Жаңғырған, жаңарған Мәжіліс
Жаңғырған, жаңарған Мәжіліс
972
оқылды
Жаңа Мәжіліс 71,4%-ға жаңар­ды. Өткен шақырылымнан жаңа­сына 28 депутат көшті. Демек, депутаттық корпус салмақты жаңар­ды деуге негіз бар. Бұл да болса, ел Президентінің саяси реформасының бір жемісі. Енді халық жаңа депутаттардан өзін жақсы қырынан көрсетуін, мемле­кеттің мүддесін ілгерілету, елді өркендету, бұқараның қажеттілігін өтеу жолында барын салуын кү­теді. Сессияның ашылуында Мем­лекет басшысы алда тұрған айтулы межелерді белгіледі. Жылдар бойы қордаланып, шешімін таппа­ған көкейкесті мәселе көп. Соны­мен қатар жаңа Парламенттің сәт сайын құбылатын заманға сай амалы болуы шарт. Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастама­сымен жүзеге асырылған саяси жаңғырулар аясында іске кірісіп отырған жаңа Пар­ламент жаңаша жұмыс істейді: бұдан былай заң қабылдау құзыры тек Мәжілісте болады. Бұрын, 27 жылдан бері соңғы сөзді өзі айтып келген Сенатта төменгі палата қа­былдаған заңға келісімін беру не бермеу құқығы ғана қалды. Егер Мәжіліс өз ұста­нымында табандаса, онда қайта дауысқа қойып, Сенаттың келісімінсіз кез келген заңға өмірге жолдама бере алады. Саяси реформа нәтижесінде жаңа Мә­жіліс бұрынғыдай 107 емес, тек 98 депутаттан тұрады. Оның ішінде 69 депутаттық мандат 5 пайыздық табалдырықтан өте алған 6 пар­тия арасында бөліске салынды, солардың партиялық тізіміне кірген тұлғалар арасында таратылды. Яғни, олар пропорционалды сайлау жүйесінде жанама сайланды. Қалған 29 депутатты қазақстандықтар бір мандатты округтер бойынша тікелей таң­дады. Бұлар – өңірлік депутаттар сана­лады және өз облысы мен қаласының мүд­делерін ілгерілетуі тиіс. Осы 29 депутат ма­жоритарлық сайлау жүйесі арқылы сай­ланып отыр. Партиялардың саны жөнінен сегізінші шақырылымдағы Парламент Мәжілісі ел тарихында теңдесі жоқ биікке көтерілді. Оны түсіну үшін тарихқа аз-кем шолу жасай кетсек. 1995 жылы қолданыстағы Конституция қабылданып, Қазақстанда бір палаталы, әрі сессия сайын ғана жиналатын Жоғарғы кеңес орнына қос палаталы, әрі тұрақты жұмыс істейтін кәсіби Парламент құрылды. 1996-1999 жылдары қызмет еткен бірінші Мә­жіліске тек қана мажоритарлы жүйе негі­зінде 67 депутат сайланды. 1999-2004 жыл­дары жұмыс істеген екінші Мәжілістен бас­тап, аралас сайлау жүйесі енгізілді. 2007-2011 жылдарда жұмыс істеген Мәжілістің төртінші шақырылымы жаңартылған Конституцияға сәйкес 107 депутаттан құ­ралды. Мәжіліс депутаттары партиялық тізім бойынша сайланған және ҚХА өкіл­дерінен жасақталды. Бірмандатты округтер жойылды. Содан бергі бесінші (2012-2016 жылдар), алтыншы (2016-2021) және жетінші (2021-2022 жылдар) шақырылымдағы Парламент Мәжілісі тек үш партиядан: «Nur Otаn», «Ақ жол» және Қазақстанның коммунистік халық партиясы (қазіргі Қазақстан халық партиясы) өкілдерінен құралды. Оған ҚХА сайлаған 9 депутат қосылды. Осы орайда Тоқаевтың саяси жаңғыруы аясында Қазақстанның аралас сайлау жүйесіне қайта оралуы электоралды нау­қанды жандандырды. Шетелдік және отандық сарапшылар биылғы 19 наурыздағы парламенттік аламанда әсіресе бір мандатты округтерде кандидаттардың арасындағы өзара сайыс бұрынғымен салыстырғанда анағұрлым қызықты, қызу өтті деп бағалады. Президенттік саяси реформалардың нәтижесінде, яғни жаңа партия құру рәсім­дерінің айтарлықтай жеңілдетілуі арқасында жаңадан қос партия пайда болды. Олардың бірден додаға араласуы партиялар ара­сындағы жарыс көрігін қыздырды. Осылайша, дауыс беру қорытынды­сында сегізінші шақырылымдағы Парла­мент Мәжілісінда жеңіс тұғырына көтеріл­ген 6 партия қимылдайтын болады. Мандат бөлу нәтижесінде «AМАNАТ» партиясы – 40 мандат, «Ауыл» – 8 мандат, Respublica мен «Ақ жолдың» әрқайсысы – 6 мандаттан, ҚХП – 5 мандат, оппозициялық ЖСДП – 4 мандат иеленді. Олардың алдында ортақ міндет тұр: Мәжілістің пәрменін арттырып, сол арқылы «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидасының жүзеге асуына қол жеткізу. Қ.