Мемлекеттің мүддесі бәрінен биік тұруға тиіс
Мемлекеттің мүддесі бәрінен биік тұруға тиіс
837
оқылды
Кеше Мемлекет басшысы VIII сайланған Парламенттің бірінші сес­сиясының ашылуында сөз сөй­леді. Сөз басын осыдан бір жыл бұ­рын дәл осы ғимаратта халыққа Жол­дау жасағанын еске алумен бас­таған Қасым-Жомарт Тоқаев со­дан бергі уақытта атқарылған ау­қымды жұмыстарға жоғары баға берді. Ең бастысы, «Реформала­рымыз «Күшті Президент – ық­пал­ды Парламент – есеп беретін Үкі­мет» қағидасына негізделді» деп атап өтті. Ел дамуының негізгі ба­­­­сым­дықтарына тоқталған ол Пар­ла­мент­тің алдағы жұмысы тура­лы ой­ларын ортаға салды. Сегіз бөлік­тен тұратын бұл мін­деттер: іскерлік белсенділік, өн­дірістік әлеует, инфрақұрылымды дамыту, азық-түлік қауіпсіздігі, адам капиталы және әлеуметтік қолдау салаларын қамтиды. Пре­зи­дент негізгі жүк «AMANAT» пар­тия­сына артылаты­нын атап өтті. Бұл сайлау бұрынғы сайлаудан өзгерек Кешегі өткен сайлауда партиялармен қатар көптеген азаматтар бірмандатты ок­ругтен өзін-өзі ұсынған болатын. Осы­­лайша, қазақстандықтар маңызды өз­­геріске өз үлесін қосуға дайын екен­діктерін көрсетті. Бұл елімізде жаңа аза­маттық-саяси мәдениет қалыптасып келе жатқанын білдіреді. Президент сай­лауға белсене қатысқан барша аза­мат­қа алғыс айтып, бұл науқанның, шын мәнінде, бұрынғыдан өзгеше бол­ғанын атап өтті. Сайлау науқаны шы­найы бәсеке жағдайында ашық өткеніне, үгіт-насихат кезеңі және дауыс беру ба­ры­сы ақпарат құралдарынан жан-жақ­­ты көрсетілгеніне тоқталды. Расын­да да, бұл жолғы электораттық науқанда партияларға да, үміткерлерге де бірдей мүмкіндік берілді. Мұны отандық және шетелдік байқаушылар да айтып отыр. Қандай да бір саяси ұйымға артықшылық берілген жоқ. Оның үстіне, Президент еш­бір партияның мүшесі емес. Ал об­лыс әкімдері партия бөлімшелеріне же­тек­шілік етпейді. Жоғары лауазымды қыз­меткерлер партия тізімінде болған жоқ. Яғни, барлық партиялар сайлауға бір­­дей жағдайда қатысты. Сондай-ақ Пре­зидент тағы да атап өткендей, бұл нау­қанда сайлаушылар да, үміткерлер де айрық­ша белсенді болды. Саяси партия­лар әр аймақта ел назарын өзіне аудару үшін тартысқа түсті. Бірнеше рет тікелей эфирде партиялар арасында қызу және тиімді пікірталастар өтті. Мұның барлы­ғы Қазақстанда ашық азаматтық қоғам­ның нығайып келе жатқанын көрсететін демократиялық қалыпты үрдіс екенін атап өткен Мемлекет басшысы сайлау нау­қаны кезінде көптеген орынды сын, байыпты ұсыныс айтылғанын, ондағы сал­мақты ұсыныстар міндетті түрде зер­деленетінін жеткізді.
