Жамбыл Артықбаев: Кереку мен Қызылжарды жатсынудың қажеті жоқ
Жамбыл Артықбаев: Кереку мен Қызылжарды жатсынудың қажеті жоқ
896
оқылды
Былтыр Президент Жарлығымен Абай, Жетісу және Ұлытау облыстары құрылды. Осылайша, өңірлердің тарихи атауы қайта жанданды. Бұл өзгерісті халық көптен күткен еді. Ендігі кезекте қоғам белсенділері мен тарихшы ғалымдар Павлодар мен Петропавл қаласының тарихи атауын қалпына келтіру жайын көтере бастады. Осыған орай, тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаевпен тілдестік. – Павлодар мен Петропавл қалаларының атауын қазақшалау туралы пікір жиі айтылып жүр. Келісесіз бе? – Иә, келісемін. Пав­ло­дар, Петропавл қалаларының атауын міндетті түрде қазақшалау керек. Бұл кезек күттірмейтін мәселе. Әсіресе, қазіргі уақытта. Біз тоқ­са­ныншы жылдары Ресей­де Ельциннің билігі жүріп тұрған кезде бұл мүмкіндіктен айыры­лып қалдық. Ельциннен кейін Ресей­дегі режим қатаң болып кет­ті. Әртүрлі жағдайларға бай­ланысты біз шекаралық аумақтар түгілі, орталықтағы аймақтарды да қазақ­шалай алмадық. Процесс тоқтап қалды. Қазір оңтайлы сәтті пайдаланып, Павлодар мен Петропавлды міндетті түрде қа­зақ­шалауымыз керек. Бұл мәсе­лені неғұрлым жылдамырақ шеш­сек, өзімізге соғұрлым пай­да­лырақ болмақ. Өйткені бізге ұлт­тық, мемлекеттік сәйкестік қа­лыптастыру керек. Соңғы кез­де Петропавлда болған оқиға осы екі сәйкестіктің қалыптас­па­ғанын көрсетіп берді. «Мемле­кетті кор­порация» деп атаған се­паратистік көзқарас мемле­кетті мойындамау деген сөз. – Егер екі қаланы қазақша­ласақ, қандай атау бергеніміз дұ­рыс? Себебі кейбір қоғам белсенділері Кереку сөзі қазақтікі емес деп жүр. – Екі қаланың атауын қазақ­ша­лау аса қиын емес. Саяси жа­ғы­нан қиындықтар туғызғаны­мен, түпкі топонимдер де мәселе жоқ. Петропавлдың ерте заман­нан бергі атауы – Қызылжар. Ал Павлодар қаласының ескі қазақ заманындағы атауы –Кереку. Екеуі де аймақтың табиғи ланд­шаф­тық ерекшеліктерін көрсе­теді. Павлодардың Кереку атана­ты­нын солтүстік-шығыс аймақ­тағы халықтың барлығы біледі. Кереку деген сөз «Кереге» де­ген сөздің орта ғасырлық оғыз тіліндегі нұсқасы. Кез келген тіл тірі ағза тәрізді даму жолынан өтеді. Орта ғасырлардағы нұс­қасы бір бөлек, қазіргі замандағы нұсқасы бір бөлек. Ерте заманда «Кереке, Кереку» атанған. 1969 жылғы Ленинградта шыққан көне түркі сөздігін қарасаңыз, онда кереге деп жүр. Кереге деген сөз Махмұд Қашқаридің «Диуани лұғат-ат-түрк» сөз­дігінде «Кере­ку» деп көрсетілген. Керекуді киіз үй, шатыр деп аударады. Павлодар қаласының дәл орта­сын­да, Ертіс жағасында ел демалатын жағажай бар. Қазіргі қала тарихы сол жағалау­дан басталады. Жағалау тура киіз үй сияқты жарда орналасқан. Міне, Кереге жар атанатыны осыдан. Егерде өзеннің сол жа­ға­лауынан не ортасынан Павло­дарға қара­саңыз жардың киіз үйге ұқсай­тынын байқайсыз. Сондықтан бұл атау – табиғи ланд­­шафтан шыққан топоним. Тари­хи дәлелдер де көп. Сон­дықтан Ке­ре­куді жатсынудың қажеті жоқ. Адам баласы «ата-анам қартайып кетті» деп әке-ше­шесінен бас тартпайды ғой. Бұл да сол сияқты. Біз «Кереге» деп жүрміз деп, орта ғасыр­лардағы қалыптасқан «Ке­ре­ку» сөзін өз­герте алмаймыз. Бертінге дейін біздің ата-бабамыз осы атауды сақтап келді. Әлі күн­ге дейін Ба­ян, Май аудандарының, Қара­ған­дының батыс аудандары­ның қазақтары Павлодарды Ке­реку дейді. Бұған жүздеген дәлел бар. Оны жазып та жатырмын. Ал Керекуді Коряковтан шық­қан деген ұғым орыстардың шала сауатты тарихшыларының айтып жүрген аңызы. Қазіргі тілмен айтсақ, жалған ақпарат. Өйт­кені олар бір әңгімесінде Коряковты генерал дейді. Бірақ ешқандай құжатта генерал Ко­ряков деген жоқ. Бір әңгімесінде оны «тұз өндіруші» дейді. Сібір­дегі тұз өндірушілердің бүкіл тізімінде Коряков деген адам жоқ. Керек жар, Кереге жарды олар өздері Коряковқа айнал­дырып жіберген. –Ал Қызылжар атауы қайдан шыққан? – Қызылжар – Есіл өзенінің бойындағы белгілі қоныстардың бірі, әрі жардың атауы. Өзеннің минералдық құрамына байла­нысты жағасындағы жарлар әр жерде әртүрлі болып жатады. Кей жерлерінде сарғыш болса, кей жерлерінде қызыл болады. Қызыл түстің көп болғаны судың құра­мында темір элементі көп. Сон­дықтан жар қып-қызыл болып жатады. Соны қазақ Қызылжар, Қызылтау, Қызыл­өзек деп атаған. Есіл өзенінің бойындағы жердің өңі қызыл, сол жердегі жар қы­зыл. Сол се­беп­ті Қызылжар атауы пайда бол­ған. Орыстар ол жерге бекініс салған. 1752 жылдарға дейін Қы­зыл­жар халықтың көп қоныс­тана­тын орны болған. Петро­павл­дың жанында орта­ғасырлық қалашықтардың орны бар. Оны біздің мықты археолог маман­дары­мыз зерттеп, қазба жұмыс­тарын жүргізді. Қызылжар жай ғана ерте заманнан келе жат­қан топоним емес. Сол жерде қа­ла­лық қоныс болған. Қызыл­жар мен Кереку атауының пайда болғанына кемі мың жыл болды. – Әңгімеңізге рақмет!