Спортшылардың дайындығымен танысты
Спортшылардың дайындығымен танысты
447
оқылды
Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Нұр-Сұлтан қаласындағы Паралимпиадалық жаттығу орталығына барып, ұлттық құраманың Жапонияда өтетін Паралимпиада ойындарына дайын­дығымен танысты. 2018 жылдың 4 шілдесінде Елбасының қаты­суымен ашылған орталықта Қазақстан құрама командасының оқу-жаттығулары, шетелдік командалармен бірлескен жиындар, соны­мен қатар түрлі спорттық бәсекелер өтеді. Еске салсақ, 2019 жылдың мамыр айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев орталыққа келгенінде Токиода өтетін Паралимпиада ойындарында табысты өнер көрсетуі үшін Қазақстан құрамасына ұйымдастыру жұмыстары мен қаржылық қолдау көрсетілетінін айтқан болатын. Бүгінгі таңда Қазақстанның Паралим­пиадалық құрама командасының құра­мына спорттың 13 түрінен 523 спортшы кіреді. Олар жаттығатын орталық жазғы және қысқы паралимпиадалық спорт түр­лері бойынша ұлттық құрама командалар мен спорттық резервтің сапалы әрі кәсіби жаттығуына арнап салынған. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған мұндай орталық АҚШ, Ұлыбритания, Жапония және Оңтүстік Кореяда ғана бар. Премьер-министрдің орынбасарына орталықты Ұлттық паралимпиадалық комитеттің төрағасы Қайрат Боранбаев таныстырды. Ол еліміздегі паралимпиа­далық қозғалыс қызметі мен мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы бұқаралық спорттың дамуы туралы да әңгімеледі.
«Орталық құрылысын жүргізгенде де, жабдықтау кезінде де мүмкіндігі шектеулі жандардың барлық қажеті ескерілді. Мұнда спортшылар спорттың 14 түрі бойын­ша жаттыға алады. Ай сайын шама­мен мүмкіндігі шектеулі 6 мыңға жуық спортшы жаттығады», – деді Қ. Боранбаев.
Оның айтуынша, орталықта әмбебап цифрлы тренажерлар мен топтық жаттығуға ыңғайлы аймақтан тұратын жаттығу, ойын және күреске арналған үш спорт залы жұмыс істеп тұр. Бір атап өтер­лігі, орталықты жабдықтауға паралим­пиадашылардың өздері де атсалысқан. Мәселен, арбада отырып билеу бойынша Қазақстан құрамасының мүшесі Ардақ Отарбаев осындағы мүгедектер арбасын жуатын орынның авторы. Ералы Тоғжанов Паралимпиадалық жаттығу орталығының қазіргі заманға сай инфрақұрылымы мен материалдық-техникалық жабдықталуына жоғары баға берді. Ол отандық паралимпиада спорты­ның тарихында көру қабілеті төмен спортшылар арасында тұңғыш рет ұйымдастырылған голболдан Қазақстан Кубогының ашылу салтанатына қатысты.
 «Мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеу­меттік қорғау әрдайым ел басшылығының бақылауында болған және бола бермек. Мемлекет қазір мүмкіндігі шектеулі жан­дардың өзін дамытуға және толыққанды өмір сүруі үшін барлық жағдайды жасап отыр. Паралимпиадалық жаттығу орта­лығының ашылуы соған дәлел. Сіздердің әрқайсысыңызда жеңіске деген ынта-жігер бар. Бірақ жеңіс биігін бағындыру үшін бүгіннен бастап тер төгу қажет. Сіз­дерге ел үшін жауапты сындарда жоғары жетістік тілеймін!» – деді Ералы Тоғжанов спортшыларға арнаған сөзінде.
Екі күнге созылатын байрақты бәсе­кеге еліміздің 5 өңірінен 40-тан аса голбол­шы қатысып жатыр. Голбол – Паралим­пиада ойындарының бағдарламасына енгізген спорт түрі. Қазақстанға 2017 жылы келген спорттың бұл түрінен бүгінге дейін 3 чем­пионат ұйымдастырылыпты. Биылғы бәсеке командаға халықаралық аренаға шығуға жол ашады.   Айдана БЕГІМ