Тоқаев сессияның ашы­луындағы сөзінде дәл осы қағиданы – мемлекетіміздің басты тірегі деп атады. Бұл үшін әрбір парламенттік партия және әрбір депутат мемлекеттік деңгейдегі және жергілікті жерлердегі өткір мәселелерді ашық түрде көтеруі және кемшіліктерді анықтап, нақты шешімдер ұсынуы тиіс. Жаңа Мәжілісте қай кәсіп иелері басым? Сайлаудан соң бір күн өткенде бір ман­датты округтер бойынша кімдердің озғаны белгілі болды. Саясатқа жүйрік жұртшылық партиялық тізімдер бойынша кімдердің өтетінін тағатсыздана күткен. Соңғы екі күнде бұл да анықталды. Сарапшылар пар­тиялық тізімдерде кәсіби басқарушылар, кәсіпкерлер, блогерлер көп екеніне назар аудартады. Бұл түсінікті де. Әрбір партия мен саяси күш өз бағдарламасын ілгерілету, әрі өзін сайлаушылар арасында танымал ету үшін ең алдымен, қоғамдық пікір көшбасшы­ла­рына иек артты. Парламентке өткеннен кейін партия сайлаушыларға берген уәдесін орындап, ел сенімінен шығуы, сөйтіп халық арасындағы орны мен рөлін нығайтуы шарт. Бұл үшін әмбебап кәсіби мамандар, бас­қарушылық дағдысы мол тұлғалар, тіпті күн-түн демей, тым-тырыс әрі тынымсыз ең­бек ететін, заң жазатын технократтар қа­жет. Ал бұрынғы Парламенттен ауыса алған тәжірибелі депутаттар жаңа әріптестеріне заң шығару процесін қалай жолға қоюды үйретіп, жұмыстың кешеуілдемей, тез бас­талып кетуіне ықпал етеді. Сонымен, анықтағанымыздай, жаңа Мәжілістегі депутаттық креслоға 20-дан аса блогер мен журналист қонжиды. Бұған қоса, өзін саясаттанушы деп таныстырып жүрген 9 адам да мандатқа ие болды. Жаңа депутаттардың кем дегенде 15-і өз мансап жолында шенеунік болып жұмыс істеген. жаңарған Мәжіліс 20 депутат төл бизнесін дөңгеленткен, яғни іске қыры барын дәлелдеген кәсіп­керлер. Оларға қазір өз бизнесін басқа адам­дардың сенімді басқаруына тапсыруға тура келеді. Себебі, мәслихат депутат­та­ры­нан айырмашылығы сол, Парламент депу­таттарына бизнеспен айналысуына тыйым салынған. Тек шығармашылық, оқытушы­лық қызметтен табыс табуына, мысалы, де­путаттықпен бірге журналист, блогер, уни­­верситеттегі профессор, лектор сияқты лауазымдарды қоса алып жүруіне ғана рұқсат. Қынжылтатыны сол, жаңа Мәжілісте кәсіби экономистер саны 9 ғана. Кәсіби заңгерлер саны да небары 9. Бұл маман­дардың аздығы Парламенттің сапалы заң қабылдауына кері әсер етпесе болғаны. Мысалы, екі жыл ішінде елдегі бүкіл саяси, экономикалық, әлеуметтік жаңғы­руды толыққанды заңмен қамтамасыз етіп, қыруар іс тындырып, тараған VII сайланған бұрынғы Мәжілісте депутаттардың 30-ы немесе 28%-ы докторлар мен кандидаттар ғылыми атақтарына ие еді. Онда қалаулы­лардың жартысына жуығы заңгер мен экономист болды. Есесіне, блогерлер мен саясаттанушы­лардың көптігі нәтижесінде жаңа Мәжіліс қызықты диалог алаңына, сонымен бірге қызу, тіпті қызылкеңірдек пікірталас орны­на айналуы мүмкін. Депутаттардың тізімі осыны білдіреді. Қазақстан көшбасшысы да ұзақ жыл бойы оппозицияда болған партия алғаш рет Парламентке кіріп отырғанына екпін түсірді. «Меніңше, жаңа Парламент үдемелі жұмыс істеп, заң шығарушы билікке жан бітіреді. Мәжіліс залында аса маңызды, прин­ципті мәселелер бойынша өте сал­мақты айтыс-тартыстар оты үнемі тұтанып тұруы да мүмкін. Ең бастысы, ол саяси күш­тер арасындағы тайталас пен саяси дағ­дарысқа соқтырмаса, жөн. Барлық мәселе