, ойнақтап, секіріп тұратын асау арғымақтың жалын тартып мінген ұнайды.  Әр атты танып-білуге бір тәулік қана қажет. Ол үшін сабырлық,  атқа деген үйірсектік болса жеткілікті. Кез келген асауды алдымен жалынан сипалап, құлағын қасып,  құлағына сыбырлап бойын үйретіп алу керек. Еті үйренген жүйріктің одан кейін жалынын тартып өз ырқыңа көндіру қиындық тудырмайды.  Ал бас салып,  шапқылап ат құлағында ойнау мүмкін емес.  Атбегілік те үлкен өнер», – дейді шабандоз қыз. Отбасында өзінен кейін артынан ерген екі сіңлісі мен інісі ат үстіне мінгенді жақсы көргенімен,  жылқы баптауға қызығушылық танытпайды екен. Сөз арасында кейіпкеріміз «Қыз баласы жүйрікке отырса, жолын байлайды» деген сөздің қисынсыз екенін айтып қалды. Ат жалын тартып мінген батыр қыздардың ұрпағы екенін мойындатып, сәйгүлікті серік етіп келеді. Керісінше, көкпаршы қыз баптаған Ақдауылды қазір бүкіл Қазақстан таниды. Алдағы ҰБТ-ны ойдағыдай тапсырып, армандаған мамандығына қол жеткізгісі келетінін айтқан Балнұр: «Алдағы жоспарым да атбегіліктен алыс емес. Болашақта ат спортын дамытып,  ипподром ашқым келеді. Ата-бабадан келе жатқан атбегілік өнерді арықарай дамытып, көкпар аттарын баптау бұрымдылардың қолынан келетінін көрсетсем деймін», – дейді. Балнұр Далалық салт-дәстүрді жұтып бара жатқан қалалық мәдениетті бойына сіңірген заманда асауды үйретіп, арғымақты тақымдайтын жігіттер азайып бара жатқаны жасырын емес. Атбегілік өнерді ұмытып, тұлпарға тамсанбайтын осы бір қасиет қанымызға сіңген мінезімізді жоғалтып, қазақылықтан айырылуға апара жатқан жоқ па екен. Олай болса, бағы байланған жүйріктің бабын тапқан Балнұрдай бұрымдыларға қолдау көрсетсек құба-құп.