Бүгін Алматыдағы Шоқан Уәлиханов атындағы алаңда жыл сайынғы «Алматы кітап жәрмеңкесі» өтуде. Отандық кітап өндірісін дамыту мен насихаттауға арналған іс-шараға 20-дан астам отандық баспа мекемесі мен кітап дүкендері қатысып, келушілерге өз өнімдерін ұсынды.
Білім бұлағы кітап жәрмеңкесінің ашылуында Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Бауыржан Жақып, Ұлттық кітап палатасының директоры Әділ Қойтанов құттықтау сөз сөйлеп ашты. Белгілі ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Маралтай Райымбекұлы жырдан шашу шашты. Жыл сайын 22 сәуір халықаралық кітап күні қарсаңында өткізілетін шара биыл ертерек қолға алынып отыр.
«Бүгінгі кітап жәрмеңкесі өтіп жатқаны сіздермен бірге біз секілді баспагерлер қауымы үшін де қуантарлық жағдай. Мұндай шаралар біздердің өнімдерімізді оқырманның алдына алып келуге мүмкіндік тудырады. Сонымен қатар автор мен оқырман арасында байланыс орнатуға да жағдай жасайды. Сондықтан осы шараны ұйымдастырушыларға алғыс айтамын», – дейді баспагер Б.Бұхарбай.Жәрмеңкеге жиналған қауым кітап салумен қатар, отандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен ұйымдастырылған концерттік бағдарламаларды тамашалады. Келушілерге Мәдина Садуақасова, Кенжебек Жанәбілов, Роман Ким сияқты әншілер мен «Сазген сазы», «Рабат» секілді фольклорлық-этнографиялық ансамбльдер өнерлерімен көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.