Тасқынға тосқауыл болмай тұр
Тасқынға тосқауыл болмай тұр
© коллаж: Елдар Қаба
838
оқылды
Биыл көктем басталмай жатып-ақ көп өңір су тасқынынан әбігерге түскені белгілі. Бір емес, бірнеше облыста мыңдаған азаматтың үйін су шайып, барынан айырылды. Мұндай жағдайда құтқарушылар барып, қолдан келгенін жасап жатқанын көреміз. Алайда сол апаттың алдын алуға тиіс шенеуніктер бөлінген қыруар қаржыға қарамастан «не бағып» жүргені беймәлім. Осы мәселені жан-жақты талдайтын болсақ, біраз шикіліктің шетін аңғарамыз. Құлықсыз министр қаржының соры Бұл жолы да аяқасты ауылдар­ды су шайғанда табиғи апатқа жауапты министрліктің әрекетіне бас шайқаудан басқа амалымыз болмады. Ендігі оларды «Апат ай­тып келмейді» деп ақтаудың қажеті де жоқ. Себебі су тасқыны елімізге аса таңсық дүние емес, жыл сайын қайталанатын қалыпты құ­былысқа айналған. Өткен айда Түркістан облысының ауылдарын су шая бастағанда көпшілік Тө­тенше жағдайлар министрлігінің әзірлігі жөнінде сөз қозғай бастаған. Көп өтпей 2017 жылы ірі су тасқыны болған Солтүстік Қазақстан облы­сындағы «Қазгидромет» маманда­ры 85 елдімекенді су шайып кетуі мүмкін екенін хабарлады. Жердің беткі қабаты 1,5 метрге дейін қатып қалған, қар шамадан тыс ылғалды екені мәлім болды. Оның үстіне, Есіл өзеніндегі мұз жабыны 50 сан­тиметрге жеткен. Күн жылығанда мұз көбесі сөгіледі, мұз кептелсе, тасқын туып, арнасынан асары бел­гілі жайт. Осындай хабарламалар айтылып жатқанда Төтенше жағдай минис­трінің мәлімдемесі қайран қал­дырды. Ведомство басшысы Юрий Ильин 24 ақпанда «әзірлік жоқ» деп тақырыпқа нүкте қоя салды. Шы­нында «тасқыннан елдің өзі амалдап шығады» дегендей ишара іспетті әсер қалдырды. Әдеттегідей баян­дамаға жүгінген ол Түркістан, Сол­түстік Қазақстан, Ақтөбе облыс­тарында 2021-2023 жылдарға ар­налған су тасқынына қарсы іс-шаралардың Жол картасындағы 22 іс-шараны іске асыру бойынша жұмыстар басталмағанын, Астана және Шымкент қалаларының, Батыс Қазақстан, Павлодар, Түр­кістан облыстарының әкімдіктері халықты су тасқынынан, еріген және жаңбыр суынан қорғау дең­гейіне жетпегенін айтты.
«Алдын алу шараларын елемеу су тасқыны салдарын жоюға қо­сымша қаражат бөлуге әкеп соға­ды. Су тасқынына толық әзірлік жоқ», – деген ол.
Сонда министрлік қыс бойы нені ойлады? Осы жағы түсініксіз. Қазір министрліктер мен әкімдіктер Үкі­метте жиын өткізіп әлек. Айтары белгілі, оны тізбектеп жатудың да қа­жеті жоқ. Тағы бір түйткіл – Тө­тен­ше жағдай министрлігімен қатар әкімдіктер де мүлде дайындық жүр­гізбегені анық, ведомство мен жер­гілікті билік арасында байланыс жоқ. Ақыры елдегі 255 елді мекен, ондағы 127 мыңнан астам үй мен 700 мыңнан астам тұрғын су басқан аймақта қалуы мүмкін екені жария болды. Наурыздың басында «Қаз­гидромет» метеорологиялық қыз­меті Қазақстан аумағының 72 пайызын қар басып жатқанын, 10 өңірде су тасқыны болуы мүмкін екенін тағы хабарлады. Бұдан соң тасқынның алдын алуға деп жұм­салатын бюджет қаржысына күмән­мен қарай бастайсыз. Елімізде бұл мақсатта аз қаражат бөлінбейді. Министрлік те, әкімдіктер де қазы­наға «қол салады». 2017-2020 жыл­дар аралығында су тасқынының алдын алу үшін 42 миллиард теңге жұмсалды. Кейін бұл мақсатта бө­лінетін қаржы аяқасты 4 есеге жуық өсті. 2020-2023 жылдарға 160 мил­лиард теңге жоспарланды (!). Аз қа­ражат емес. Елді мекендерді су тасқынынан қорғауға 2023 жылға дейінгі жаңа Жол картасы бекі­тілген. Әлгінде айтқан 160 мил­лиард­тың 131,6-сы республикалық бюджеттен, 28,6-сы жергілікті бюд­жеттен бөлінеді. Ал алдындағы 42 миллиард теңге қайда жұмсалды? Төтенше жағдайлар министрлігі таратқан мәлімет бойынша 2017 жылдан бастап 2020 жылға дейін республикадағы 315 елді мекенде су басу қаупінің алдын алған. Онда қарасақ өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, өзендердің неғұрлым қауіпті учаскелерінде инженерлік-қорғау жұмыстары жүргізілген. 11 мың шақырымнан астам каналдар мен арық жүйелері, автомобиль және теміржолдарда орналасқан 11 мыңнан астам су өткізу құбыры тазартылған екен.
