Түлкіні тауық қораға еркін кіргізгендей, пайдакүнемнің қолына триллиондаған теңге толы қойманың кілтін ұстата салудан өткен қауіп жоқ. Елімізде қазына қаржысын жемқорлардан қорғау үшін тың қадам жасалмақ. Үкімет мемлекеттік сатып алулар мен квазимемлекеттік сатып алуларды біріктіруді ұсынды. Қазір бұл процестер жеке-жеке жүзеге асырылады. Соңғысына ревизорлардың өзі «тұмсық» батыра алмайды. Сондықтан нарыққа кімдердің әмірін жүргізетінін қарапайым көпшілік тұрмақ, аудиторлар да білмейді. Теңге тасқындаған тендерді ретке келтіруге Үкімет әбден тырысып бақты. Әділет министрлігінің Заңнама және құқықтық ақпарат институтының мәліметінше, 2016-2021 жылдар аралығында «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңы баптарының 70 пайыздан астамы өзгертіліпті. Алда заңнама тағы өзгергелі тұр. Бірақ тәртіп бойынша кез келген заңға осынша көп көлемде түзету енгізілсе, онда оның орнына жаңа заң қабылдануы тиіс. Осы мақсатта Қаржы министрлігі бүгінде «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа заң жобасын әзірлеп жатыр. Онда біраз жаңалық бар. Соның ең бастысы – мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алуларды біріктіріп, бір жерден жүргізуді қарастырады. Отандық ірі компанияның сатып алу жөніндегі менеджері Шынар Жайылғанның түсіндіруінше, дамыған елдерде сатып алуларды мемлекеттік және квазимемлекеттік деп бөлмейді. Мұны бұрынғы билік ұлттық компаниялардың тендерлерін және қаражат ағынын қоғамнан көлегейлеп, жасыру үшін жасаса керек. Шынында, еуропалық директиваларда да, Дүниежүзілік банктің қағидаларында да, Еуропалық қайта құру және даму банкінің сатып алу ережелерінде де квазимемлекеттік сектор ұғымы жоқ. Озық елдерде мемлекет, мемлекетке тиесілі компаниялар жүзеге асыратын барлық сатып алу бірыңғай талаптарға сәйкес, сондай-ақ Бірыңғай ақпараттық алаңда жүзеге асырылады. Енді Қазақстан осы үлгіге мойынсұнбақ. Дүниежүзілік банк өзінің сонау 2020 жылғы есебінде бізге осы қос жүйені біріктіруге кеңес берді.
«Мемлекет пен оның құрылымдары жүзеге асыратын барлық сатып алуға бірыңғай көзқарас Қазақстан экономикасының қалпына келуін жеделдетуге ықпал етер еді. Соңғы екі онжылдықта Қазақстан төл мемлекеттік сатып алу жүйесін халықаралық стандарттарға жақындатуға елеулі күш салды. Соған қарамастан бұл мемлекеттің сатып алу қызметі басым көпшілігінде бәрібір аталған стандарттарға сәйкес келмейді. Бұл жүйе тиімділігін шектеп отыр. Сатып алудың қомақты бөлігі «Самұрық-Қазынаны» қоса алғанда, квазимемлекеттік секторға тиесілі: оның көлемі мемлекеттік сатып алудан екі есеге жуық асып түседі. Ал бұл сектор сол бұрынғыдай жалпы жүйеден тыс қалып тұр», – деп бағалады жаһандық қаржылық институт сарапшылары.Сол себепті Дүниежүзілік банк Қазақстанға біріншіден, мемлекеттік қаражатты шығындауда айқындық пен тиімділікті барынша қамтамасыз ету үшін осы жүйелерді біріктіруді ұсынды. Мұның сыртында елде сатып алулар жөніндегі маман кәсібін дамытуға, келісімшарттарды басқару тетіктері мен тәжірибесін жетілдіруге, тендерлерге қоғамдық бақылауды арттыруға кеңес берген-ді. Әйтсе де, оны тыңдар құлақ табылмады. Үш түрлі заң, үш түрлі портал Қазақстан мүше болуға ұмтылған, алдыңғы қатарлы елдер кіретін Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының Кеңесі өз ұсынымында республика басшылығын мемлекеттік сатып алу жүйесінің тиімділігін бағалау есебінен тиімділікті арттыруды ынталандыруға шақырды. Мұндай бағалау барлық деңгейдегі сатып алу туралы сенімді, өзекті деректердің бар болуын қатаң талап етеді. Ал ұлттық компаниялар өзінің не сатып алып жатқанын жұртшылықтан жасырса, өзекті дерек қайдан болсын? Басқаша айтқанда, Қазақстан әлемдегі дамыған 30 елдің қатарынан қосылу мақсатын жер жаһанға жариялағанымен, шынында соған жету шарттарын орындауға тырыспаған болып шығады. Егер жүйені шын мәнінде жетілдірсе, мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алулар біріксе, онда бұл мемлекеттік аудиторлар тарапынан да, қоғам тарапынан да бақылаудың күшеюіне жол ашуы мүмкін. Сонда ел қаржысының үнемделуіне, басы артық шығындардың жойылуына ықпал етеді. Тендерге бөлінген қаржы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп, талан-тараж болмай, елге пайда, экономикаға тиімділік әкелер еді. Әзірше, қолданыстағы тәжірибеге сәйкес, бәрі керісінше болып тұр.
