Жыл басынан бері Алматы қаласының полицейлері есірткінің бірнеше ірі партиясын анықтады. Жалпы, осы жылдың өткен 3 айы ішінде жалпы көлемі 60 келі есірткі тәркіленген. Оның ішінде 7 келісі – синтетикалық есірткі. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Алматы қаласы Полиция департаментінің арнайы өкілі Салтанат Әзірбек мәлімдеді.
Департамент мәліметі бойынша, жыл басынан бері Алматыда 205 есірткі қылмысы анықталған. Сонымен қатар мегаполисте есірткі сатуға қатысты 35 деректің жолы кесілді.
Осылайша, жалпы сомасы 187,5 млн теңгені құрайтын 30 000 доза өз «тұтынушыларына» жетпей қалды. «Осы операциялар кезінде «синтетика» шығаратын 3 есірткі зертханасы жойылды. Есірткі қоймасын ұйымдастырудың 2 дерегі және құрамында есірткісі бар өсімдіктерді өсірудің 1 дерегі анықталды», – деді С.Әзірбек.
Сондай-ақ департамент соңғы кезде белең алған синтетикалық есірткіні онлайн сату мәселесіне ерекше назар аударып отырған көрінеді.
Жыл басынан бері полицейлер 27 есірткі бетбелгісін қоюшыны ұстаған. Есірткі тарататын және жарнамалайтын 73 интернет-ресурс анықталды. Ақпарат көзін одан әрі бұғаттау үшін «Кибернадзор» мекемесіне жіберілген.
Департамент өкілінің айтуынша, «Наркостоп» қозғалысы еріктілерінің белсенді қатысуымен есірткінің таралуы туралы ақпаратты қамтитын 1 500 граффити жазуы табылды. Олардың барлығы бұл күнде өшірілген.
«Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды немесе сол тектестерді, заңсыз жарнамалағаны үшін Қылмыстық кодекстің 299-бабы 1-1-бөлігімен 1 адам жауапкершілікке тартылды», – дейді спикер.
Салтанат Әзірбектің айтуынша, Алматыда жыл басынан бері 300-ге жуық профилактикалық іс-шара жүргізілді. Нарколог-дәрігерлермен бірлесе, ақпараттық жұмыс жүргізуге баса назар аударылып отыр.
Осыған орай, Полиция департаменті мен Алматы қаласының Білім басқармасы жалпы білім беретін мектептер мен колледждерде тақырыптық дәрістер, тренингтер, семинарлар өткізу туралы меморандумға қол қойған.