Екінші мүмкіндікпен үмітті ақтасын!
Екінші мүмкіндікпен үмітті ақтасын!
523
оқылды
Смайылов Үкіметін «мүмкіндіктер Үкіметі» деп атаса, лайық. Бірақ бұл оның ел үшін жаңа мүмкіндіктер көкжиегін ашқанын білдірмейді. Оның өзіне көп «шанс» берілгенін меңзеп отырмыз. Ә.Смайыловтың командасы «Қасіретті қаңтар» оқиғасынан кейін билік басына келді, оған көп үміт артылды, әрі еркін қимылдауына мол мүмкіндік берілді. Ол үмітті ақтады ма? Былтыр «инфляцияны құрықтамаса, Үкіметке қатысты күзде ауыс-түйіс болады» деген Президент тағы мүмкіндік беруге ұйғарыпты. Күні кеше Әлихан Асханұлына жаңа Үкіметтің тізгінін табыстап тұрып, жаңа депутаттар: «Үкіметке 6 айға екінші мүмкіндік береміз» десті. Осы мүмкіндіктің бәрін жаңа-ескі Үкімет одан ары ұтымды пайдалана алса, игі. Қымбатшылық қажытқан шақ Отставкаға кеткен ескі Смайылов Үкі­ме­ті жаңа Смайылов Үкіметіне 2023 жыл­ғы бюджеттің 3,2 триллион теңге тап­шы­лығы түрінде ауыр мұра қалдырды. Бұл рет­те 2022 жылы бүкіл әлемде және елі­міз­де экономика мен салалар толық қалпына келді. Ендеше бұл Үкімет Мамин бас­қарған Министрлер кабинеті сияқты бар айыпты пандемияға және соның қиын­шылықтары мен шектеулеріне жаба ал­майды. Амалсыз, жаңа Үкіметке қайтадан Ұлт­тық қорға қол салуға, қол салғанда мол салу­ға тура келеді: бұрын бекітілген 2,2 трил­лион теңге сыртында, қордан тағы 800 миллиард теңге көлемінде нысаналы транс­ферт қаражатты қосымша тартады. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев былтыр жа­ңа Үкіметтің басты бір міндеті ретінде – инфляцияны төмендетуді белгіледі. Алай­да 2022 жылы баға қымбатшылығы ел азып, экономика тозған 90-шы жылдардан бері болмаған деңгейге жетті. Елде әлеу­мет­тік кернеу туды. Ұлттық статистика бюросының дере­гін­ше, 2021 жылы инфляция 8,4% құрады. Со­ның ішінде азық-түлік тауарларының ба­ғасы – 9,9%, азық-түлік емес тауар­ла­рыні­кі – 8,5%, ақылы қызметтер құны 6,5% өсіпті. Енді салыстырыңыз: 2022 жы­лы инфляция 20,3%-ға шарықтады. Азық-түлік тауарларының бағасы – 25,3%-ға, азық-түлік емес тауарларында – 19,4%-ға, ақылы қызметтер құны 14,1%-ға шығындап кеткен. Яғни, қымбатшылықты ауыздықтауға Үкі­меттің қауқары жетпеді, амалы әлсіз бол­ды. Смайылов Үкіметіне Президент елі­міз­дің дамуын тежейтін, аяғына оралғы бо­латын шектен тыс бюрократияны жүйе­лі түрде жоюды жүктеді. Өйткені бю­­­­рократия ауқымының ұлғайғаны сон­ша, көптеген мемлекеттік құрылымның ең­бек, қаржы ресурстарының үлкен бөлігі соны еңсеруге босқа шығындалады. Мем­лекеттік қызметшілер түрлі келісім алу, құ­жатқа қол қойдыру үшін саналуан ве­домстволар арасында жүгіріп жүр. Содан Мемлекет басшысы 2022 жылғы 14 сәуірді «Мемлекеттік аппараттың қызметін бю­рократиядан арылту жөніндегі шаралар туралы» арнайы, жеке Жарлық шығарды. Әйтсе де, тарихта теңдесі жоқ осы құжатты әр сала бойынша жүзеге асыруға қажетті заң­намалық түзетулердің, нормативтік-құ­қықтық актілердің әлі күнге әзірлен­беге­ні анықталды. Тиісті заңдарда Үкімет жаңа Мәжіліске тек биыл енгізбек. Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған жаңа Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында «шынайы дебюрократизация жүзеге асырылмағанын» мәлімдеді. Жаңар­ған Конституцияда барлық қажетті қо­сымша құзыр берілгенімен, батыл қи­мылдауға Үкіметтің жүрегі дауалар емес. Сал­дарынан, маңызды шешімдер жедел­қа­был өмірге жолдама алу орнына, бюрок­ратияның батпағында малтығып жа­тыр. Шенеуніктер ведомстволар, Үкі­мет пен Президент Әкімшілігі арасында қапта­ған келісу рәсімдерінен өтуге алтын уақытты сарп етуде. Министрлер өз бетін­ше шешім қабылдаудан тайсақтайды, ұжым­дық жауапкершілік болуы үшін құ­жат астына өзге әріптестерінің қолын мо­лынан жинауға күш салады. Жаңа Үкімет жарты жылда орын­тағы­нан ауып қалғысы келмесе, осы және бас­қа жаман әдеттерінен дереу арылғаны аб­зал. Өзіне-өзі қандай мұра қалдырды? Бірақ бір жыл ішінде Үкіметтің қолы­нан келген істер де жетерлік. Атап айт­қан­да, Мемлекет басшысы оны да­ғ­да­рыс­қа қарсы кезек күттірмейтін кешенді ша­­­ралар топтамасын тез арада жүзеге асы­руға міндеттеді. Соның ішінде ең ал­дымен, ұлттық валютаның тұрақтылығын қам­тамасыз ету жүктелді. Қ.Тоқаев мұны – экономикалық қауіпсіздігіміздің негізгі фак­торы деп атады. Себебі, қанды қаңтар оқи­ғалары ұлттық валюта бағамына ора­сан зор қысым жасады. Валюта нары­ғын­дағы тұ­рақ­­сыздық жұрттың үрейленуіне, ка­питалдың елден шығарылуына, транс­ше­каралық «жасырын» ақша аударылым­дарына байланысты болды. Содан бері қабылданған шаралар ар­қа­сында елде ауқымды девальвация бол­ған жоқ. Ұлттық банк дерегінше, 2022 жыл­­ғы 1 қаңтарда доллар бағамы 431,8 тең­ге болыпты. Ал 2023 жылғы 31 нау­рыз­да 1 доллар 448,05 теңгеге тең болды. Үкі­­мет пен қаржылық реттеуші Ұлттық қор­ды мол шығындап, биржаға көп ин­тер­венция жасамады. Шетелдік валютаны сырт­­қа шығаруға шектеу енгізді. Ірі инс­титуционалдық құрылымдарға, инвес­тор­ларға шетелдік валютаны тек өзінің шарт­тық міндеттемелерін орындау үшін ғана сатып алуына рұқсат етті. Ал «Самұрық-Қа­зына» қорын, ұлттық компанияларды және жер қойнауын пайдаланушыларды керісінше, шетелге шикізат сатып тапқан валю­талық табысының бір бөлігін ішкі нарық­та өткізіп, биржаны валютамен мо­лық­тыруға мәжбүр етті. Жинағын теңгеде сақ­таған қазақстандықтарға салымының 10% көлемінде сыйақы берді. Тағы бір маңызды жұмыс – елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бол­ды. Бұл міндет әсіресе, жаһандық ауыр гео­саяси ахуал, Украинадағы қарулы қақ­тығыс, Ресейге қарсы батыстық қатал санк­циялар және жеткізілім тізбектерінің бұ­зылуы аясында аса көкейкесті еді. Бұған Президент те баса назар аударды. Қа­зақ­стан­да тауар тапшылығының туындау қау­пі артты. Жұрт пандемия кезіндегідей, қай­тадан сауда орындарын шабуылдап, үй­лерінде «ұлы қор» жасақтауға жан­дәр­мен ұмтылды. Әкімдіктердің тапсыр­ма­сы­мен, бір қолға сатылатын әлеуметтік маңыз­ды тауарлардың көлемі шектелді. Дүрбелеңге бой алдырған қазақстандықтар сөрелердің қаңырап бос қалмағанын, отандық және шет­елдік өнімдер тоқтаусыз жеткізіліп жатқанын көріп, көңілі орнына түс­ті. Ешкім де аштан өліп, көштен қал­ма­ды. Масқарасы сол, қаңтар оқиғаларынан кейін көптеген диқанның көктемгі егіске әлі дайын еместігі анықталды. Үкімет пен әкім­діктер мәселені бақылауға