«Бүгінде мемлекеттік сатып алулар, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатып алулары, сондай-ақ «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының сатып алулары жеке-жеке электронды алаңдарда жүзеге асырылады. Мысалы, мемлекеттік сатып алу – goszakup.gov.kz платформасында, квазимемлекеттік сектордікі – eep.mitwork.kz және goszakup.gov.kz, ал «Самұрық-Қазына» қорының сатып алуы skc.kz платформасында жүргізіледі. Электронды алаңдардың әр түрлі болуы әлеуетті өнім берушілердің тендерлерге қатысуына кедергі келтіріп, қолайсыздықтар туғызады. Мәселен, олардың әрқайсысы әртүрлі алаңда жеке тіркеу рәсімінен өтуі тиіс. Содан соң әрбір веб-порталда жарияланған сатып алуларға ұдайы мониторинг жүргізіп отыру қажет», – деп мәлім етті Қаржы министрлігі.Сонымен қатар бұл сатып алулар бойынша аналитикалық ақпаратты жинауды және қорытындылауды қиындатады. Бұған қоса, ол платформалар ақы төлеп, шығындалу қажет. Министрлік қор мен квазимемлекеттік сектордың аталған порталдарында сатып алулар туралы ақпарат ашық еместігіне назар аудартты. Ал goszakup.gov.kz веб-порталында жоспарлаудан бастап келісімшарттар бойынша қанша ақы төленгеніне дейінгі барлық ақпарат қамтылады. Супермонополист пайда болады Сондықтан қаржы ведомствосы мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алуларды дәл осы goszakup.gov.kz тұғырнамасында біріктіруді ұсынды. Ұсыныс жаңа заң жобасына енгізілді. Себебі электронды алаңдардың бөлек болуының негізгі себебі олардың әртүрлі нормативтік-құқықтық актілер деңгейінде реттелуімен байланысты. Мемлекеттiк сатып алулар – «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңымен, квазимемлекеттік сектор мен «Самұрық-Қазына» қорының сатып алулары – «Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерін сатып алуы туралы» заңмен реттеледі.
«Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауына және Қ.Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес, «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа заң қабылдау қажет. Ол барлық мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымның сатып алуын бірыңғай платформаға көшіреді. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау, сондай-ақ бірыңғай тәсілді белгілеу мақсатында «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа заңда меморгандардың, квазимемлекеттік сектордың, сондай-ақ «Самұрық-Қазына» қорының барлық сатып алуын Бірыңғай платформаға ауыстыру ұсынылады», – деп түсіндірді Қаржы министрлігі.Ведомствоның мәліметінше, goszakup.gov.kz мемлекеттік сатып алу веб-порталында 100 мыңнан астам жеткізуші және 24 мыңнан астам тапсырыс беруші тіркелген. Eep.mitwork.kz еуразиялық электрондық порталында 68 мыңнан астам жеткізуші және бар-жоғы 80-нен аса тапсырыс беруші бар. «Самұрық-Қазына» қорының skc.kz порталында 83 мыңнан астам жеткізуші және небары 400-ден астам тапсырыс беруші тіркелді. Осыдан-ақ шашыраңқы жүйелердің тапсырыс берушілерді де, тапсырысты орындаушыларды да толыққанды қамтымайтынын байқауға болады. [caption id="attachment_247146" align="aligncenter" > © коллаж: Елдар Қаба[/caption] Бұл ретте 2022 жылдың қорытындысында мемлекеттік сатып алулар көлемі 5,9 триллион теңгеге жетті. Квазимемлекеттік сектордың сатып алуларының көлемі 3,8 триллион теңгеден асты. «Самұрық-Қазына» қоры компаниялар тобының бір жылғы бүкіл сатып алуының жиынтық көлемі 5 триллион теңгеден асқан. Ведомствоның байламынша, барлық әлеуетті өнім берушіні бір платформада біріктіру бәсекелі өтетін тендерлерді барынша ұлғайтуға, бір көзден сатып алуды мейлінше азайтуға, сондай-ақ өтпей қалатын тендерлер санын