«Болашақ» корпоративтік қоры Астана қаласында 2 сәуір – Дүниежүзілік аутизм мәселесі туралы ақпаратты тарату күніне арналған «Аutism Talks: ерекше балалы ата-аналардың шабыттандырар әңгімелері» кездесуін өткізеді.
TED TALK форматында аутизмі бар балалардың ата-аналары өз тәжірибелерімен бөліседі, аутизмі бар және дамуында басқа да ерекшеліктері бар балаларды тәрбиелеу бойынша кеңестері мен ұсыныстарымен бөліседі, балалары оларға қандай табыстар мен жетістіктерге жетуге шабыт бергенін айтып береді. Сонымен қатар сиблингтер – ерекше балалардың бауырлары сөз сөйлеп, ерекше туыстарымен қарым-қатынас құру тәжірибесімен, аутизм және дамуында басқа да ерекшеліктері бар баламен бір отбасында тәрбие алу ерекшеліктерімен бөліседі. Сондай-ақ іс-шараға психотерапевтер, психиатрлар, мінез-құлық талдаушылары және басқа да мамандар қатысады. Іс-шара ерекше балаларды тәрбиелеп отырған отбасы мүшелері үшін де, ерекше балалармен жұмыс істейтін мамандар үшін де пайдалы болады.
Іс-шарада сөз сөйлейтіндер: «Autism. Қолжетімді орта» қайырымдылық қорының және «Қамқор әке» аутизмі бар балалардың әкелер қоғамдастығының басшылары, ақтөбелік ерлі-зайыпты Руслан мен Сара Қазыбаевтар, «Ерекше бақыт» қоғамдық қорының тең құрылтайшысы, заң ғылымдарының магистрі Светлана Ордабай, балалар психиатры Татьяна Дегтярь, мінез-құлық талдаушысы, «Болашақ» қорының кураторы Айнур Нурова, сондай-ақ «Болашақ» қорының Қамқоршылық кеңесінің төрайымы Динара Гаплан және т. б.
Кездесу барысында спикерлер оқыту мен мінез-құлықты түзетудің тиімді әдістемелері, ата-аналарға психологиялық қолдау көрсету, ерекше балалар мен олардың отбасыларының құқықтары, ерекше бала тәрбиеленетін отбасындағы ерлі-зайыптылардың бір-бірін өзара қолдаудың маңыздылығы, аутизмі бар егіздерді тәрбиелеудің ерекшеліктері және басқа да тақырыптарды талқылайды.