Елімізде алгебрамен айналысатын ғалымдар саусақпен санарлық. Абстрактілі ғылым саласы болғандықтан, олардың жетістіктері де ел аузында көп айтыла бермейді. Математиктер мотивацияны неден алады, ғылымға адалдықты қалай түсінеді, неліктен оларды көп адам түсіне бермейді. Бұл туралы математик, Сулейман Демирель атындағы университеттің PhD үміткері Фарух Машуровпен әңгімемізде сұрадық.
– Математиканың соңына түсіп, осы саланы зерттеп жүргеніңізге біраз жыл болыпты. Оған қызығушылығыңыз қалай басталды? Бұл жолда сіздің ықыласыңызды оятып, ынтаңызды арттырған кімдер еді?
– Жалпы, математикаға деген қызығушылығым бала кезімде басталды, оған әкем үлкен ықпал еткен шығар. Әкем – құрылысшы-инженер, бала күнімде мені жанына ертіп алып, математиканың күнделікті өмірдегі қолданысын түсіндіретін. Мысалы, үй салып, іргетасын құйып жатқанда, диагональ есептеуді және екі диагональ өзара тең болса, үй де түп-түзу болып шығатынын үйрететін. Сосын мектеп қабырғасында жүргенімде түрлі олимпиадаларға қатысып, шыңдала бастадым. Мектеп бітірген соң Сулейман Демирель университіне оқуға түстім. Сонда әуелі ұстаздарым Бекзат Жахаевпен, Нұрлан Исмаиловпен таныстым, ол кісілер – академик Асқар Жұмаділдаевтың шәкірттері. Олардан алгебраны, абстрактілі ойлануды меңгердім. Бірінші курста жүргенімде ғой деймін, бір күні Бекзат ағайға барып: «Ағай, мен профессор болғым келеді. Ол үшін не оқуым керек?» деп сұрағаным есімде. Кейін ол кісі мені Асқар Жұмаділдаевпен таныстырды. Асқар ағайдың семинары әр жексенбі күні таңертең ҚазҰУ-да өтетін. Сонда біріміз Алматының ана бұрышынан, біріміз Қаскелеңнен ерінбей, уақытында жетіп баратынбыз. Онда небір ғылыми есептерді талдаймыз.
Мені Асқар ағаймен таныстырған – Бекзат Жахаев, ғылыми сұрақты қоюға үйреткен – Асқар Жұмаділдаев, ал оны шешуге үйреткен Нұрлан Исмаилов деп білемін. Осы үш ұстаз менің ғылымда қалуыма үлкен ықпал етті.
– Былтыр Президент қолынан «Ғылым» бағыты бойынша 3 млн теңгенің грантын алдыңыз. Сондай-ақ математика саласында қол жеткізген жетістіктеріңіз үшін «Дарын» жастар сыйлығын иелендіңіз. Осы орайда өзіңіздің зерттеулеріңіз бен жобаларыңыз туралы айта кетсеңіз...
– Менің ғылыми еңбектерім алгебра саласында, атап айтқанда, ассоциативті емес алгебралардағы құрылымдық есептерді зерттеуге негізделген. Жетекшім – академик Асқар Жұмаділдаев та осы бағытта жұмыс істеп жатыр. Диссертациялық жұмысымның бір бөлігі ретінде мен интегралдармен тығыз байланысты Төртқара алгебрасын зерттедім. Бұл ұғымды ғылымға Асқар Жұмаділдаев енгізген болатын. Алгебрада төрт ауыспалыдан тұратын бір функция бар. Солардың қандай да бір комбинациясы бір уақытта 0 болса, онда сондай алгебралардың жиынтығын Төртқара алгебрасы дейміз. Бүгінде ол әлемдегі беделді университеттерде де танымал болып жатыр. Олар енді, әрине, Төртқара деп атамайды, Area of areas, қазақшалағанда, аудандардың ауданы деп атайды. Қазір Асқар Жұмаділдаев, Нұрлан Исмаилов үшеуіміз Төртқара алгебрасын бірлесе зерттеп, мақала етіп шығарғанбыз, сол мақалаға шетелдік ғалымдар көп сілтеме береді. Кейбіреуі өзімізге де хабарласып жатады. Бұған, әрине, қуанамыз.
Қазір жетекшілеріміз ұсынған жобалармен жұмыс істеуді жалғастырып жатырмын және ассоциативті емес алгебралар мен олардың математиканың әртүрлі салаларында қолданылуы туралы көбірек білуге ынталымын. Барлық жас мамандар сияқты мен де әлі де үйренерім көп екенін түсінемін, сондықтан математика саласындағы өз біліктілігімді үнемі жетілдіруге тырысамын.