кемітуге ықпал ететін болады. Министрлік мамандарының пікірінше, сатып алу бойынша Бірыңғай IT-платформаның іске қосылуы арқасында, біріншіден, пайдаланушылардың жұмысын жеңілдету үшін қолданыстағы платформалар бір жерде біріктіріледі. Екіншіден, барлық сатып алу бойынша бірыңғай тәсілдер бекітіледі. Үшіншіден, әлеуетті өнім берушілер қандай тендерге қатысатынын алдын ала жоспарлай алатын болады. Төртіншіден, қоғам үшін де, тексеруші органдар үшін де барлық сатып алу ақпараттары ашық, қолжетімді болады. Парламент жаңа заңнамалық түзетулерді қабылдаса, онда бірыңғай сатып алу веб-порталы тек мемлекеттік қана емес, сондай-ақ бүкіл квазимемлекеттік сектордың сатып алуларына да қатысуға қол жеткізудің бірыңғай порталына айналады. Қаржы министрлігінің мамандары бұл норма нәтижесінде «электронды сатып алудың ақпараттық жүйелері операторларының нарығы монополияланатынын», сөйтіп Қазақстанда тендер жүйесінде супермонополист пайда болатынын мойындады. KONEPS-тен көп нәрсе үйренуге болады Әрине, барлық тендерді бір платформаға жиып қоюмен іс бітпейді. Сонымен бірге цифрлық жаңа шешімдер енгізілгені жөн. Бұл тұрғыда Қазақстанға Оңтүстік Кореяның мемлекеттік сатып алу жүйесі (KONEPS) үлгі бола алады. KONEPS электрондық сатып алу жүйесіне тек мемлекеттік қана емес, тіпті жеке ұйымдардың да тендерлері орналастырылады. Өйткені ол мемлекеттік және жекеменшік нысандағы 160-тан астам әртүрлі электрондық жүйені біріктірді. Мұндай интеграция тиімділікті арттыруға, өкілеттіктердің қайталануын жоюға және шығындарды азайтуға мүмкіндік берді. Ханянг университетінің зерттеуі көрсеткендей, KONEPS жылдық операциялық шығындар бойынша 8 миллиард доллар үнемдеуге мүмкіндік береді. Конкурстық сауда-саттыққа қатысқысы келетін кореялық немесе шетелдік компания KONEPS жүйесінде бір рет тіркелуі керек. Пайдаланушылар барлық құжаты мен сертификаттарын осы жүйеде сақтайды, қажет болған жағдайда автоматты түрде басып шығарады. Тіпті құжат жүктелмесф, KONEPS деректер алмасу интерфейстері арқылы басқа ақпараттық жүйелерден құжаттар мен сертификаттарды өзі табады. Оны жасанды зерде басқарады. Оңтүстік Кореяда интеграция қорытындысында мемлекеттік сатып алуда қолданылатын құжаттардың 477 нысаны цифрлы форматқа көшірілді. Мысалы, Қазақстанда мектеп, аурухана, емхана, әкімшілік ғимарат салуды қарастыратын тендерге қатысу үшін компаниялар екі айға жуық уақыт бойы құжат жинап, әуре-сарсаңға түседі. Тіпті бірыңғай IT-платформа іске қосылған соң да бұл сергелдең жалғаспақ. Ал корей елінде KONEPS құрылыс қауымдастықтарының базаларымен өзара автоматты түрде дерек алмасады. Осының арқасында құрылыс жұмыстарын жүргізуге арналған конкурстарға қатысушылар енді құжат жинамайды, тіпті тәжірибені растайтын сертификаттар алудың да қажеті жоқ. АҚШ-та PPIRS (ppirs.gov) жүйесі бар. Онда тендерлерге қатысушылардың әрқайсысын сәйкестендіру ақпараты, алдыңғы кезеңдегі қызметі туралы өзекті мәліметтер бар. Соның негізінде компания тауары мен жұмысының сапасы, мерзімдерді сақтауы, бағасының қолжетімділігі, шағын кәсіпорындармен ынтымақтастығы сияқты 6 критерий бойынша рейтинг түзіледі. Бір айырмашылығы, PPIRS жүйесіне тек құны 150 мың доллардан асатын барлық келісімшарт пен тапсырыс енгізіледі. Жалпымемлекеттік веб-қосымшада федералды сатып алушыларға лайықты мердігерлерді тез таңдауына мүмкіндік беретін «есеп беру бланкілері бойынша іздеу функциясы» қарастырылған. Ал Қазақстанда бірыңғай IT-платформа 2024 жылы іске қосылады деп жоспарланған. Оған дейін заң қабылданады, құқық қолдану практикасы жолға қойылады, жаңа тұғырнама өнеркәсіптік эксплуатацияға шығарылады.