«Бәсеке жоғары болғандықтан, са­й­лау нәтижесін алдын ала болжау мүм­кін емес болды. Оның қорытындысы еліміз­дің нағыз көппартиялы мемлекетке ай­налу жолында маңызды қадам жаса­ға­нын көрсетті. Мемлекет басшысы ре­тінде айтарым, Мәжіліске көзқарасы әр­түрлі саяси ұстанымдағы күштер келді деп есептеймін. Алғаш рет ұзақ жыл бойы оппозицияда болған партия Парламентке өтті. Біз осының бәріне ауқымды саяси реформаның арқасында қол жеткіздік. Партияларды тіркеу мә­селесін реттейтін заңнаманың өзгеруі де бұған септігін тигізді. Енді партиялар елі­міздің болашағына зор ықпал ететін сая­си үдерістің басы-қасында жүретін бо­лады. Мәжіліске бір мандатты округ­тен де депутаттар сайланды. Яғни, Пар­ламентке түрлі әлеуметтік топтан шық­қан өкілдердің келуіне жол ашылды. Сон­дай-ақ ұзақ жылдан бері алғаш рет өзін-өзі ұсынған үміткерлер депутат атан­ды. Бірқатар азамат партия атынан шыққан үміткерлерді тартысты бәсекеде жеңіп шықты. Осылайша, елімізде де­мократия дәстүрі жаңа деңгейге көте­рі­ліп, нығая түсті. Саяси күштердің бәріне бір­дей мүмкіндік берілетініне азамат­тар­дың сенімі артты», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент бұл жолғы сайлауда жас­тардың да, әйелдер мен мүмкіндігі шек­теулі жандардың да Мәжіліске өтуіне жағдай жасалғанын атап өтті. Сайлау кезінде жас кандидаттар бірігіп, өз тобын құрған болатын. Осы топтың белсенді мүшелері Парламентке және мәслихат­тарға өтті. Ендеше, өкілді билік тармағына саясаткерлердің жаңа буыны келіп жатыр деуге болады. Жастар мұны елімізді дамытуға берілген бірегей мүмкіндік деп бағалауы қажет. Сондай-ақ әйелдер мен ерекше қажеттілігі бар жандардың саяси науқанға араласқаны қоғамдағы әрбір азамат Парламентке мүше бола алатынын және «әлеуметтік лифт» жұмыс істейтінін айқын аңғартты. Әділетті қоғамның қалыптасуы дегеніміз – осы! Бұл оның қатысушыларына үлкен жауапкершілік жүгін жүктейтіні сөзсіз. Кез келген сайлауда жеңіске жету үшін жылдар бойы қажырлы еңбек ету қажет. Халықтың және тарихтың алдындағы жауапкершілікті сезіну керек. Бір сөзбен айтқанда, ұзақ­мерзімді жүйелі стратегияның арқасында ғана жеңіске жетуге болады. Сондықтан да қажетті дауыс жинай алмаған үміт­кер­лер үшін де бұл сайлау – үлкен тә­жіри­бе және жаңа мүмкіндік алаңы болды. Пре­зи­дент жеңгені бар, жеңілгені бар, бар­ша үміткерді Қазақстан мүддесі үшін жұмыла жұмыс істеуге шақырды. Өйткені элек­тораттық модельге негізделген мемле­кет­тік басқару инсти­туты елімізде терең та­мыр жаятын болады.
