Скляр қоғамдық қабылдауға келді
Скляр қоғамдық қабылдауға келді
305
оқылды
Премьер-Министрдің орын­басары Роман Скляр Nur Otan пар­тиясының Республикалық қо­ғам­дық қабылдау бөлмесінде аза­маттарды қабылдады. Қор­да­ланған мә­селелерді шешу үшін билік пен бұқара арасына ашық диа­лог орнату мақсатында өткен бас­қосуда тұрғындар­дың өтініш-ті­легі тыңдалды. Қабылдауға келген Шымкент қ­а­ла­сының тұрғыны, энергетика ком­па­ния­сының директоры Бақыт Әлімқұлов Түр­кістан облысында күн электр стан­са­сын салып жатқанын айта келе, ал­да атқарылатын ауқымды жұмыстар бойын­ша бірнеше ұсынысын ортаға сал­ды. Өз кезегінде вице-премьер мем­ле­кеттік органдардың немесе жеке ком­паниялардың жұмысын жақсартуға сеп­тігін тигізетін кез келген оңды ұсыныстар на­зар­дан тыс қалмайтынын айтты. Ал Ақмола облысы Қажымұқан ауы­лының тұрғыны Азамат Кеңесұлы қабыл­дау барысында шалғай елдімекендердегі өзекті мәселені көтеріп, көптің тілегін жет­кізді. Өзі тұратын ауылда ауызсудың тап­шылығын, ұялы байланыс қызметінің сапасы сын көтермейтінін тілге тиек етті.
– Мен тұратын ауылда жаңа ық­ша­мау­дандардың саны артып, тұрғындардың қатары да көбейіп келеді. Бірақ ауылы­мыз­дағы кей жағдайларға көңіліміз толмайды. Бірін­ші кезекте ауыз­су мәселесі дұрыс жол­ға қойыл­ғанын қалаймыз, – деді Азамат Кеңесұлы.
Кезекті өтініш иесінің әңгімесін толық тыңдап, шалғай ауылдың жағдайымен таныс болған Роман Скляр бұл мәселені жеке бақылауына алатынын айтты. Премьер-Министр орынба­сарына өзге аймақтардан бей­не­конференция ар­қылы бай­ланысқа шыққан тұрғындар да ұсыныстарын айтып, сұрақтарын қойды. Қоғамдық қабылдауда азаматтар тара­пынан айтылған орынды ұсыныстар қабылданып, қарастыруға алынды. Роман Скляр тұрғындарды тыңдай келе, олардың мұқ­таждықтарын заң аясында қарап, мә­селелерін оңтайлы шешуге ықпал ететінін жет­кізді.   Әбілмансұр ЖАСАН