Бэби-туризм: бүгінгінің тренді
Бэби-туризм: бүгінгінің тренді
917
оқылды
Бүгінде қазақстандықтар арасында шетелде босану трендке айналған. Бірі – баласының жарқын болашағы үшін, екіншісі елдегі медицинаға күмәнмен қарағандықтан осындай қадамға барады. Жасыратыны жоқ, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының статистикасы бойынша, Қазақстан ана өлім-жітімі санынан әлемде 42-орында, ал бала өлімі бойынша 79-орында. Америкада босанудың артықшылығы Алматылық Айдана Омар ал­ғашқы сәбиін Майамиде босан­ған. Оның айтуынша, Америкада босанудың артықшылықтары көп. Біріншіден, сәби дүниеге кел­ген кезде Америка азамат­ты­ғын алады. Екіншіден, болашақта осында білім алуына болады. Үшін­шіден, АҚШ-та медицина өте жоғары деңгейде.
– Біз жүктілікке дейін ақша жи­нап, сапарға дайындалып жүр­дік. Кеңес сұрайтын ешкім бол­мады, өйткені таныстарымыздың арасында Америкада босанғандар болған жоқ. Сондықтан біз бар­лық ақпаратты өзіміз жан-жақтан іздей бастадық. Қазір шетелде бо­сануды ұйымдастыратын агент­тіктер де көп. Біз солардан дайын қызметтік пакетін сатып алдық. Виза алу кезінде ешқандай қиын­дықтар туындамады. Елшілікке АҚШ-қа бару мақсатымызды жасырмай айттық, – дейді Айда­на Омар.
Иә, қазір шетелде босануды ұйымдастыратын агенттіктерге сұраныс жоғары. Олардың ұсы­натын қызметінің құны баратын елге байланысты. Ал агенттіктің қызметіне жүгіну болашақ аналар үшін тиімді. Айталық, Америкада босану қызметінің құны 20 мың доллардан басталады. Бұл бағаға Америкадан күтіп алу, босанғанға дейінгі күтім мен туу туралы құ­жат жасау кіреді. Сондай-ақ агент­тік ана мен сәби АҚШ-та бол­ған кезде барлық міндетті өз мойнына алады. Бұл бағаға Аме­рикада екі ай тұру да қосылады. Ал авиабилет, көлікпен қатынау, азық-түлік, балаға арналған заттар­дың шы­ғындарын әр ана өзі төлейді. Медициналық туризм маман­дарының айтуынша, қазақ­стан­дық әйелдердің басым бөлігі Ма­­йамиде босануды таңдайды. Се­бебі онда басқа Америка штат­тар­ына қарағанда медицина жо­ғары дамыған және көптеген кли­никада орыстілді дәрігерлер бар. Жалпы, әлемде 60-тан астам ел өз территориясында дүниеге кел­ген балаға азаматтық береді. Мұн­дай елдерге АҚШ, Канада, Мек­сика, Чили, Аргентина, Куба, Оң­түстік Американың барлығы дер­лік (Колумбия мен Перудан бас­қа), сондай-ақ Кариб теңізі: Барбадос, Гватемала, Доминика, Гондурас және басқалары жатады. Тек дипломаттардың балаларына ғана азаматтық берілмейді. Ал Еу­ропа мен Азияда мұндай мүм­кіндіктер қарастырылмаған. Тек ата-анасының біреуі сол елдің аза­маты болса ғана, балаға құжат береді.
– Менің емделушілерімнің арасында төрт баласын Қазақ­станда босанып, бесіншісін Аме­ри­када босанғандар бар. Олар елі­міздегі медицинаға сенбе­ген­дік­тен емес, балаларының жар­қын болашағы үшін осындай қа­дамға барып отыр. Ақшасы бар адам кез келген жерде босана ала­ды. Мүмкіндігі бар аналарға ел­де босану керексің деп те айта ал­маймыз дейді, – гинеколог дә­рігер Үміт Өтеген.
Қазақстандық аналардың шет­елде босанғандары туралы нақты статистика жоқ. Дегенмен біз шет­елде босануды ұйым­дас­тыратын агенттікке хабарласып көрдік.
– Аяғы ауыр аналардың шетел асуының бір себебі – ерекше­ле­нуге деген ұмтылыс. Айталық, Нұр­гүл есімді келіншек бала­сы­ның сүйікті елінде дүниеге келіп, төлқұжатында «туған жері» баға­нында «Италия, Рим» жазылғанын қалады. Екінші, жиі кездесетін себеп – медицина деңгейі. Пала­талардағы, тіпті тегін госпи­таль­дардағы ыңғайлы жағдай, дәрі­гер­лердің жоғары біліктілігі және жүкті әйелдің барлық өтінішін назардан тыс қалдырмауы. Үшін­ші, прагматикалық себеп. Бола­шақ аналардың көпшілігі жаңа туған нәрестенің екінші азамат­тығы болғанын қалайды. Бұл болашақта баланың әлем елдерін еркін аралауына мүмкіндік береді. Мысалы, АҚШ төлқұжатымен ви­засыз 200-ге жуық елге сая­хат­тауға болады. Сондай-ақ бола­шақта бүкіл отбасы үшін тұрғы­лықты жерін өзгерту мүмкіндігі бар, – дейді агенттік өкілі Сая Исмайлова.
