Мәселен, шекарадағы Күршім ауданына қарасты бір ғана Қалжыр ауылдық округінен жылқылар үйірімен жоғалып жатыр. Бүгінге дейін бірде-бір мал табылмаған. Тұрғындардың айтуынша, аудандық полиция мен прокуратура қызметкерлерінде пәрмен болғанымен, ұрлыққа келгенде дәрмен жоқ. Сондықтан амалы таусылған халық бұқаралық ақпарат құралдарына хабарласып, көмек сұрауда. Елдің шетінде, желдің өтінде орналасқан Қалжыр ауылының халқы – тек төрт түлікпен жанын бағып отырған ауылдардың бірі. Алайда соңғы үш жылда мал мен жаннан маза қашқан. Тек өткен күзден бері ғана алақандай ауылдан 75 бас жылқы жоғалған екен. – Үйірден 5 басты бір-ақ алып кетеді. Жылда – осы. Қалжыр ауылының тұрғындарын бірінші бруцеллез құртты. Екінші ұрылар маза бермеуде, – дейді ауыл тұрғыны Қуаныш Миязов. Ал Айымгүл Ерманованың екі жылқысы екі кештің арасында қорасының дәл қасынан ұшты-күйлі жоғалған. Мал иесінің айтуынша, кей жоғалған малдың ауылға кірген ізі бар да, шыққан ізі жоқ. Халық осыған аң-таң.
– Ұшы-қиыры жоқ не деген ұрлық бұл? Ұсталмайды. Полицияға арыз жаздық, ешқандай нәтиже жоқ. Ауылда малдан басқа күн көретін не бар, енді маңдай термен баққан қорадағы малымыздың өзін өзімізге бұйыртпай жатыр, – дейді ашынған Айымгүл. Ауылдасының сөзін Ермырза Есімжанов та қостап отыр.– Малға құжатты кім әзірлеп жатыр? Оннан, бестен жоғалады. Ешқандай нәтиже жоқ. Екі жыл болды, тіпті өршіп кетті. Құзырлы органдардан түңілдік. Арыз жазбаймыз. Пайда жоқ. Таба алмайды. Мал ашуы – жан ашуы. Халық жоғалған малды полиция қызметкерлері ізін суытпай, іздеуге кіріспейтініне қынжылады. Жоғалған малдың бірде-бірі табылмады, – дейді ол. Негізі, Марқакөл мен Күршім өңіріндегі жылқы малы жыл он екі ай тебінде болады. Бірақ соңғы бірнеше жылда ұрлық көбейгендіктен, халық күндіз жайып, түнде қораға қамауға мәжбүр. «Бақпасаң мал кетеді» деген. Бірақ ұрылар қас пен көздің арасында қолды қылуын, тегін де оңай олжаға құнығуын қояр емес. Аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері «халықтың өзі малды бақпайды, байламайды» деп, керісінше тұрғындардың өзін айыптап отыр.
– Иелері өздерінің меншік малдарын не қарамайды, не өздері жаймайды. Бақташы да жалдамайды. Он екі рет жиналыс өткіздік. Азаматтарға, тұрғындарға мал жаю мәселесін айттық. 269 мал айыппұл тұрақтарына жабылды. Оның 81-ін әкімшілік жауапкершілікке тарттық, – дейді Күршім аудандық полиция бөлімінің бастығы Серік Манапов.Аудандағы ұрлық-қарлықты тыю үшін полиция қызметкерлері Бұқтырма су қоймасындағы өткелге кезекшілік те ұйымдастырған. Бірақ одан әзірге нәтиже шамалы. Мамай батыр ауылында тұратын ағайынды жігіттер Асылбек пен Ертарғын Зейнолданың бағып отырған бірнеше бас малы да ұрылардың қолында кеткен. Мамайға жақын Ақбауыр қыстағындағы «Қазына» шаруа қожалығының иесі Шынар Нәзтай да малына ұрылар тыныштық бермей отырғанын айтады. Осы шаруашылықтың да бірнеше малы ұрылардың қолында кеткен. Сағырдағы Дәулетбай Орайханның да малдары ұрланған. Былтырғы жаздан бері бұл жақтағы он шақты отбасының 50 бастай малы өрістен сойылып әкетілген. Алайда сол жолы «жүрегінің түгі» барлардың екеуін полиция қызметкерлері қолға түсірген. Күнімен, түнімен ауыл маңындағы жылқыларды аңдумен болған жедел топ бірнеше күн бұрын жылқы үйірінің жанына келіп оларға аң атқандай оқ жаудыра бастаған екі жас жігітті көлікпен қуып жүріп ұстап алған. Сондай-ақ жақында полицейлер Шығыс Қазақстан облысында 19 рет мал ұрлаған тағы екі жігітті қолға түсірді. Полиция департаментінің деректеріне сәйкес Жарма ауданы Жаңғызтөбе ауылының 21 және 23 жастағы екі тұрғыны бірнеше ай бойы Семей қаласының аумағында мал ұрлығымен айналысқан. Тәртіп сақшылары жедел-іздестіру шараларын жүргізіп, күдіктілер қолға түсті. Ұрланған малдың еті мен терісі, қылмыс жасаған кезде пайдаланған көліктері тәркіленген. Сондай-ақ мал етін сатуға көмектескендер де анықталған. Дәурен АЛЛАБЕРГЕНҰЛЫ, Шығыс Қазақстан облысы