Қоғамдық көлік саласына тәртіп керек
Қоғамдық көлік саласына тәртіп керек
882
оқылды
Солтүстік Қазақстан облысында қоғамдық көлік жұмысы халықтың көңілінен шықпай отыр. Облысішілік және қалаішілік автобустардың атына және жолдардың сапасына қатысты айтылатын сын көп. Бірақ одан шығарылып жатқан қорытынды шамалы. Өңірдегі жолаушы тасымалдау мәселесін қарастырмас бұрын облыстық қоғамдық кеңес мү­ше­лері алдын ала мониторинг жүр­гізген көрінеді. Соның барысында облыс орталығынан небары 25 шақырым қашықтықта орналас­қан Подгорное ауылының тұр­ғындарынан автобус қатына­майтыны туралы шағым келіп түскен. «Тұрғындардың бізге жаз­ған шағымына қарағанда, үш айдан бері автобус жоқ. Ауыл тұрғындарының басым бөлігі қалада оқиды немесе жұмыс іс­тейді. Олар күнде таксимен қа­ты­науға мәжбүр. Жергілікті атқару­шы органдарға бірнеше рет жү­гінгенімен, жауап жоқ. Қанша кү­туге болады? Бүгінгі күні тұр­ғындар неліктен мұндай жағдайда өмір сүруі керек?» – деді кеңес отырысында заңгер, қоғамдық кеңес тұрақты комиссиясының төрағасы Павел Афанасьев. Сондай-ақ оларға Есіл ауда­нындағы Покровка ауылында ор­наласқан колледж студент­терінен де өтініш келіп түскен екен. Ауылдар арасында автобус қатынамайтындықтан, қыз-жі­гіттерге үй мен колледж арасында жүріп-тұру әжептәуір қиындық туғызып отыр. Мектеп оқушы­лары үшін оқу орнына дейін ав­тобус қарастырылған, ал сту­денттерге ол да жоқ. Сондықтан олардың өз қаржысына такси жалдау немесе жолшыбай кетіп бара жатқан көлікке мінгесуден басқа амалы жоқ. Бұл – қалтаға салмақ. «Ендеше Есіл ауданында әлеуметтік маңызы бар қоғамдық тасымал бағыттарын енгізу бо­йынша жүргізіліп жатқан жұмыс жеткіліксіз деген қорытынды жасауға болады», – деп қоры­тын­дылады қоғамдық кеңес мүшесі. Оның айтуынша, Петропавл қаласында қоғамдық көлікпен қатынайтын жолаушылармен де кері байланыс орнатылған. Сон­дықтан медальдің екі жағы бола­тыны сияқты, бұл ретте олар жо­лаушылардың да, жүргізу­ші­лердің де мұң-зарынан құлағдар. Жолаушылар жүргізушілердің дөрекілігіне, автобустардың дұ­рыс жүрмейтініне, ескілігіне, кезекші көліктердің жоқтығына, аялдамалар жаңбыр мен желден қалқан бола алмайтынына, элек­тронды таблолар жұмыс істемей­тініне наразылық білдірсе, жүргі­зушілер жұмыс жағдайының ауыр­лығына шағымданады. Олар­дың айтуынша, күні бойы түскен қолма-қол ақша аз болса, еңбекақысы азайтылатын көрі­неді. Бәсекелестерімен жарысуға нұсқау беретін басшылар да бар екен. «Таңғы 5-тен тұрып, күні бойы ыстық тамақсыз кешкі 22.00-ге дейін жұмыс істеу оңай емес. Жолаушылардың да әртүр­лісі кезігеді. Көлік сынып қалса, өз қаржымызға жөндейміз. Тех­никалық байқау – өз есебімізден. Жолаушы тасымалдаумен айна­лысатын кәсіпкерлерге субсидия төленеді ғой», – дейтін көрінеді жүргізушілер. СУБСИДИЯҒА САРАПТАМА КЕРЕК Сондықтан қоғамдық кеңес мүшелері кәсіпкерлерге облыс­тық және қалалық бюджеттен субсидия төлеген кезде, әр бағыт­қа қатысты жағдайды жеке-жеке талдап, сараптама жүргізу қажет деген пікірде. Олар әлеуметтік ма­ңызы бар барлық бағыттарға түгендеу