Бүгін Алматыдағы Шоқан Уәлиханов атындағы алаңда жыл сайынғы «Алматы кітап жәрмеңкесі» өтуде. Отандық кітап өндірісін дамыту мен насихаттауға арналған іс-шараға 20-дан астам отандық баспа мекемесі мен кітап дүкендері қатысып, келушілерге өз өнімдерін ұсынды.
Білім бұлағы кітап жәрмеңкесінің ашылуында Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Бауыржан Жақып, Ұлттық кітап палатасының директоры Әділ Қойтанов құттықтау сөз сөйлеп ашты. Белгілі ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Маралтай Райымбекұлы жырдан шашу шашты. Жыл сайын 22 сәуір халықаралық кітап күні қарсаңында өткізілетін шара биыл ертерек қолға алынып отыр.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар әрбір баспадан шыққан кітаптың оқырман қолына жетуіне оң ықпал етеді.Сонымен қатар отандық полиграфия мен баспа ісі жұмысының дамуына да өз әсерін тигізбек.
Іс-шара барысында келушілер кітап сатып алып қана қоймай, кейбір шығармалардың авторларымен кездесіп, ой бөлісіп, қолтаңба алып жатты. Жәрмеңке кезінде елімізге танымал баспагерлер мен осы сала мамандары кітап саудасы мен осы салаға қатысты басқа да өзекті мәселелері жөнінде өз ойларын ортаға салды. Солардың бірі – белгілі баспагер Бахытжан Бұхарбай.
«Бүгінгі кітап жәрмеңкесі өтіп жатқаны сіздермен бірге біз секілді баспагерлер қауымы үшін де қуантарлық жағдай. Мұндай шаралар біздердің өнімдерімізді оқырманның алдына алып келуге мүмкіндік тудырады. Сонымен қатар автор мен оқырман арасында байланыс орнатуға да жағдай жасайды. Сондықтан осы шараны ұйымдастырушыларға алғыс айтамын», – дейді баспагер Б.Бұхарбай.
Жәрмеңкеге жиналған қауым кітап салумен қатар, отандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен ұйымдастырылған концерттік бағдарламаларды тамашалады. Келушілерге Мәдина Садуақасова, Кенжебек Жанәбілов, Роман Ким сияқты әншілер мен «Сазген сазы», «Рабат» секілді фольклорлық-этнографиялық ансамбльдер өнерлерімен көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Алматы халқына рухани азық сыйлаған мәдени шараны Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы, Қазақстанның баспагерлер, полиграфистер және кітап таратушылар ассоциациясы мен Алматы қалалық әкімдігі бірлесе ұйымдастырды.