Орталық Азияда кім озық?
Орталық Азияда кім озық?
328
оқылды
Жақында Өзбекстанның Қазақстандағы елшісі Саи­дикрам Ниязқожаев Ташкенттің мақсаты Қазақстанды басып озу емес деп мәлімдеді. Оның айтуынша, Өзбекстан дамыған 30 елдің қатарына кіруді көздеп отыр. Бірақ ала шапанды ағайын қазақты бақталас санамайды. Әйтпесе, Өзбекстан бизнесі Қазақстан экономикасына бір тиын ақша салмас еді. Елшінің уәжі осындай. Жалпы, оның сөзінің жаны бар. Мысалы, 2016 жылы Қазақстанда 500-ге тарта өз­бекстандық кәсіпорын мен фирма болса, қазір оның саны 2 мыңға жуық­таған. Былтыр ғана Шымкенттегі тоқыма зауытына өз­бектер 12 млн доллар құйыпты. Осы арада заңды сұрақ туындайды: Өз­бекстан бізге инвестиция құятындай қуатқа қашан жетіп үлгерген? Өткен ғасырдың 90 жылдары Қа­зақстан мен Өзбекстан қатты жа­рысатын. Өйткені екі елдің эконо­микасы деңгейлес еді. Алайда кейін Өзбекстан оқшауланып, тұйықтала берді де, Қазақстан көпвекторлы саясат жүргізіп, шетелдік инвести­цияға молынан кенелді. Ислам Кәрімов өмірден озған соң жаңа президент Шавкат Мирзиёев ау­қымды реформалар жасап, Өзбек­станның ахуалын біршама нығайтты: әлеуметтік саланы оңалтуға, эконо­миканы жандандыруға баса назар аударды; жеке секторды қолдауға, кәсіпкерлікті дамытуға, жекеше­лендіруге бағытталған шаралар қа­былдады; инновацияға иек артуға, соңғы технологияны енгізуге ерекше көңіл бөлді. Мирзиёевтің осы қадамдарына қарап бірқатар сарапшы «Өзбекстан болашақта күшейіп, Қазақстанмен аймақта көшбасшы болуға таласады» деп болжайды. 2018 жылы сол кездегі Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов те CFO саммитінде өзбек экономикасының өрістеуі бізге әсер ететінін мойындаған. Себебі Қа­зақстан Орталық Азия нарығында еркін жүзуге үйреніп алған. Енді на­рықтағы үстемдік үшін Өзбекстанмен күресуге тура келеді екен. Рас, Өзбекстан – климаты қо­лайлы, орталықта орналасқан, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпте әлеуеті зор мемлекет. Халқы да ең­бекке икемді, саудаға бейім. Дегенмен нақты көрсеткіштерге жүгініп, сан­дарды сайратпасақ, шындыққа көз жеткізу қиын. Мемлекеттің әл-ауқаты алдымен адам капиталына байланысты. Бас­қаның бәрі – қосымша. Өзбек­станның жан саны – 33 млн шама­сында. Онда күніне күніне 2043 бала, сағатына 85 бала дүние есігін ашады. Көп бала туу өзбек дәстүрінде берік орныққан. Кейінгі кезде Қазақстан билігі де көпбалалы отбасыларға әлеуметтік жәрдемақы көлемін бір­неше есе арттырды. Әйтсе де, бір нәрсе анық: өзбектер бізден 1,5 есе көп. Бірақ халықаралық Валюта қорының есебіне жүгінсек, Өзбекстан экономикасы Қазақстаннан үш есе төмен. Мәселен, оңтүстік көршіміздің жалпы ішкі өнімі (сатып алу қабіле­тінің паритеті бойынша) – 222 млрд доллар. Ал бізде – 477 млрд доллар.
Экономикалық өсім Өзбекстанда – 5,3 пайыз, Қазақстанда – 4 пайыз. Яғни, көршіміздің қарқыны қатты. Айтпақшы, Өзбекстанда шағын және орта бизнестің жақсы дамығанын атап өтуіміз керек. Сәйкесінше, эко­номикасы импортқа емес, экс­портқа ыңғайланған. 2018 жылдың басында Мирзиёев бизнесті жоспардан тыс тексеруге екіжылдық мораторий жа­риялады. Оған дейін билік кәсіп­керлерді әкімшілік әдістермен қуда­лап келген еді. Болашақта шағын және орта бизнеске қолайлы жағдай жасалса, Өзбекстан экономикасы әлі де өркендейді.
