«Қыз жиырмаға толғанда»: қырық жылдан соң қайта оралды
«Қыз жиырмаға толғанда»: қырық жылдан соң қайта оралды
1,495
оқылды
Қазір театрда көрермен көбейген. Әсіресе, елордалық театрларда спектакльдердің дені аншлагпен өтіп жатыр. Му­зы­калық жастар театры қойған «Гауһартас» спектакліне нау­рыз айына билет сатылып кеткен. Жақында Қалибек Қуа­ныш­баев атындағы мемлекеттік академиялық драма театры «Қыз жиырмаға толғанда» спектаклін қойды. Осы спектакльге де билет таппай сабылған көрерменнің көптігі бізді қуантты. Бұл дегеніңіз – қазақ театрына сұраныс артып келеді деген сөз. «Қыз жиырмаға толғанда» спек­таклінің жанры – мелодрама. Авторы – Сұлтанәлі Балғабаев. Қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәурен Серғазин. Режиссердің бұған дейін де бірнеше қойылымын көрген едік. Бұл жолы пьесаға өзгеше дем беріпті. Сөзіміздің әлқисасын пьесаның та­рихынан бастайық. Махаббаттың мәні неде?
«Қыз жиырмаға толғанда» ХХ ғасыр­дың 80 жылдары жазылған туынды. Балғабаевты драматург еткен де осы пьеса болатын. «Көркем проза жазып жүрген кезім еді. Маған ой салған – Төлен Әбдіктің «Біздер үшеу едік» деген пьесасы. Сол спектакльді көргеннен кейін «пьеса жазып көрсем, қайтеді» деп ойладым. Расын айтсам, пьеса жазып, драматург атану отыздан асқанша қаперіме кірмеген еді. Оған жол ашқан – атақты режиссер Райымбек Сейтметов. Сексенінші жыл­дардың басында бағымды сынап көрейін деп, «Қыз жиырмаға толғанда» атты пье­самды Мәдениет министрлігіне ұсындым. Бұл тұңғыш пьесамды Р. Сейтметов оқып көріп, бірден театр репертуарына қабылдапты. Ұзамай, өзімді де осы театрға әдебиет бөлімінің меңгерушісі етіп жұмысқа алды. Сөйтіп, күтпеген жерден әдебиеттегі жаңа өмірім басталып, драматург болып кеттім. Театрға жұмысқа тұрғаннан кейін көп ұзамай «Қыз жиыр­маға толғанда» пьесамды ол кезде жас режиссер Нұрқанат Жақыпбаев сахнаға шығарды. Ең қызығы, оны әдеттегідей емес, спектакль-диспут етіп қойды. Осын­дай жаңалықтардың арқасында бұл спектакль театрдың өзінде де, ауыл-ау­данға гастрольдерге шыққанда да көрер­мендердің ерекше ықыласына бөленді. Кейін көп театрларда сахналанды. Жал­пы, егер бұл пьесам жарыққа шықпағанда, не қойылымы сәтсіз болғанда, мен одан қайтып драматургияға жоламай кетуім әбден мүмкін еді. Сондықтан драматур­гиядағы тырнақалды дүниемнің Райым­бек Сейтметов пен Нұрқанат Жақыпбаев сияқты дарынды азаматтардың назарына іліккеніне шын көңілден тәубе деймін», – дейді драматург.
сахна Бұл спектакль театр сахнасында ұзақ жүрді. Ғ.Мүсірепов атындағы Жас­өспірімдер мен балалар театры ғана емес, өңірдегі театр сахналарында да жиі қо­йыл­ды. Он жыл үзіліссіз жүрді. Он жыл­дан соң спектакль қайта сахнаға шыққан жоқ. Араға отыз жылдай үзіліс салып, театрға қайта келуі драматургті де таң-тамаша қалдырса керек.
«Пьеса туралы тіпті ұмытып кетіппін. Қалибек Қуанышбаев атындағы мем­лекеттік академиялық драма театрының басшылығы хабарласып, спектакльге ша­қырғанда таңғалдым. Бұл өткен ғасырда жазылған шығарма еді. Одан бері қырық жыл өтті. Бүгінгі уақыт талабына жауап бере қояр ма екен деген қаупім болды. Тіпті, өзім сырқаттанып жүрген соң, премьераға бармай-ақ қойсам қай­теді деген де ой болды. Әрі бұл пьесаны өзгертіп түзеу керек, кей тұстарын қайта жазу керек еді. «Ажырасу көбейіп кетті» деген уайыммен жазылған дүние болатын. Нұрқанат спектакльді тоқтатып қойып, арасында көрермендермен диспут жүр­гізетін. «Махаббат бар ма?» деген сауалға көрермендер өзі жауап беретін еді. Жоқ, премьераға келгеніме өкінген жоқпын. Жас режиссер Дәурен Серғазинді таны­май­ды екенмін. Заманауи стильге жақын­датып, өте жоғары деңгейде қойды. Осы­дан 20-30 жыл бұрын ойнаған актрисалар хабарласып, пікірін айтып жатыр. Алғашқы рөлді ойнаған Кеңес Нұрланов та болды. Ол да риза секілді. Демек, бұл тақы­рып әлі де өзекті. Қазір ажыра­са­тындардың саны тіптен көбейді. Бұл спек­такль «Махаббаттың мәні неде?» деген сауалға жауап іздейді. Махаббат деген – ең бірінші сүйген жарың, балаларың, немерелерің дер едім», – дейді Сұлтанәлі Балғабаев.