жүргізіп, олардың тізімін қайта қарауды ұсынды. «Сондай-ақ субсидия алуға талаптарды күшейту керек. Тасымалдаушылар ұсынған құжаттар мен мәлімет­терді егжей-тегжейлі тексеру қа­жет. Ол үшін бұл жұмысқа об­лыстық ревизиялық комиссияны тарту да артықтық етпейді», – деді Павел Афанасьев. Жергілікті атқарушы билік органдары мен тариф жөніндегі комиссияның тасымалдаушылар ұсынатын құжаттарды, мәлімет­тер мен ақпаратты қайта тексеру және сыни талдауға хақы жоқ. Жұмыстағы басты қиындық – осы. Әрі тариф жөніндегі комис­сияның құрамына тасымал­дау­шылардың өздері немесе олардың өкілдері енгізілген. Бұл мүдделер қақтығысына және тасымал­даушылар үшін қажетті шешімдер қабылдауға әкеліп соғады. Кон­курс өткізу барысында біреулер­дің мүддесі қорғалатынын сы­байлас жемқорлыққа қарсы қыз­мет те анықтаған болатын. Атап айтқанда, қалалық бағыттағы сегіз лоттың екеуі белгілі бір ірі тасымалдаушылар үшін жасалға­ны белгілі болды. Жалпы, олар­дың сараптамасы көрсеткеніндей, үш негізгі тасымалдаушы ғана бар. Қалғандарының үлесі 3 па­йызды ғана құрайды. Әрі ба­ғыттарды алдын ала бөліп алып, конкурс қағаз жүзінде ғана өт­кізілгені әшкере болды. Кейбір конкурстарға бір кәсіпкердің аффилирленген екі компаниясы ғана қатысқан. Қоғамдық кеңес мүшелерінің пікірінше, Петропавл қалалық әкімдігі жекелеген бағыттардың иелеріне субсидия төлеуден бас тартуы тиіс. Бұл әсіресе өзін-өзі ақтауын жасыруға мүмкіндіктері бар бағыттарға қатысты. Осы мақсатта барлық қалалық және саяжай маршруттарын 100 пайыз субсидиялауды тоқтатып, оларды әлеуметтік маңызы бар бағыттар қатарынан шығарған жөн. Бұған қоса, өзін-өзі ақтайтын, жолау­шылар ағыны көп, халық ара­сында танымал, қаланың бүкіл аумағынан жүріп өтетін бағыт­тарды да «әлеуметтік маңызы бар» деген мәртебеден айырған абзал. Әрі иелері жалған құжат пен ақпарат ұсынатын бағыттарды да субсидиядан қағу ұсынылды. Жуырда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы жем­қорлық тәуекелдеріне зерттеу жүргізген сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет те осындай ұсыныс жасаған болатын. Субсидия төлеу ретке келтірілген соң жолаушы­ларға қызмет көрсету сапасы да жақсара түседі деген үміт бар. Петропавл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, қоғамдық көлік және автомобиль жолдары бөлімінде субсидиялау қажеттілігін есептеу тетігі және алдағы 3 жылға жоспарланған жолаушылар ағыны бойынша деректер жоқтығы сынға алынды. Ал бұл заң бойынша талап етіледі. ТАРИФТІ КӨТЕРУМЕН ІС ТЫНА МА? Жергілікті атқарушы билік өкілдері мен кәсіпкерлер қор­даланған мәселелерді шешу үшін жолақыны қымбаттату керек деп отыр. Петропавл қаласы әкімінің орынбасары міндетін атқарушы Әділбек Әубәкіровтің айтуынша, тасымалдаушылардың өтініші бойынша биыл бұл мәселе ко­миссия отырысында қарасты­рылған көрінеді. «Жол ақысын қымбаттату қажеттілігі туындап отыр. Қазіргі тариф 2017 жылы қабылданған, одан бері 6 жыл өтті. Қолданыстағы тарифке енгі­зілген шығындар қазір оған сай емес, өзгерістерді қажет етеді. Бү­г­інгі таңда тасымалдаушылар есеп