Оқу-ағарту министрлігіне бірнеше қосымша құзырет берілуі мүмкін. Бүгін Үкімет қаулысы көпшілік талқылауға шығарылды. Жаңа өзгеріске сай, енді аталған ведомствоға мына құзыреттер берілмек: – 12 жастан 35 жасқа дейінгі балалар мен жастарды патриоттық танытқаны және белсенді азаматтық ұстанымы үшін ерекшелік белгісімен наградтау қағидаларын бекіту; – 14 жастан 35 жасқа дейінгі балалар мен жастарды патриоттық танытқаны және белсенді азаматтық ұстанымы үшін ерекшелік белгісімен наградтау жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыратын ұйымды айқындау; – мемлекеттік білім беру ұйымдары қызметкерлерінің үлгілік штаттарын айқындау; – техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға түсу кезінде қабылдау квотасының мөлшерін бекіту; – еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып, республикалық бюджеттен қаржыландырылатын білім беру ұйымдарында, сондай-ақ техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын бекіту; – «Өркен» грантын беру қағидаларын және оның мөлшерін бекіту; – аккредиттеу органдарына, оның ішінде шетелдік аккредиттелген органдарына қойылатын тану қағидаларын бекітеді. Танылған аккредиттеу органдарының, аккредиттелген білім беру ұйымдары мен білім беру бағдарламаларының тізілімін, сондай-ақ оларды оған енгізу, тоқтата тұру және одан шығару негіздерін қалыптастыру және бекіту; – мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарын дамыту бағдарламасының құрылымы және оны әзірлеу қағидаларын бекіту. Министрлік түсіндірмесіне сай, бұл құзыреттерді беру – білім саласын одан әрі дамытуға және оның сапасын арттыруға ықпал етпек. Қаулы 12 сәуірге дейін көпшілік талқылауда болады.