Отандық медицинадан үміт күтпейді Дамыған мемлекеттерде боса­натын әйелге жеке палата бері­леді. Перзентханадан шығарыл­ғанша ері немесе туысы қасында қалуына болады. Жаңа туған нә­ресте анасына бірден берілмейді, арнайы палатада медбикелердің қарауында болады. Бұл ана кү­тіміне айтарлықтай сеп. Ал Қазақ­станда бала бірден ананың құ­шағына беріліп, шақалақтың күтімі есін енді ғана жиған немесе есін жия алмай жатқан анасына тапсырылады. Баланың жағдайын мұқият бақылап отыратындай аналардың медициналық білімі жоқ. Шақалақтың жағдайы на­шар­ласа, медбике шақырғаннан басқа қолынан ештеңе келмейді. Соңғы жылдары ТМД елдерінің ішінде сәби өлімінің тіркелуі бо­йынша Қазақстан алдыңғы қатар­дан түспей келеді. Сәбидің дү­ниеге келу деректері өскенімен, олардың шетінеп кету көріністері көбейіп келе жатқаны алаңдатады. Статистикаға шақсақ, бала туу көрсеткіші 2 пайызға артса, тиі­сінше сәби өлімі бір пайызға кө­бейген. Бұл дерек жағдай жеткен аналардың шетел асып босануына себеп болса керек. [caption id="attachment_247539" align="aligncenter" width="1578"]шетелде босану © коллаж: Елдар Қабач[/caption] Жылына орташа есеппен елі­мізде 395 911 бала дүниеге келсе, оларды 4 155 акушер-гинеколог бақылауына алады. Яғни, бір аку­шер-гинекологтің басына шақ­қан­да 95 жүкті әйелден келеді. Са­йып келгенде, маманның же­тіс­пеуші­лігінен туындайтын қиын­дықтар­дың көп екенін на­зарға алу керек.
– Өңірлерде ана өлімінің өсу себебіне, кері көрсеткіштерге аку­шерлік қызметтің жеткіліксіз құ­рамы, перзентханалардың дәрі­герлік жабдықтармен толық қам­тамасыз етілмеуі, барлық дең­гейдегі мамандар біліктілігінің жет­кіліксіздігі, шалғай аудан­дар­дағы жүкті әйелдер мен нәрес­те­лерге медициналық көмек мате­риалдық-техникалық тұрғыда то­лық қамтамасыз етілмеуі, сон­дай-ақ білікті дәрігерлердің же­кеменшік емханаларға ауысып кетуі әсер етті, – дейді Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Марат Шоранов.
Иә, кадр жетіспеушілігі – Қа­зақстандағы ана өлімінің өсу себептерінің бірі. Қарапайым бір ауданда 18 аймаққа (участок) 11 дәрігер жұмыс істейді. Оның бір­нешеуі демалысқа кеткенде олар­дың орнына фельдшер, орта буын қызметкерлер жүреді. Демек, дә­рі­герсіз аймақтарда өз деңге­йінде жұмыс жүрмей жатыр деген сөз. Медицина ғылымдарының канди­даты Жұпар Наханованың айтуын­ша, коронавирустың сал­дарынан ана өлімі екі есеге дейін көбейген. Осыдан 15 жылдай бұрын аймақ­тандыру жайлы бұй­рық шықты. Қабылданған ереже бойынша ау­дандық жерлерде тек қана фи­зиологиялық босандыруға рұқсат берілген. Қазір ауылдағы дәрігер­лер қан кеткен ананы кө­лікке салып, 200-500 шақырым жер­дегі қалаға жібереді. Осы­лай­ша, дер кезінде көмек көрсете алмай, ана­ларымыздан айырыламыз.
– Медицина саласында са­па­лы жүйе жоқ. Жүйенің болма­уына байланысты аналар дұрыс тек­се­ріле алмайды. Тексерілсе де дұрыс емделмейді. Медициналық сақ­тан­дырудың өзін көпшілік тү­сін­бей, кімге барарын білмей жа­та­ды. Осы себепті ана мен бала өлімі көбейді, – дейді Жұпар Наханова.
Отандық медицинадан түңіл­гендер осылайша шетелде боса­ну­ды таңдайды. Ал оған қаржысы жетпегендер жалпы бөлімде емес, ақылы бөлімде босануды құп көреді. Себебі ақылы бөлімде босанған әйелге жеке палата мен жеке дәрігер беріледі. Бағасы да соған сай. Айталық, Астанадағы №3 перинаталдық орталықта (мемлекеттік) ақылы босану құны 180 000 теңгеден басталады екен. Тіпті, жайлы босану, дәрігерді өзің таңдау арқылы босану немесе вип-палатада босану деп бөлінеді. Олардың бағасы шамамен 400 000 теңгеге жетіп тұр. Бұл отаның кө­мегінсіз босанғысы келетіндерге арналған баға, ал Кесарев тілігі арқылы босану бағасы әлдеқайда жоғары екенін байқауға болады. Мысалы, Кесарев тілігі арқылы босану құны 200 000 теңгеден 425 000 теңгеге дейін.
– Перзентханаларда ақысыз бөлімде жатқандарға қарағанда ақылы палаталарда жатқан емде­лушілерге жақсырақ қызмет көр­сетіледі. Неге десеңіз, ақылы бө­лімде қаржы емделушінің қал­та­сынан шыққаннан кейін олар медициналық мекемеге талап қоя алады. Ал ақысыз бөлімде ондай талап қоюға «тегін жатырмыз ғой» деген ой кедергі болады, – дейді Жұпар Наханова.
Бір қызығы, босану қауіпсіздігі мен бала туу бойынша жасалған халықаралық рейтингтерде АҚШ үздік ондық тұрмақ, жиырмалық­қа да енбейді. Айталық, Save the children қайырымдылық ұйы­мының бүкіләлемдік рейтин­­гі­нде АҚШ босану қауіпсіздігі, бала өлі­мі, ана күтімі бойынша 33-орын­­ға тұрақтаған. Ендеше да­мыған елдер азаматтық беру арқылы медициналық туризмді жандандырып отыр.