Айтпақшы, біз жоғарыда әкім­діктер мен министрліктің бірге жұ­мылуға құлықсыз екендерін айт­қан болатынбыз. Негізі су тасқы­ны­ның алдын алуға бөлінетін қаржы­ның өзі даулы дүние. Кезінде осыған байланысты су қаупі зор Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов қарсы пікір айтқан. Оның айтуынша, бірқатар ведомство «2017-2020 жылдарға арналған су тасқыны қаупінің алдын алу және жою жөніндегі шаралар кешені» Жол картасына қол қойған, бірақ Жол картасы бойынша ештеңе жасалмаған. Сол себепті Ахметовке бағдарламаны жүзеге асыруға «жер­гілікті бюджеттен қосымша қара­жат бөлу керек» деген тұсы ұнамай қа­лыпты. «Жабдықтар жоқ. Биыл тағы да әкімдік 500 миллион теңге бөлді. Онда неге бұл бағдар­лама­ларды іске асырып отырмыз? Кім үшін? Әкімдік бұл бағдарламаға қол қоймады. Құжаттарды ашып қара­ңыздар! Барлығы жергілікті бюд­жеттен төленетін болса, онда біз бағдарламаны министрліксіз өзіміз құрамыз», – деген ол. Шамасы су тасқынының алдын алудан гөрі қаржы салдарымен күресуге ғана жұмсалып жатқандай. Оның өзінде жұмсалуы өте күмәнді.
Басшылар болжамға бас қатырмайды Енді тақырыпты ғылыми жа­ғынан қарастыруға көшсек. Негізі су тасқынын жүйелі түрде болжап отыруға болады. Мәселенің шеші­мін жерден емес, көктен іздеуі ке­регі, ғарыштан түсірілген суреттерді сараптап үйренбей, елді топан су баса беретіні талай айтылды. Шы­нында Қазақстанның ғарыш саласы кенжелеп тұрса да, қолда бар қазіргі заманғы технологияларға көңіл бөлгенде тасқын су бұлай аса ты­ғырыққа тіремес еді. Ғарыштан Жерді қашықтан зондтау серігінің түсірген суреті болмаса, жердегі су тасқынына болжам жасау, тасқын­ның қауіп-қатеріне мониторинг жүргізу немесе су тасқынының қатерлерін басқару мүлде мүмкін емес. Билік осыны әлі түсіне алмай келе жатқандай. Бұның бәрі Жерді қашықтықтан зондтау ғылымының интеллектуалды есебі деп аталады. Мысалы, Украинаның бірнеше ғалымы «Жерді бақылаудағы мә­ліметтерді өңдеуде интеллектуалды есепті пайдалану» атты ғылыми кітап жазған. Бір қызығы, осы кі­тапта Орталық Азия осы істе тым сылбыр қимылдап жатқаны тайға таңба басылғандай етіп көрсетіліпті.
«Соңғы уақытта Орталық Азия елдері селдің тасқынынан көп зар­дап шекті. Тасқын суға дәл болжам жасап, тиімді мониторинг жүргізу, тасқынмен байланысты қауіптерді басқару үшін ғарыштан түсірілген Жердің суреті ауадай қажет. Ондай суретсіз болжам жасау мүмкін емес. Ғарыштан алынған суреттер ауа райының қандай екеніне қарамас­тан сантиметрге дейін дәл келетін радиолокациялық мәліметтер бе­реді», – деп жазылған.
Осы уақытқа дейін Қазақстан Үкіметінің тапсырысы бойынша жасалған Жерді қашықтықтан зонд­тайтын екі спутник ғарышта жүр. Бірі, KazEOSat-1. Екіншісі, оған балама спутник KazEOSat-2. 2014 жылдан Жер орбитасында жүрген KazEOSat-1 жерсерігінің мүмкіндігі шектеулі. Дегенмен су тасқыны болатын ошақтарды дәл көрсетіп бере алады. Панхроматикалық ре­жимде қадамы 1 метрден, ал муль­тиспектральді режимде – 4 метрден. Осыған қарамастан Үкімет пен облыс әкімдері KazEOSat-тың тасқын суды алдын ала ескертетін осындай мүмкіндіктерін пайдалана алмай отыр. Мәселен, «Қазғарыш» спутниктері Жерді суретке күнде түсіріп, жауапты мекемелерге жол­дап отырады. Бірақ мәселе сол – олар анализ жасамай, деректерді жайына қоя салады. «Қазғарыш» өздерімен келісімге отырған облыс­тарға да қауіпті ошақтардың суретін жолдайды. Дегенмен 2017 жылы Қазақстанның бірқатар облыстары онымен келісімге келмегені жария болған.
Бірақ келісім болған күннің өзінде қандай пайдасы бар, егер әкімдіктер әрекет етпесе? Мысалы, 2017 жылы Ақмола облысына қа­рас­ты Атбасарды су басарда барлық дерек берілген. Бұған қоса «Қаз­гид­ромет» метеорологиялық, гидроло­гиялық ақпаратты, мұз деңгейін, өзендердегі мұздың жағдайын, қар­дағы ылғал құрамы, топырақтағы ылғал қоры туралы тиісті ақпа­рат­тарды берген. Яғни, қолда мәлімет бар, бірақ түбі дайындық жоқ болып шықты. Әйтпесе қала билігі «бәрін қадағаладық» деп бейжай отырғаны мәлім.
Сонымен, қаншама су тасқы­нынан билік сабақ алар емес. Ер­теңгі күні министрлік пен әкімдіктер бір нәрсені анықтауға көшетіні анық. Олардың сауал: «тасқынға айып­ты кім?». Көзге іліккені жаза­ланар, ал одан кейін не болмақ? Біз­дегі сауал жауапсыз қалары белгілі.