«Биыл алғаш рет 45 аудан және об­лыстық маңызы бар қала әкімдерін ті­ке­лей сайлау өтеді. Содан кейін еліміздегі барлық аудан әкімдерін сайлайтын боламыз. Осылайша, биліктің барлық институттары жаңарып, тың қарқынмен жұмыс істей бастайды. Біз саяси үдерісті демократияландырып, азаматтардың мемлекетті басқару ісіне қатысу мүмкін­дігін кеңейте береміз. Бәріміз мына бір өте маңызды нәрсені түсінуіміз керек. Қа­зақстан – осы геосаяси аймақта түбе­гей­лі реформа жүргізіп жатқан бірден-бір ел. Кейбір адамдар, солардың ішінде сая­саткерлер де бар, осындай реформалар Қа­зақстанға қауіп төндіруі мүмкін деп ай­тады. Бірақ мен осы өзгерістердің бар­лығы, ең алдымен ел болашағы үшін ауа­дай қажет деп ой­лаймын», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Негізгі жүк «AMANAT»-қа артылады Иә, расында да алдымызда айрықша маңыз­ды міндеттер тұр. Біз жан-жақты жаңғырту жұмысын күшейтуіміз қажет екенін, сондай-ақ әлеуметтік-экономика­лық даму барысына тың серпін беруіміз керек екенін Президенттің өзі айтып отыр. Еліміз ұзақ уақыт бойы қолайлы сыртқы ахуалға арқа сүйеп келді. Неше түрлі тұжырымдамаларға, бағдарламаларға сенді. Атқарылған жұмыс туралы жалған есепке сенуге мәжбүр болды. Алайда, аса маңызды, өзекті мәселелер назардан тыс қалып, экономика мен әлеуметтік салада жылдар бойы түйткілдер жиналып қалды. Олар – халықтың тұрмыс сапасының әлі күнге дейін жақсы еместігі, құқықтық әділетсіздіктің белең алуы, бай мен кедей­дің арасының алшақтай түскені. Ендеше алдағы бес жылда жаңа жасақ­талған Үкі­мет пен қайта жаңарған Парла­мент осы негізгі мәселелердің шешімін табуы қа­жет. Осы ретте Мемлекет басшы­сының елі­міздің бас партиясына ерекше сенім ар­татынын жасырмай айтқаны аманат­тықтардың онсыз да жоғары мерейін үстей түсіп, құлшынысына шабыт қосып, көңі­лін бір серпілтіп тастады. Парламенттің бірінші сессиясы
«Депутаттар билік пен қоғамның әріп­тес­тігін нығайтуға үлес қосуы қажет. Бұл жұ­мыс «Халық үніне құлақ асатын мем­ле­кет» тұжырымдамасын орнықтыруға сеп­­­­тігін тигізеді. Әсіресе, сайлауда жеңіс­ке жеткен «AMANAT» партиясы осы жұ­мыс­­қа белсене атсалысады деп сенемін. Пар­­­­тияның тәжірибесі мол, қоғам тара­пынан жан-жақты қолдау бар. Сондықтан «AMANAT» партиясы алдағы өзгерістер­дің бел ортасында болады деп үміттенемін. Біздің басты міндетіміздің бірі – же­ке­­меншікті қорғау және нарықтың бәсе­келі болуын қамтамасыз ету. Сол үшін сот жә­не құқық қорғау жүйесіндегі рефор­маларды жалғастыру қажет. Мен еліміздің кәсіпкерлеріне үндеу жасағым келеді. Қа­зақстан – бәріміздің ортақ мекеніміз. Ен­деше қастерлі Отанымызды бірге өр­кен­детейік, болашағымызды бірге құ­райық. Мен Президент ретінде сіздерге мем­лекет тарапынан қолдау көрсетіле­тіні­не кепілдік беремін», – деді Президент.
Жаңа Мәжіліс алдында сегіз негізгі міндет тұр Осы орайда Мемлекет басшысы елі­міз­дің негізгі басымдықтары – тұрғын­дар­дың әл-ауқатын арттыру және ұлттың жаңа са­пасын қалыптастыру екенін баса айтты. Сол арқылы тамыры тереңде жат­қан мем­лекеттілік дәстүрімізді нығайта түспекпіз. Мұн­да жаңарған Парламенттің рөлі зор бол­мақ. Ал ондағы басымдық Мә­жіліске бе­ріл­гелі отырғаны анық. Осы рет­те Пре­зи­дент бірінші кезекте жүзеге асы­рылуы қа­жетті сегіз міндетті ерекше атап өтті. «Бірінші. Іскерлік белсенділікті ын­та­ландыру қажет. Ол үшін, ең алдымен әділ, тұрақты әрі ашық салық жүйесін қалып­тастыру керек. Ірі кәсіпорындар және ши­­­­кізат экспортымен айналысатын ком­паниялар қазынаға көбірек төлем түсірсе, әділдік болар еді. Бұл – әлемде бар озық тәжірибе. Ал заңдар мен түрлі ережелерді әзірлеген кезде қаржы-өнеркәсіп топ­та­ры, ірі бизнес өкілдері шешім қабылдауға зор ықпал етеді. Десе де, осы үдерісті қо­ғам­­нан жасырмай, заңмен реттеу керек, әйт­песе жемқорлық белең алады. Сон­дық­тан лоб­бистік қызметті заңмен рет­теудің және оған бақылау жасаудың халық­аралық тәжірибесін зерттеу керек. Тағы бір маңыз­ды мәселе. Үкімет және Парламент туризмді дамыту мәселесіне баса назар ау­даруы тиіс. Бұл салаға тың серпін беру үшін, ең алдымен инфра­құрылым мәсе­ле­сін кешенді түрде шешіп, қызмет сапа­сын түбегейлі жақсарту қажет. Ал орта және ша­ғын кәсіпкерлікті қолдау саясаты мемлекетіміздің ұзақ мерзімге ар­нал­ған тұрақты стратегиясына айналуы керек.