алды, шаруа­лардың қажетті жанар-жағар майды қолайлы бағамен алуын қамтамасыз етті. Оқшауланған Ресейді айналып өтіп, шет­ел­ден ауыл шаруашылығы техни­ка­ла­рының, тұқым мен тыңайтқыштың та­сы­малын жолға қойды. Ал күзде жи­налған ас­тықтың экспортына арналған ба­лама жол­дарды дамытты. Жалпы, Смайылов Үкіметі билік ет­кен 2022 жыл Ресейді орағытып өтетін ха­­­лықаралық баламалы көлік-транзит мар­шруттері қарқынды дамыған жылға ай­налуымен есте қалды. Бұл тақырыпты «Айқын» газеті бірнеше рет сараптады. Сон­дықтан егжей-тегжейлі тоқталма­ған­ды жөн көрдік. Сонымен қатар Үкімет былтырдан бе­рі сарапшылармен, фермерлер қауым­дас­тығымен бірлесіп, агроөнеркәсіп ке­ше­нін, ауыл кәсіпкерлерін мемлекеттік қол­дау, субсидиялау тәсілдерін қайта қа­рап, жетілдіріп жатыр. Министрлер ка­би­неті бұл жұмысын да ары қарай жалғас­тыру­ға мүмкіндік алып отыр. Қалай болғанда, жалпы алғанда, Смайы­лов Үкіметі қолынан біршама іс ке­ле­тінін дәлелдей алды. Дегенмен, ол да бұ­рынғы жолашарларының бір дер­тінен арыла алмай тұр: тірлігі шабандау. Билік алмағайып замандағы шалт өз­герістерге тез бейімделіп, шетін мә­се­лелер бойынша жедел шешім қабылдап, оны шұғыл жү­зеге асыруы қажет. Жай­басарлыққа салы­ну­ға, шенеуніктік формализмге бой ұруға жол берілмейтінін Президент те айтты. Алайда Мемлекет басшысының сай­лауалды тұғырнамасында, былтырғы жол­дауларында өзге де жиындарда қойған тап­сырмалары толыққанды орындалды деуге келмейді. Сөзбұйдаға салынып, сиыр­құйымшақтанып кеткені жетерлік. Қалай болғанда, Смайылов Үкіметін биыл ірі міндеттер күтіп тұр. Мемлекет бас­шысы енді Үкіметтің толығымен элек­т­ронды форматқа, цифрлық өріске ауыс­қаны дұрыс болатынын жеткізді. Сапалы мем­лекеттік қызмет көрсету үшін ол бар­лық саладағы деректер қорын өзара кі­рік­тіріп, «ақылды технологияны» пай­далануға көшуі тиіс. Бұл қабылданатын ше­шімдердің сапасын арттырады. Сон­дай-ақ қияндағы ауыл тұрғындары да ин­тер­нет арқылы осы игіліктің бәріне қол жет­кізеді. Биыл Үкіметке бірінші Президент тұ­сын­да қабылданған және өзектілігін жо­ғалтты деп танылған «Қазақстан– 2050» ст­­­ратегиясын түбегейлі қайта қарап, ор­нына Қазақстанның жаңа Стратегиясын түзу жүктеліп отыр. Жаңа Үкіметтің әлеуе­тін жарқырата жүзеге асырып, жа­сам­паздық пен іскерлік танытатын бір тұ­сы да осы болса керек. Еліміздің ғасыр ор­тасына дейінгі жаңа стратегиялық даму құжаты қандай болады? 2012 жылғы жел­тоқсанда қабылданып, небары он жылда ес­кіріп қалған «Қазақстан– 2050» страте­гия­сының жолын құшпай ма? Бұл да енді Әлихан Смайыловтың командасына бай­ланысты. Республиканың жаңа, ұзақ мер­­зімді даму бағдарламасында заманауи жаһан­дық үрдістер толық ескеріліп, ел дам­уының онжылдықтарға арналған басым­дықтары толыққанды айқындалуы шарт. Ал бизнес пен бұқараны мазалаған мә­­се­лелер мен олардың шешімі алда Пре­зи­­денттің қатысуымен өтетін Үкіметтің кеңейтілген отырысында пысықталады және жаңа Министрлер кабинетіне жаңа мін­деттер белгіленеді деп күтілуде. Жаңа, әділетті Қазақстан тек саяси, эко­номикалық және әкімшілік жаң­ғыру­лар­ды қатар алып жүру, үйлесімді ілге­рі­лету арқасында ғана дәуірлей алады.