Ақтауда көлік жүргізіп келе жатқан азамат жүрек талмасынан көз жұмды. Бұл туралы Маңғыстау облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. Оқиға 30 наурыз күні сағат 09:45 шамасында болған. 3 Б шағын ауданында «Chevrolet Cruze» автокөлігінің жүргізушісі тұрақта тұрған «Chevrolet Lacetti» көлігіне соқтығысқан.
«Анықталғандай,»Chevrolet Cruze«жүргізушісі өзін жайсыз сезініп, жол-көлік оқиғасына жол берген. Алдын ала болжам бойынша, қозғалыс кезінде оның жүрек талмасы ұстап қалған. Жүргізуші сол жерде қайтыс болды», – делінген баспасөз мәліметінде.Бұл факті ҚР Қылмыстық кодексінің 001-бабы (адамның қайтыс болуы) бойынша тіркеліп, сот-медициналық сараптама тағайындалды. Қазір тергеу жүріп жатыр.