Үкімет әкімдермен бірлесіп, әрбір облыстың әлеуетін арттыруы тиіс – Мемлекет басшысы
Үкімет әкімдермен бірлесіп, әрбір облыстың әлеуетін арттыруы тиіс – Мемлекет басшысы
442
оқылды
Мемлекет басшысы Мәжілістің жалпы отырысында агломерацияларды дамыту мәселесіне баса назар аудару қажет екенін айтты.
«Аумақтық саясат жан-жақты ойластырылып жүргізілуге тиіс. Аймақтар қуатты болса, бүкіл мемлекет өсіп-өркендейді. Сондықтан еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымы оңтайлы әрі тиімді болуы керек. Бұл – өте маңызды мәселе. Былтыр жаңадан Абай, Ұлытау және Жетісу облыстары құрылғанын білесіздер. Бұл қадам осы аймақтарды тың қарқынмен дамытуға жол ашты. Біз аймақтар арасындағы экономикалық теңсіздікті азайту үшін тиімді шаралар қабылдауымыз керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Президент Үкіметке әкімдермен бірлесе отырып, әр облыстың әлеуетін арттыруды тапсырды.
«Әр аймақтың өзіне тән мүмкіндігін толық пайдалану қажет. Мен мұны бірнеше рет айттым. Сондай-ақ агломерацияларды дамыту мәселесіне баса назар аударған жөн. Үкімет осыған қатысты заңның мүлтіксіз орындалуын және жоспарланған жұмыстың тиімді атқарылуын қамтамасыз етуге тиіс», – деді Мемлекет басшысы.