Ұлттық драма театрда «Кассандра таңбасы» сахналанды
Ұлттық драма театрда «Кассандра таңбасы» сахналанды
1,195
оқылды
Алматыдағы М.Әуезов атындағы Қазақ  ұлттық драма театрында жазушы Ш.Айтматовтың «Кассандра таңбасы» романының желісімен қойылған футуристік трагедиясының премьерасы өтті. Жас режиссер Аридаш Оспанбаева қойған  спектакльде, «Адамзаттың рухсыздану мәселесі отбасылық  құндылықтардың қадір-қасиетімен шендестіріле көрсетіледі. Заманауи ғылыми-техникалық, технологиялық жетістіктер мақсатты түрде ізгілік, адамгершілік жолына бағытталмаса – үлкен қасірет пен алапат катаклизмдерге соқтыруы мүмкін», – деген ойды сахна тілімен жеткізуге талпыныс жасады. Қойылымда белгілі актер Азат Сейтметов өз рөлін тамаша сомдап шықты. Ол шымылдық ашылған сәтте-ақ бүкіл адамзатқа күнә ақырзаманға алып баратынын ескертетін этюдтерді көрерменге шынайы жеткізді. Сонымен қатар спектакльде президенттікке үміткер саясаткер мен генетика ғылымын зерттеп, Нобель сыйлығын алған ғалым Робертс арасындағы қарым-қатынас та сенімді суреттеледі. Кейіпкердің билікке жету жолында тіпті достық пен сыйластықты бір сәтте сатып кете салу секілді әрекеттері осы заманмен де үндесіп жатқандығын сенімді жеткізе алған. Премьерада режиссер мен өзге де шығармашылық топ қоғамдағы қарама-қайшылық пен бітпес пікірталастың да соңы адамзатқа ауыр қасірет әкелуі мүмкін деген тұжырымды айтқысы келеді. Сахналық нұсқасын белгілі драматург, жазушы Мадина Омарова жасаған қойылымның айтары, әлемнің назарын аударған,  адамзат үшін барынша қауіпті деп саналған небір апаттардың бастауы – тексіздік. Қарашаңырақ Әуезов театрының репертуарына қосылған жаңа туындының негізгі айтар түйіні де – осы.

Алматы