айырысулар, коммерциялық ұсыныстар сияқты құжаттама дайындауда. Растайтын құжат­тарды ұсынғаннан кейін тарифті қымбаттату рәсімі іске қосы­ла­ды», – деді Әділбек Әубәкіров. Солтүстік Қазақстан облыс­тық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқарма­сының басшысы Мақсат Баяхмет 2017 жылдан бері тасымалдау­шылардың шығыны 2-3 есе арт­қанын алға тартты. «Дизель оты­ны 130 теңгеден 260 теңгеге дейін қымбаттады. Жанармай бағасы 135 теңгеден 189 теңгеге дейін жет­ті. ПАЗ автобусының автоши­насы 28 мың теңге еді, енді 108 мың теңге тұрады. Жүргізуші­лер­дің еңбекақысы бұрын 120 мың теңге болса, қазір 240 мың теңге. Автобустар да қымбаттады: мәсе­лен, ГАЗель микроавтобусы 2017 жылы 5 миллион теңге тұрса, қа­зір 14 миллион теңгеге дейін ша­рықтап кетті. ПАЗ автобус­та­рының бағасы 9,5 миллион тең­геден 22 миллион теңгеге бір-ақ шықты. Сондықтан бір шақы­рым­ның тарифін 2 теңгеге қым­баттату тасымал сапасын жақ­сартып, үнемделген субсидия қар­жы­сын облыстың шалғай аудан­дарына жаңа әлеуметтік маңызы бар бағыттар ашуға жұм­сауға мүмкіндік берер еді. Сөйтіп, елді мекендерді автобус бағыт­тарымен қамту көрсеткіші арта­ды», – деді басқарма басшысы Мақсат Баяхмет. Бірақ қоғамдық кеңес мүше­лері бұған қарсылық білдірді. «Жолақыны қымбаттатпас бұрын бұл саланы ретке келтіріп, тәртіп орнату керек, ешқандай наразы­лық болмауы тиіс», – деді олар. Әрі, олардың ойынша, жолақы тарифін өзге өңірлермен салыс­тыру мүлдем дұрыс емес. Себебі әр өңірдің өзіндік экономикалық-әлеуметтік ерекшелігі бар, тұр­ғындардың күнкөріс деңгейі әр­түрлі. Тасымалдаушылардың әр­қайсысының өзіндік шығында­ры, кіріс мөлшері, көрсетілетін қыз­меттердің өзіндік құны және басқаларға ұқсамайтын өзіндік рентабельділігі бар. Сондықтан бәрін бір өлшемге салу – қате. Петропавл қаласында қоғам­дық көлікте электронды жүйе арқылы есеп айырысу енгізілгелі, бұл салада біршама тәртіп орнады. Енді белсенділер қолма-қол ақша айналымын да ретке келтіру керек, олардың түсімін қатаң есеп­ке алу қажет деген ұсыныс ай­туда. Жалпы, сараланған та­риф­ті қолдаушылардың қатары қалың. Тариф жергілікті атқару­шы органның шешімі бойынша маршруттың және жол жүру биле­тінің түріне, төлем тәсіліне, сон­дай-ақ тасымалдау қашықтығына немесе жүріп өткен аялдама са­нына байланысты сараланады. Қоғамдық кеңес мүшелері атап өткеніндей, Солтүстік Қазақстан облысында және Петропавл қала­сында мұндай саралау мүлдем жасалмайды немесе байқал­май­тын және түсініксіз схемалар бойынша жүзеге асырылады. Сондықтан тарифтерді саралауға көшу – әлеуметтік маңызы бар тасымалдарды субсидиялау мен қоғамдық көлікті дамытудағы келесі қадам болмақ. Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысында 100 адамнан астам тұрғыны бар 443 ауылдың 371-і ғана (83 пайызы) автобус қаты­насымен қамтылған. Билік өкіл­дерінің айтуынша, жанар-жа­ғармай материалдарының, қо­салқы бөлшектер бағасының, автобустар құнының және та­рифтің төмендігіне байланыс­ты, басқа елді мекендерге тұрақ­ты тасымалдауды жүзеге асыру қиын.

Солтүстік Қазақстан облысы