Парламенттің заң шығару процесін қанша­лықты сапалы жүргізе алатынына байла­нысты болмақ. Мен жаңа депутаттар сапы­нан көптеген блогер, саясаттанушыларды көріп отырмын. Олардың да байсалды жұ­мыс істегені маңызды. Босқа сөз сапырып, популизмге, әлдебір философиялық өріс­терге шектен тыс бой ұрмай ма? Бұл да мә­селе. Оның жауабына алда қанығамыз», – деді саясаттанушы Талғат Қалиев. Жаңашылдық пен жауапкершілік «AMANAT» фракциясында саясатта­ну­шылар, блогерлер, журналистер, эконо­мистер, заңгерлер, спортшылар, дәрігерлер, бұрынғы министрлер мен депутаттар жәнф басқа кәсіп иелері ұсынылған. Жалпы, «AMANAT» партиясының бұл жолы да ба­сым жеңіске жететінін сарапшылар бірден болжады. Өйткені ол тек сайлау жария­лан­ғанда ғана жан кіріп, қимылдай бастайтын өзге партиялардан ерекшеленеді: сайлау­шы­ларымен, халықпен жыл он екі ай бай­ланыста болып, қоян-қолтық жұмыс іс­тейді. Қоғамдық қабылдауларында жұрт­шылықтың арыз-мұңын тыңдайды, шешуге күш салады. Ал бұрынғы сайлауларда орасан зор тәжірибе жинады деп саналған «Ақ жол» партиясының және Қазақстан халық пар­тиясының бұл жолғы жеңісі жеңіліске пара-пар. Бесінші шақырылымдағы Парламент Мәжілісінде «Ақ жол» партиясынан – 8, ҚКХП-дан – 7 депутат жұмыс істеді. Ал­тын­шы шақырылымда «Ақ жолда» – 7, Қа­­зақстан коммунистік халық партиясынан – 7 депутат қызмет етті. Жетінші сайланған де­путаттық корпуста «Ақ жол» өз еншісін – 12, Қазақстан халық партиясы – 10 депутаттық мандатқа дейін арттыра алған. Бүгінде, яғни сегізінші шақырылымда қос партия тиісінше 6 және 5 депутаттық мандатты місе тұтуға мәжбүр. Күтпеген жерден Қазақтандағы №2 партияға айналған "Ауылдың" партиялық тізімімен өткендер де елді елең еткізді. Мысалы, осы партия атынан бұған дейін Президенттікке кандидат болған екі адам (Жигули Дайрабаев пен Қарақат Әбден) депутат болып отыр. Партия фракциясының құрамы оның кәсіпкерлер мен технократ­тар­ға сүйенетінін аңғартқандай: оның аты­нан экс-вице-министр, агроном, экономист, ғалым, кәсіпкерлер депутат болды. Ал Respublica партиясы әзірге туа сала алыпқа айналған Алпамысты елестетеді: биылғы жылдың басында ғана құрылып, енді Қазақстандағы №3 партия мәртебесіне ие болды. Оның кейінгі істері елін қорғау жолында жан аямай күрескен Алпамыс батырдай тегеурінді, тиімді болса орынды. Сарапшылар Мәжіліске жаңадан кіріп отырған үш партия – Ауыл, Республика және ЖСДП депутаттары заң шығарушы билікке жаңа леп әкеліп, жаңа саяси тренд-үрдістерге, тың парламенттік дәстүрлерге із аша алады деп күтеді. Олардың қолынан бұл келсе, онда шыққан биігінде орнық­қаны. Келмесе, келесі сайлауда таз кепе­шіне қайта түсуі ықтимал. Ендеше олардың шегінетін жолы жоқ, белсенді істен тар­тыншақтауына, пәрменді шаралардан қор­қасоқтауына негіз жоқ. Тынымсыз тал­пыныс танытып, үде­мелі ізденісімен көзге түсіп, жаңа Парла­менттің жұмысын жаңғыртқаны, сөйтіп, елдегі жаңаруларды ілгері сүйрегені абзал. Қорыта айтқанда, жаңа Парламентте 6 партияның орын алуы Қазақстандағы пар­тиялық құрылыстың жаңа белеске көте­рілгенін аңғартты. Бұл алда жаңа партия­лардың құрылуына серпін беруі мүмкін. Ал партиялық тізімдер – қоғамның түрлі қа­баттарының мүддесін ұсынады. Оған қарап, қандай партияның нені мақсат тұтатынын, қандай міндеттерді алға оздыратынын байқауға болады. Сайлау Қазақстан қоғамының жаңғы­руға деген жоғары сұранысын паш етті. Осы аяда ескі сүрлеумен салып ұрып жүре беру жарамайды. Бірақ жаңа екен деп әсіре популизмге ұрыну да жөн емес. Олай болса, жаңа Парламент ел сенімін ақтауы, жиған беделін сақтауы үшін жаңашылдық пен жауапкершілікті қатар ілгерілетсе, құба-құп.