Жұмыссыздық деңгейі Өз­бек­станда – 8-9 пайыз, Қазақстанда 4-5 пайыз төңірегінде. Статистикаға сүйенсек, Өзбекстанның 2,5 млн азаматы шетелде жұмыс істеп жүр. Ресейдегі 2 млн өзбек гастарбайтері жыл сайын Отанына 4 млрд доллардан астам ақша жібереді екен. Екі жыл бұрын Ресейге кетіп бара жатқан 52 өзбек мигранты автобуста өртеніп қаза тапқанда Мирзиёев қайғылы жағдайдан сабақ алып, Өзбекстанда жұмыс орындарын құруға шақырған. Ал оған дейінгі президент Ислам Кәрімов «өзбек мигранттары тым жалқау, сондықтан елде жұмыс істегісі келмейді» деп сөгетін. Соңғы жыл­дары Өзбекстанда құрылыс дүмпуі басталды. Енді өзбек гас­тарбайтерлері азаюы мүмкін. Құ­рылыс демекші, өзбектер алға­шында шетелден ин­вестиция тартуға ниет білдірген. Бірақ орыс пен түріктен өзге инвестор келе қоймаған соң амал жоқ, құрылысты өз бюджетінен қар­жыландырып жа­тыр. Кейбір экономистердің пі­кірінше, бұл келе­шекте елді қаржылық дағдарысқа әкеп соғуы ықтимал. Инвесторлар Өзбекстаннан неге сонша үркеді? Дүниежүзілік банктің бірнеше жыл бұрынғы есебінде былай жазылыпты: «...мемлекеттің кең ау­қымда экономикаға бақылау орнатуы нарықтың жұмыс істеуі мен мем­ле­кеттік емес экономика салаларының дамуына бөгет болуда. Адамдардың мүлік иелену құқы мемлекеттің заң орындары тарабынан жиі бұзы­лады...». Қысқасы, Кәрімов дәуірін­дегі оқшаулану саясаты Өзбекстан иммиджіне кесірін тигізген. Ше­телден тауар әкеліп сауда жасауға әкімшілік кедергілер қойылған. Шавкат Мирзиёев келгеннен кейін Өзбекстан шетелден инвестиция тартуға талпынып, реформалар жа­сағанын айттық. Бұл Батыс шенеу­ніктерін қуантқан сыңайлы. Өз­бекстанда 50-ге жуық саяси тұтқын түрмеден шықты. Ташкент мақта жинау науқаны кезінде мәжбүрлі еңбекке тарту фактілерін азайтуға күш салды. Жаңа шаралар жемісін бергенге ұқсайды. 2019 жылдың соңында The Economist басылымы Өзбекстанды «Жыл мемлекеті» деп таныды. CNN арнасы ортағасырлық архитектуралық ескерткіштерімен танымал елді «2020 жылдың негізгі туристік бағыты» деп атады. Еуро­палық қайта құру және даму банкі көп жылдан соң қайтадан Ташкентте жұмысын бастады. Халықаралық валюта қорының Таяу Шығыс пен Орталық Азия бойынша директоры Марк Хортонның ойынша, Өзбекстан мен Қазақстан инвестиция тарту жағынан бәсекелеске айналуы мүмкін. Қазірдің өзінде Heritage Foundation стратегиялық зерттеу институты түзген рейтингте бизнес еркіндігі бойынша Өзбекстан 72 балл, Қазақстан 73 балл иеленген.
Сыртқы қарыз мәселесінде Өзбекстанды үлгі ететін әдетіміз бар еді. Бүгінде өзбектер де «қарызға белшеден батуға» кірісіпті. Өзбек­станның сыртқы қарызы – 21 млрд доллар. Бұл Мирзиёев билікке жайғасқан 2017 жылмен салыс­тыр­ғанда, 6 миллиард артық. Өзбекстанға ең көп қарыз берген ел – Қытай. Қаржы министрлігінің хабарында Қытайдан мемлекеттік қарыз 2,8 млрд-ты құрайды. Бірақ бұл қарыз Өзбекстан үкіметінің тікелей қарызы боп табылмайды, негізгі бөлігі Қы­тайдың даму банкі мен Қытайдың экспорттық-импорттық банкінің несиелерін көрсетеді. Ал біздің қарыз – 157,7 млрд доллар. Биыл берешек төмендеген. Қазақстанның сыртқы қарызын адам басына шақса, 8,5 мың доллардан айналады. Бұл жекелеген адамдарға қорқынышты көрінгені­мен, әлемдік деңгейде қалыпты құ­былыс.
Шикізат қоры жөнінен Қазақстан көш ілгері. Әрине, өзбектер де қазба байлықтан кенде емес, әсіресе газға бай. Әрқайсысын жеке-жеке салыс­тырғанша, екі елдің күш-қуатын объективті бағалауға көмектесетін көрсеткіш ретінде уран кенішін қарастырайық. Уран өндіру және экспорттау бойынша Қазақстан – дүниежүзінде бірінші орында тұр. Өзбекстан озық ондыққа кіреді. Сонымен, әзірге экономикалық бәйгеде Қазақстанның бәсі биік екен. Алайда бас-басымызға би болғаннан гөрі өзара күш біріктіріп, тізе қос­қанымыз тиімді. Аймақтағы көш­басшылыққа ұмтылып, сол үшін текетіреске түсу ешкімге абырой әпер­мейді. Екі елдің қарым-қаты­насына кедергі келтіретін ешқандай мәселе жоқ.    width=Еркебұлан НҰРЕКЕШ