спектакль Бұл тақырып әлі де өзекті Спектакль шағын ғана топтың арасында өрбиді. Драматургтің «Қыз жиырмаға толғанда» атты туындысы Жібек есімді кейіпкердің жиырма жасқа толған туған күн кешінен басталады. Пьесаның басты тақырыбы – махаббат. Сенім. Қала мен ауыл жастарының бір-біріне деген қарама-қайшы ойлары, ерекшеліктері, өзара түсініспеушіліктері бейнеленген. Үлкен буынның махаббат туралы ойы бөлек те, жастардың ойы бөлек. Отбасылық құндылықтар жайлы да өзгеше толғанады. Мәселен, Жібек пен Ғайыпберген арасындағы сезім шынайы ма? Қаладағы оқыған жігіттің ауыл баласына қарағанда өмір туралы пайымы неге ерекшеленіп тұрады? Жібек Ғайыпбергенге неге сенді?
«Бұл пьеса ХХ ғасырдың 80 жылдары жазылған. Біз оны бүгінгі уақытқа жақын­дата түстік. Бұрынғы пьесаны еске түсіру үшін қайта жаңғырттық. Қойылым жеңіл, махаббат туралы, адамдардың идеалы жайында сөз қозғайды», – дейді режиссер Дәурен Серғазин. Жібек рөлін театрдың жас актриса­лары­ның бірі Бегімнұр Қалила ойнады. Бегімнұрдың айтуынша, «бұл тақырып әлі де өзекті». «Махаббат тақырыбы ешқашан құндылығын жоғалтпаған, жоғалтпайды да. Бірақ қазір осыдан жарты ғасыр бұрынғы тазалық, одан ары заманғы махаббатқа деген өте қымбат көзқарас – өкінішке қарай, тым арзандап кетті. Біз спектакльде сол тазалықты, сол биіктікті, сол тебіреністі қайта еске алғымыз келеді, спектакль жүрегінде осыған орын қалған адамдарға арналады», – дейді актриса.
Бегімнұр үшін Жібек рөлінің ерек­шелігі – жандүниесінің тазалығында, шынайылығында, ешкімді жамандыққа қимайтындығында. Қойылымды бір айдың ішінде дайындап біткен. Уақыт тым қысқа болса да, актерлер өз образын жоғары деңгейде алып шықты. Спектакльде бар-жоғы алты адам ғана. Сол алты адамның іс-әрекеті, болмысы арқылы махаббаттың мәні неде екенін ұғындырады. Қоғамда отбасы құндылығы неге әлсіреп кетті? Адамдар неге кінәні өзге біреуден іздейтін болды? Жігіттің қателігі неде? Өмірде Жібек секілді шынайы, таза, жан баласын жамандыққа қимайтын жандар бар ма? Осы образ арқылы өмірден таза адамдарды іздеп кетесің. Жабырқау жүрегін жұбатқың келеді, сенім сыйлағың келеді, сендіргің келеді, өкпелетпеуге тырысасың... Спектакль осымен құнды. қойылым Ғайыпберген есімді студенттің образын ойнаған Әбілмансұр Серіков «өз кейіпкерімнің маған ұқсайтын тұсы – шыншылдығында» деп санайды. Өмір – қас-қағым сәт, өнер – мәңгілік. Өнер ешқашан өлмейді, өмірде актерлер тек жақсы образдарымен ғана елдің есінде қалады. Бір кездері осы образды сомдаған Кеңес Нұрлановты көрермендері әлі ұмытпаған болса, Ғайыпберген о­б­ра­зындағы Әбілмансұр Серіковтің бейнесі де көрерменді бейжай қалдырмасы анық.   Көрермен не дейді? Ғайша ӘБІЛСЕЙІТ: – Шағын ғана қойылым болғанымен, айтар ойы, мазмұны, мәні жоғары. Отбасылық құндылықтар туралы осындай спектакльдер көбірек қойылуы керек деп есептеймін. Қазір жастар отбасын құруға, өмірге тым жеңіл қарайды. Бір-бірін ренжітіп, бірін-бірі кінәлап, кемшілік іздейтіндер көбейіп кетті. Өмірдің мәні неде? Біз неге кемшілікті өзімізден іздемейтін болып алдық? Спектакль осы сауалға жауап іздейді. Пьесаны қырық жыл бұрын қойылған деп жатыр. Керісінше, нағыз дер уағында, дәл осы заманға лайықты шығарма деп қабылдар едім. Қала баласы мен ауыл баласының арасындағы айырмашылықты да шынайы көрсетіпті. Расында, қала баласының өмірге, махаб­батқа деген көзқарасы бөлек. Бірақ біз өз бақытымызды тым алыстан, биіктен іздеп жүретін әдетіміз ғой. Жақсы адамның бәрі жа­нымызда, қасымызда жүргенін ұмыт­пайықшы. Артөре БЕКЗАТ: – Сұлтанәлі Балғабаевтың «Қыз жиырмаға толғанда» атты пьесасы қырық жылдан кейін қайта қойылды. Автордың өзі бұған қорқасоқтай келгенін айтты. Қырық жыл бұрынғы уақыт басқа еді. Әрі көтерген тақырыбы басқаша болатын. Соғыстан жары қайтпай қалған әулеттің жағдайын баяндайтын еді. Бәрімізде де сол уайым болған еді. Жастарға ұнаған секілді. Сұлтанәлі Балғабаев – драматург ретінде көрерменді қалай ұстай білудің сырын тапқан қаламгер. Ол кісінің бұдан басқа да шығармалары 20-30 жыл сахна­дан түспей жүрді. Дүниенің бәрі атыс-шабыс, тартыс, айналаның бәрі қара тү­некке кетті деп, салы суға кеткен кезеңде өмір­дің жарқын шақтары адамға керек екен. Сол тұрғыдан алғанда қойы­лым өз міндетін атқарған сияқты көрінді маған.