Жұлдыз Сүлейменова: Білікті мұғалім – сапалы білім
Жұлдыз Сүлейменова: Білікті мұғалім – сапалы білім
820
оқылды
Мемлекет басшысы  VIII сайланған Парламенттің алғашқы сессиясында сөйлеген сөзінде ұстаздарға қойылатын талаптың жоғары болуы тиіс екенін, мектепке кез келген адамды жұмысқа ала беруге болмайтынын айтты. Осыған орай, Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменовадан білім саласындағы түйткілді мәселелерді сұрадық. – Барлық мұғалім білікті емес. Мұ­ғалімдерді конкурспен жұмысқа қабылдау білім саласында педагогтер тапшылығын туғызбай ма? Мұғалімдердің біліктілігін арт­тыруға ден қоюымыз қажет. Әлі де педагогтерді жұмысқа конкурспен қабылдау тетіктерін жетілдіре түсу керек. Ең үлкен мәселе, 2021 жылдан бастап педагогтерге қатысты іргелі реформалар жүзеге асырылды. 2019 жылы «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданды. Бұл заңда мұғалім мәртебесін көтеруге байланысты нақты жолдар қарас­тырыл­ған. 2021 жылдан бастап педагогикалық ма­мандықтарға талапкерлерді қабылдау­дың ҰБТ-дағы шектік балы 85-ке дейін көбейту мәселесі қойылды. Былтыр физика, математикаға мұғалімдікке тап­сыр­ған түлектердің шектік балы 103-тен басталды. 2021 жылдан бастап басқа маман­дықтардың шәкіртақысы 38 мың болса, болашақ педагогтердің шәкірт­ақысы 58 мыңды құрады. Білім деңгейі­нің сапасы мұғалімнің біліктілігіне тікелей байланысты. Сондықтан мұға­лім­­дердің біліктілігін арттыруды бұдан әрі жалғастыруымыз керек. Дәл қазір жо­ғары оқу орнын бітіргеннен кейін пе­да­гогтердің мектепке келіп қайта сынақ тапсыру мәселесін де қайта қарас­тырғанымыз жөн. Студенттер универ­ситетте диплом алмай тұрып, біліктілік тестін тапсырса. Студент сынақтан өтпеген жағдайда оқу орындарына шара қолдану керек. Сондықтан педагогтерді даярлайтын оқу орындарының жауап­кершілігіне де назар аударылуы қажет. Мұ­ға­лімдерді жұмысқа қабылдау кезін­дегі талаптарды, сабақ беру методикасын мең­геруге қатысты талаптарды жыл өт­кен сайын күшейте беру қоғамның талабы. – Мұғалімдердің, директорлардың және педагогикалық оқу орындары түлек­терінің көпшілігі Ұлттық біліктілік емти­ханынан өте алмады. Кейбір тәжірибелі ұстаздар тиісті министрлік дайындаған тап­сырмалар тым күрделі деп шағым­даныпты. Біліктілік емтиханын жеңілдету керек пе? – Былтыр Конституциялық реформа кезінде мектепте отыз жылдан астам уақыт бойы үздіксіз еңбек еткен ұстаздар біліктілік емтиханы туралы пікірлерін айтты. Олар біліктілік емтиханының сабақ беру методикасына, жалпы сол пәндегі біліктілікке қатысы жоқ екенін айтып шағымданғаны рас. Менің ойымша, емтихан мұғалім қай пәннен сабақ берсе, сол пәндегі біліктілік деңгейін көрсететіндей болуы керек. Сол пәнді балалардың меңгеруіне байла­нысты педагогикалық методикаларды толыққанды меңгеруін тексеретіндей тест болуы қажет. Бүгінде ұстаздардың тарапынан айтылып жатқан пікірлердің дені біліктілік тестінде теориялық-психология, теориялық-педагогикалық мәселелердің бар екендігі және тестің практикамен ұштаспайтыны. Сондықтан біліктілік емтиханы пәнге қатысты білік­тілік деңгейін, жаңа методикаларды сабақта қолдана алуына байланысты тапсырма­ларды қамтуы керек. Яғни, білім сапалы және қолданбалы болуы керек. Сонымен қатар сыныптағы жақсы оқитын оқушы мен артта қалған бала­лардың айырма­шылығы аз болуы керек. Бұл