Екінші. Еліміздің өндірістік әлеуетін барынша арттыру маңызды. Қазақстан эко­номикасы әлі күнге дейін пайдалы қаз­баларға тәуелді, ал олай қамсыз отыра­тын заман келмеске кетті. Жер қойна­уы­нан шыққан қазынаның қосымша құнын барынша арттырып, оны сапалы және сұранысқа ие тауарға айналдыру қажет. Бұған дейінгі индустрияландыру жұмы­сы­ның барысында шикізаттық емес сала ойдағыдай дамыған жоқ. Ал бәсекеге қа­білетті экономика дегеніміз – әр­тарап­тан­дырылған экономика. Ең алдымен, ішкі нарыққа бағытталған өңдеу өнеркә­сі­бін дамытуымыз қажет. Өңдеу өнер­кәсі­бін инновация мен жоғары технология ғана жедел дамытады. Сол себепті Қазақ­стан экономикасы ғылыми жетістіктерді негізге алып, өндірісте пайдалануы қажет. Ғылымды жан-жақты дамыту үшін жаңа заң қабылдау керек», – деді Президент.
Мемлекет басшысы ұсынып отырған үшін­ші міндет – инфрақұрылымды да­мытуға қатысты ұстанымдарды қайта қа­рау. Биылғы қыстың көзі қырауда бір­қат­ар аймақта қалалар мен елді мекендер жылусыз қалды. Әбден тозған энергетика инфрақұрылымы әрең жұмыс істеп тұр. Пре­зидент бұл тұрғыда Ұлттық инфра­құры­лым жоспарын қабылдауды ұсынып отыр. Құжатта осы саладағы басты мә­се­лелер ашық көрсетіліп, 2029 жылға дейін іске асырылатын негізгі жобалар қам­тылуы қажет. Сол арқылы осы салаға қо­сым­ша инвестиция тарту көзделуде. Сон­дай-ақ бұл блокта Президент тұрғын үй сяасатын да қозғап, нарықтағы ахуалға ты­ғыз байланысты бұл саланы қайта қа­рап, мейлінше әділ әрі икемді болуын қам­­тамасыз ету қажеттігін атап өтті. Төртіншіден, азық-түлік қауіпсіздігін қам­тамасыз етуге баса мән беру қажеттігін ашып айтқан Президент «агроөнеркәсіп ке­шені бұл міндетті толық орындап отыр­ған жоқ» деп сынға алды. Бұл сала­дағы саясат бірізді емес және мемлекет тара­пы­нан бөлініп жатқан қаражат тиімді жұм­салмайды, өнім өндіруші мен тұтыну­шының арасында делдал көп. Бұл ретте ауыл-аймақтарды кешенді түрде өркендету аса маңызды. Әсіресе, кәсіпкерлік сала­сын ауыл шаруашылығы кооперациясы ар­қылы жүзеге асыру керек. Сондай-ақ стра­тегиялық маңызы бар міндет – су қауіп­сіздігін қамтамасыз ету. Қазір Үкімет Су кодексінің жаңа жобасын әзірлеп жатыр. Су ресурстарын тиімді басқаруға және оларды қорғауға баса назар аудару керек, жаңа тариф сая­сатына көшу қажет. Осы жұмыста ғы­лыми ұстанымды, инно­вация­ны, халық­аралық озық тәжірибені басшылыққа алған абзал. «Бесінші. Адам капиталының сапасын барынша арттыру керек. Ол үшін білім беру жүйесін жан-жақты дамытып, білім са­пасын, әсіресе орта білімнің деңгейін арт­тыру үшін батыл шешім қабылдау қа­жет. Білім беру жүйесіндегі менед­жментті жақ­сартуға баса мән берілуге тиіс. Осы са­ла­ға нағыз кәсіби мамандарды тарту керек. Бұл тұрғыда