– Елімізге ғана емес, әлемге әйгілі академик Асқар Жұмаділдаевтың шәкірті болудың өзі үлкен сәттілік секілді. Ұстазыңыздан үйренген тағылымыңыз қандай?
– Асқар Жұмаділдаевтың ұстазым әрі жетекшім болғанына қуаныштымын. Ол кісіден алған тағылымым – еңбекқорлық пен ғылымға деген сүйіспеншілік. Ол бізге ғылымның тек қана жұмыс емес, өмір салты екенін көрсетті. Бұл бізді әріптестерге және жалпы ғылымға құрметпен қарауға үйретеді. Сондай-ақ ол математиканы үйрену көп уақыт пен күш-жігерді қажет ететіндіктен, шыдамдылық пен табандылықтың маңызын атап көрсетеді. Математиканың адамзатқа қызмет етіп, өмірдегі көкейкесті мәселелерді шешуі керек екенін айтып отырады. Жалпы, ұстазымнан алған ең маңызды сабақ – ғылымға деген құштарлық пен адалдық деп білемін.
Асқар ағайдың өз шәкірттеріне күрделі есептер ұсынып, соны шығарғандарға ақшалай сыйлық тағайындайтынын еститінбіз. Қателеспесем, әлі сондай шешімі табылмаған үш есебі бар сияқты. Ол кісінің айтуынша, математиканы түсінбейтін адам жоқ: тек біреуіне тез, біреуіне кеш жетеді. Өзіңнің осы екі типтің қайсысына жататыныңды білсең болғаны.
Бірде мынадай қызық болды. Әдеттегідей әріптестерімізбен, ұстаздарымызбен жауабы қиын сондай есептердің бірін талқыладық. Үйге келіп, түнгі сағат 3-ке дейін тағы шығардым. Жауабын тапқанымда, қуанышым қойныма сыймай, Нұрлан Исмаиловқа жазып көріп едім, ояу екен. Есепті шығарғанымды естіп, дереу «қане, ЗУМ-ға сілтеме жібер» деді. Әрі қарай екеуміз онлайн кездесіп, мен оған есептің шығарылу жолын түсіндіргенмін. Түнгі 3-те. Былай сырттай қараған адамдарға біздің әрекет жындылық болып көрінуі мүмкін, бірақ Асқар ағайдың өзі «математик болу үшін жынды болуы керек» дейтін. Ғылымда бірдеңеге жеткің келсе, әуелі өзің осындай құрбандықтарға бара алуың тиіс.
– Елімізде жастардың жаратылыстану бағытына қызығушылығы басқа салалармен салыстырғанда төмендеу екені бұрыннан белгілі. Сіздің ойыңызша, бұған не себеп? Аталмыш проблеманы шешу үшін қандай амалдар жасауға болар еді?
– Жастардың жаратылыстану ғылымдарына деген қызығушылығының төмен болуының себебі осы саладағы сапалы білімге қолжетімділіктің және оқытудың интерактивті түрлерінің жоқтығынан шығар. Сонымен қатар мұғалімдер мен ғылыми қызметкерлер санының жеткіліксіздігі де бұл саланың жастар үшін тартымдылығын төмендетуі мүмкін. Бұл мәселені шешу үшін мектептер мен жоғары оқу орындарында ғылымды насихаттауды белсендірек жүргізуге, оқытудың заманауи интерактивті әдістерін қолдануға және жастардың ғылыми жобалар мен байқауларға қатысуына мүмкіндік туғызған жөн деп ойлаймын.
– Қазақстанда іргелі ғылымның даму деңгейіне көңіліңіз тола ма? Қандай әттеген-ай тұстарды атап өтер едіңіз?
– Қағазбастылықтан, есептіліктен арылсақ екен. Мәселен, бізде кейде зерттеудің нәтижесінен гөрі оның есебі маңыздырақ болып кетеді. Сосын бізде жастарды ғылыммен таныстыратын, әліппесін үйрететін, қызықтыратын мамандар аз. Мысалы, алгебраның өзін алсақ, елімізде онымен санаулы ғана ғалым айналысады. Менің осыған қарным ашады. Сондықтан бүгінде аптасына екі рет өзімнен кіші студенттерге, магистранттарға, докторанттарға семинар сабақтарын өткізуді дәстүрге айналдырдым. Онда алгебраға қатысты әртүрлі мақалаларды талқылаймыз, кітап оқимыз, есептер шығарамыз.
– Ал қолданбалы ғылымның өркен жаюы үшін не керек? Бізде оған қандай факторлар кедергі?
