2 сәуір – Дүниежүзілік аутизм туралы ақпаратты тарату күнінде Шымкентте аутизмі бар балаларға арналған орталық ашылды. Онда жыл сайын 125 бала мамандардың кешенді көмегін тегін алатын болады. Орталық 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға арналған.
«Қазақстан халқына» қорының «Қамқорлық қоры» және «Samruk-Kazyna Trust» қорларымен бірлесіп іске асыратын «Аутизмі және басқа да менталды бұзылыстары бар балаларға арналған орталықтарды жарақтандыру» қайырымдылық жобасы аясында еліміз бойынша осындай 8 орталық ашылады. Жоба бюджеті – 2,4 млрд теңге.
Орталықтың ерекшелігі – әртүрлі бейінді мамандар көрсететін көмектің кешенді сипаты, ерте көмек көрсету, балалардың халықаралық ғылыми-дәлелді әдістемелер негізінде әлеуметтік өзара іс-қимыл және коммуникация дағдыларын дамыту, сондай-ақ әлеуметтік қорғау мамандарын оқытуды жүргізу.
«Соңғы бес жылда аутизмі бар балалардың саны екі есеге артып, бүгінде елімізде аутизм спектрі бұзылған 12 мыңнан астам бала бар. Мұндай диагноз қойылған бала санының өсуі сәйкесінше қажетті инфрақұрылымды, жағдай жасауды қажет етеді. Кешенді және ұзақ мерзімді көмек жоқ, ата-аналар мен балалар түзету кабинетіне немесе оңалту орталығына кезек күтуге мәжбүр. Осы және басқа да мәселелерді ата-аналар мен азаматтық сектор өкілдері бізге жіберген өтініштері мен ұсыныстарында баяндаған болатын. Сондықтан мәселенің маңыздылығын ескере отырып, серіктестерімізбен оны жүйелі түрде шешуге бастамашы болдық. Мақсат – балалар мен ата-аналарға кешенді және ұзақ мерзімді қолдау көрсету, қоғамда әлеуметтенуіне жағдай жасау. Осылайша аутизмі бар балалар саны ең көп 8 өңірде 8 орталық құрылып, онда жыл сайын 1000 ерекше бала қамтылады», – деп атап өтті «Қазақстан халқына» қорының басшысы Болат Жәмішев.