әрине, мұғалімнің методикасына, біліктілік деңгейіне тікелей байланысты. Біліктілік емтиханының осы мәселені қамтығаны абзал. – Білім сапасын, әсіресе орта білімнің деңгейін арттыру үшін оқу орындарын материалдық-техникалық жабдықтау ісі қаншалықты маңызды? – Білімнің сапасы оқу орындарын­дағы қолайлы білім беру ортасына тікелей байланысты. Орта білім деңгейін арттыру үшін 6 мыңнан астам ауыл мектебінде қолайлы білім беру ортасын, оның ішінде материалдық-техникалық жабдықталуын, биология, физика, химиядан лабораториялардың болуын, сонымен қатар робототехника, нано­тех­нология сияқты қазіргі таңдағы заманауи білім үдерістерін қарастыратын кабинет­тердің болғаны абзал. Біз ауыл мектеп­терін аралаған кезде ескі стандарттарда салынған бір спорт залда бірнеше сы­нып­тың сабақ оқитынын көрдік. Қазір Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бастау алды. «Самрұқ қазына» ұлттық әл-ауқат қоры осы жобаны жүзеге асырып жатыр. Жо­баға қатысты сын, пікірлерімізді оқу-ағарту министрлігіне айтып жатыр­мыз. «Жайлы мектеп» аясында салы­натын мектептерде әр баланың дамуына тиісті жағдай жасалады. Бұл мектептер бұдан әрі осы стандартпен салынатын болса, елімізде заманауи мектептер жасақтала­ды. Мате­риал­дық-техникалық база дегеніміз – тек компьютер ғана емес, домбыра, еңбекке баулу, шығар­машылық, ғылым­мен айналысуға мүм­кіндік қарас­тыру. «АMANAT» партия­сының сайлау­ал­ды бағдарламасында 3 мыңнан астам ауыл мектептерін, яғни жыл сайын мың мек­теп­ке күрделі жөндеу өткізуді қарас­тыр­­дық. Осыны үкіметтен талап етіп, ары қарай жүзеге асыруды негізге алатын боламыз. Бүгінде орта білім саласындағы мектептердің материалдық-техникалық жабдық­талуына қатысты екі мәселенің бары анық. Бірінші шешімі – «Жайлы мектеп» жобасының аясында, екінші шешім жыл сайын ауылдағы мың мек­тепке күрделі жөндеу өткізу. Сонымен қатар партия­ның сайлауалды бағдар­лама­сында 5 мың пәндік кабинет ашу мәселесі қарас­тырылған. Бұл жұмысты табанды түрде жүзеге асырамыз. – Президенттік жастар кадр резерві сияқты білім саласына өзгеріс әкелетін 1 мың маман арнайы дайындықтан өтетін болды. Осыған орай, тиісті бағдарлама қабылданады. Бұл жас педагогтердің мансаптық өсуіне тиімді ме? – Негізі, әрбір салада кадрлық резерв қалыптастыру мәселесі өте өзекті. Бұл тек қана білім саласында емес. Меди­цина, әлеуметтік салада да кадрлық резерв қалыптастыру керек. Елімізде 650 мыңнан астам педагог мамандар жұмыс істейді. Оның 500 мыңы орта білім саласында. Сондықтан кадрлық резерв жобасының білім саласынан бастау алғаны дұрыс шешім. Айталық, мұғалім мәртебесі заңы қабылданғаннан кейін, қазір дәрігерлер мәртебесін көтеруге қатысты заң жобасын қарастырып жа­тыр­мыз. Әрине, қазір елімізде демо­графикалық өсім жоғары. Сәйкесінше, жаңа мектептер де қарқынды салынып жатыр. Тиісінше, сол мектептерге жаңа кадрлар керек. Осыған орай, 1 мың маман арнайы дайындықтан өтеді. Бұл қолайлы мектепте заманауи деңгейде жұмыс істейтін азаматтарымыздың жан-жақты дайындығын көрсетеді. Бұл жоба жыл сайын жалғасын тауып отырады. Кадрлық резерв жобасы ары қарай да жалғасады. Мақсат – мұғалімдердің біліктілігі мен білім сапасын арттыруда. Ауыл және қала мектептеріндегі білім сапасының алшақтықтарын азайту. Сондықтан да сапалық өсу болған жерде, мансаптық та өсу болады. – Әңгімеңізге рақмет!