денсаулық сақтау жүйе­сін, оның инфрақұрылымын жақ­сарту да қажет. Мұндағы барлық жауап­кершілік әкімдерге жүктеледі. Сондай-ақ медицина қызметкерлерінің құқығын қорғауға көп көңіл бөлген дұрыс. Мәд­е­ниет саласындағы саясатты да жан-жақты ойластырып жүргізу керек. Шығармашыл зиялы қауым көпшіліктің көңілінен шы­ғатын, мемлекеттің мүддесіне сай келетін туындылар ұсынады деп үміттенемін. Мен «Қазақстанның халық әртісі» атағын қайта қалпына келтіру туралы шешім қабылдадым. Биыл қазан айында – Рес­пуб­лика күнінде осы атаққа лайықты мә­­­­дениет қайраткер­лерінің алғашқы тобы марапатталады.
Алтыншы. Әлеуметтік тұрғыдан осал топ­тағы азаматтарды қолдау. Әсіресе, ана мен баланы қорғауға айрықша көңіл бө­лінуге тиіс. Бүгінде жарты миллионнан ас­там отбасына арнайы жәрдемақы төле­неді. Мен былтыр «Ұлттық қор – балалар­ға» бастамасын көтердім. Қазір осы баста­ма­ны жүзеге асыруға дайындық жүргізіліп жатыр. Мемлекет мұқтаж жандарға атаулы әлеуметтік көмек көрсетуді жалғастыра береді. Сондай-ақ асыраушысынан айы­рыл­ған азаматтар назардан тыс қалмауы керек. Жалпы, әлеуметтік қолдау алдын ала және шын мәнінде мұқтаж жандарға көр­сетілуге тиіс. Ал зиянды еңбек жағ­дайын­­да жұмыс істейтін адамдарға айрық­ша көңіл бөлу керек. Осындай жұмысшы­лар­ға арнайы төлем төлеу мәселесін ой­ластырған жөн. Бұл ретте еліміздегі және халықаралық тәжірибені мұқият зерделеу маңызды», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Президенттің жетіншіден назар аудар­тып отырғаны – адам құқығын қорғау жүйесін нығайтуды жалғастыра беру. Заңдарымыз Конституцияға толық сай болуы керек. Парламент осы маңызды мә­селеге байланысты табандылық таны­тып, басты рөл атқаруы қажет. Бұл жұмыс азаматтардың конституциялық құқық­тарын қорғау жүйесін күшейте түсуге мүм­кіндік береді. Құқық қорғау сала­сын­дағы тағы бір күрделі мәселе – адам сау­дасы да Мемлекет басшысының наза­рын­да. Ол бұған тосқауыл қою үшін арнайы заң қабылдау қажеттігін атап өтті. Сегізіншіден, мемлекеттік басқарудың тиім­ділігін және стратегиялық жоспар­лау­дың сапасын көтеру қажет. Реформа­лар­ды әзірлеу және жүзеге асыру ісінде мем­лекеттік қызметшілер маңызды рөл ат­қарады. Сол себепті жұмысқа ынтасы бар және жоғары білікті мамандарды мемлекеттік қызметке тарту керек. Жеке сек­торда жүрген кәсіби және дарынды бас­қарушылар үшін жол ашық болуға тиіс. Бізге мемлекеттік қызметтің барынша үйлесімді үлгісіне көшу қажет. Орталыққа жал­тақтамай, жергілікті жерде мәселені шешуге дағдылану керек. Мемлекеттік органдардағы жұмысты ұйымдастыру мәде­ниетін де толық жаңғыртқан жөн. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл ретте сапалы мемлекеттік қызмет көрсету үшін деректер қорын өзара кіріктіру және «ақылды технологияны» пайдалану өте маңызды екенін айтып отыр. Бұл қадам қабылда­натын шешімдердің сапасын арттырады. Сондай-ақ шалғайдағы ауыл тұрғын­да­рына осы игіліктің бәрі қолжетімді бо­лады. Ол үшін мемлекеттік қызмет, мем­лекеттік статистика және мемлекет көр­сететін қызметтер туралы заңдарға өз­гертулер енгізу қажет. Президент әсіресе мемлекеттік жоспарлау жүйесін жаңғырту мәселесіне жеке тоқталды. Соңғы жыл­дары әлемде болып жатқан теңдессіз геосаяси, экономикалық және техноло­гиялық өзгерістер салдарынан біздің кей­бір стратегиялық құжатымыз өзектілігін жоғалтты. Сондықтан «Қазақ­стан – 2050» стратегиясын түбегейлі қайта қарау қажет. Яғни, бұл құжатты қазіргі жаһандық үде­ріс­терді ескере отырып, ел дамуының ұзақ мер­зімге арналған басым­дықтарын ай­қын­дайтын стра­тегияға айналдыру керек. Президенттің айтуынша, реформа­лардан кейін депутаттардың өкілеттігі біршама кеңейді. Қос палатаның жұмы­сына бірқатар өзгеріс енгізілді. Бұрын заң жобасын Мәжіліс мақұлдап, Сенат қабылдайтын. Енді заң қабылдау құзыреті Мәжіліске берілді. Мәжіліс басқа да артықшылыққа ие болды. Бұған дейін Қасым-Жомарт Кемелұлы Премьер-министрдің кандидатурасын сайлауда жеңіске жеткен партия Мемлекет басшы­сына ұсынуға құқылы деп айтқан болатын. Яки, мұндағы саяси жауапкершілік те сол партияға жүктелмек. Бұл тәсіл «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасына сай келеді. Ендеше Үкімет әлеуметтік-эко­номикалық реформаларды іске асыруға кірісуі тиіс. Болашақта Үкіметтегі және аймақ­тардағы басшылық қызметтерге түрлі партия өкілдерін тартқан жөн. Ол үшін саяси партиялардың кадрлық резерв­ін жасақтау ұсынылып отыр. Сондай-ақ өкілді және атқарушы биліктің қарым-қатынасы жаңаша сипатқа ие болады. Енді Үкімет шын мәнінде есеп беретін Үкіметке ай­налады. Парламенттің де өз жұмысы барынша ашық болуға тиіс. Бүгінде оның жиындары интернет арқылы көрсетіледі. Бұл жақсы үрдіске айналды. Оған журналистер де, қалың көпшілік те қызығушылық таны­тады. Парламентте аса маңызды мәселе талқыланса, жалпы отырысты мемлекеттік телеарна арқылы тікелей эфирде көрсету қажет. Азаматтар өздері сай­лаған депутат­тың қалай жұмыс істей­тінін нақты көріп, баға бере алады. Парла­менттегі пікір­таластар, шын мәнінде, жалпыұлттық ауқымға ие болады. Ендеше осы күнгі Мемлекет басшы­сы­ның сөзін өзінің осынау бір сөздерімен аяқ­тағым келеді: «Сонымен бірге бұл тәсіл ашық саясат жүр­гізудің жаңа стандарт­тарын қалып­тас­тыруға, қоғамдық диалог мәдениетін да­мытуға септігін тигізеді. Депутат болу – биік мансап емес, бұл – зор жауапкер­ші­лік және маңызды міндет. Сіздерді халық сай­лады. Жұрт өздеріңізге сенім артып отыр. Ел сенімі – ел аманаты».