– Қолданбалы ғылымды дамыту үшін іргелі ғылыми білімдердің жақсы базасы болуы, сонымен қатар оларды практикалық мәселелерде тиімді пайдалануды қамтамасыз ету қажет. Сондай-ақ соңғы технологиялар мен жабдықтарға қол жеткізу, осы білімді тәжірибеде қолдана алатын білікті мамандардың болуы маңызды.
Қолданбалы ғылымның дамуын тежейтін факторлардың бірі – қаржы тапшылығы. Ғылым саласын жеткіліксіз қаржыландыру қажетті зерттеулердің болмауына және жаңа технологияларды игеру мүмкіндіктерінің шектелуіне әкелуі мүмкін.
Сонымен қатар іргелі зерттеулер мен оны тәжірибеде қолдану арасында тікелей байланысты орнату кейде қиынға соғады. Алған білімін практикалық тапсырмаларда қолдана алатын білікті кадрлардың болуы да маңызды фактор болып табылады. Осыған байланысты жақсы білім беріп, біліктілігін арттыруға мүмкіндік беру қажет.
Бұл мәселелерді шешу үшін ғылымды қаржыландыруды ұлғайтып, ғалымдар мен өндірістің өзара тығыз байланысын қамтамасыз ету қажет. Сондай-ақ жаңа технологиялар мен өнімдерді дамытуға жұмыс істейтін зерттеушілерді ынталандыру маңызды.
– Бізде ғылыми орта қалыптасқан ба?
– Өз салам бойынша айтсам, иә, қалыптасқан. Мысалы, Алматыдағы Ғылым академиясының Математика институты бар. Дәлізімен жүрсең, мүлгіген тыныштық. Ал кабинеттерінің есігін ашып қалсаң, бәрі бас алмай есеп шығарып отырады немесе әлдебір тақырыпты қызу талқылап отырады. Қарап тұрып қызығасың. Бастысы, сол ортаға кіре алу керек.
– Шетелдік ғалымдармен немесе ғылыми институттармен, ұйымдармен коллаборация дұрыс жолға қойылған ба? Мысалы, отандық ЖОО-лар өзге елдегі пәлен университетпен әріптестік орнаттық деп жарыса айтқанымен, іс жүзінде оның игілігін көріп жатқандар көп емес. Халықаралық ынтымақтастық дұрыс жұмыс істеу үшін не керек деп ойлайсыз?
– Қазақстанда шетелдік ғалымдармен және ғылыми мекемелермен ынтымақтастық тәжірибесі бар бірқатар ғылыми институттар мен университеттер бар. Дегенмен, менің ойымша, халықаралық ынтымақтастық дұрыс жұмыс істеуі үшін бірнеше шарт орындалуы керек. Біріншіден, әртүрлі елдердің ғылыми мекемелері мен университеттері арасындағы өзара іс-қимылдың нақты және ашық механизмдерін құру, сондай-ақ ынтымақтастықтың мақсаттары мен міндеттерін анықтау маңызды. Екіншіден, ғылыми саладағы халықаралық ынтымақтастыққа қатысты жобаларды қаржылық және ұйымдастырушылық жағынан қамтамасыз ету қажет. Үшіншіден, әртүрлі елдердің ғалымдары арасында тәжірибе және білім алмасу үшін жағдай жасау, мысалы, конференциялар, семинарлар, тағылымдамалар және өзара әрекеттестіктің басқа да нысандарын ұйымдастыру қажет. Ақырында, ғылым мен ғылыми зерттеулерге көбірек адамдарды тартуға көмектесетін ғылыми мәдениетті және оның қоғамдағы маңыздылығын түсінуді дамыту маңызды. Жалпы, ғылыми саладағы халықаралық ынтымақтастықты жақсарту мемлекет тарапынан да, ғылыми қауымдастық тарапынан да күш-жігерді қажет етеді.
– Математика сізге не берді?
– Математика маған интеллектуалды ойлауды үйретті. Бір әзіл әңгіме бар ғой. Өрт болып жатқан бір бөлмеге физик, химик, математик үшеуін кіргізіп жіберіпті. Тапсырма – проблеманы жою. Физик ойланып тұрып, бір шелек су құйып, өртті өшіріпті. Химик те солай істепті. Математик келіп алып, дәптеріне әлдебір формулаларды шимайлап-шимайлап, парақтың ең соңына: «Иә, бұл өртті өшіруге болады» деп жазып, қолын қойып кеткен екен. Сол секілді біздер берілген проблеманың шешімі бар не жоғын ойланамыз. Ақырғы жауапты іздеу жолының өзі тамаша рақат сыйлайды. Бәлкім, оны түсіну үшін, шынында да, Асқар ағай айтпақшы, «жынды» болу керек шығар...
– Әңгімеңізге рақмет!