Заманауи технологиялар мен жаппай цифрландыру қарыштап дамыған заманда ғаламторсыз адамның күні қараң. Бірақ интернетті алаяқтық алаңына айналдырған әккілер де осыны сәтті пайдаланып, тапқырлығы мен айласын асыра түсуде. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Солтүстік Қазақстан облысында соңғы бес жылда тіркелген интернет-алаяқтық деректерінің саны жеті есеге артқан. Солтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасы 2022 жылы тіркелген интернет-алаяқтық бойынша қылмыстық істерге талдау жүргізіп, оның қорытындысы жарияланған кеңесте айтылғанындай, 2018 жылы өңірде осындай 143 дерек тіркелсе, 2022 жылы бұл көрсеткіш 991-ге дейін артыпты. Прокуратураның Қылмыстық қудалау басқармасының бастығы Ғани Жалбидің айтуынша, экономикалық тұрақсыздық салдарынан интернет-алаяқтық қылмыстары күннен-күнге арта түскен. Айына 50-80, күніне кем дегенде 4 дерек тіркеледі. Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, 2017 жылы небары 61 дерек қана тіркелген екен. Өңірде интернет-алаяқтықтың арту мәселесіне былтыр өңірге келген Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов та назар аударған болатын. Бүгінде халық үшін интернеттің пайдасы мен зияны бірдей. Олар ғаламтор арқылы сауда жасап, әлеуметтік желілерін жүргізіп, қажетті құжаттарын да алады. Мұның барлығы, әрине, өмірді жеңілдете түскені рас. Алайда бұл қарапайым халық үшін ғана емес, қаскөйлер үшін де ыңғайлы. Олардың қармағына түсу оп-оңай. Алаяқтықтың сан түрі бар: мәселен, несие ресімдеу, есеп-шоттағы ақшаны шешіп алу, онлайн-дүкеннен тауар сатып алу және тағысын тағы. Прокурор Ғани Қуанышұлының мәліметінше, өңірде ең көп тараған түрі – банк қызметкері атынан қоңырау шалып, есеп-шоттан ақша ұрлау. Өңірдегі барлық кибералаяқтық деректерінің 300-ге жуығы – дәл осындай жолмен жасалған қылмыстар. Облыстық Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының бастығы Марат Жұмалиевтің айтуынша, Петропавл қаласы тұрғындарының үштен бір бөлігіне банктен қоңырау шалынған. Сондай-ақ жарнама сайтында ұсынылған тауар не қызмет үшін алдын-ала төлем жасап алданудың 250 шақты дерегі тіркелген. Микрокредиттік ұйымдардың сайттары арқылы жалған онлайн-несие ресімдеу дерегі 130 рет тіркеліпті. Алаяқтан айла артылмайды Жергілікті тәртіп сақшылары, екінші деңгейдегі банктердің қызметкерлері, қаржыгерлер, прокурорлар халықты ғаламтордағы алаяқтықтан қорғау мақсатында үнемі қылмыстың алдын алу жұмыстарын жүргізеді, «Anti-fraud» жедел алдын алу іс-шарасын, тікелей эфирде кездесулер өткізеді. Жадынамалар, буклеттер таратып, алаяқтық схемалары туралы ескертеді. Олар тұтас ұжымдармен, мектеп, колледж, университет студенттерімен, тіпті сауда үйлеріне келушілермен және көшеде жүрген адамдармен де жолығып, банктен, не бөтен адамдардан түскен қоңырауға сенуге болмайтынын ұдайы түсіндіреді. Қоғамдық көлікте, адам көп жүретін жерлерде, билбордтарда, LED-экрандарда ақпарат жетерлік. Петропавл қалалық Полиция басқармасы екінші бөлімінің бастығы Талғат Смағұловтың айтуынша, қылмыскерлер психологиялық қысым әдістерін тамаша меңгерген. Көбінесе қоңырау шалған алаяқтар жәбірленушінің есеп-шотына қауіп тұрғанын айтып, жаны ашығансып бар қаржыны «сенімді» шотқа аударуға кеңес береді.
«Шын мәнісінде, бұл есеп-шоттарды қылмыскерлер өздері басқарады. Сондай-ақ жалған банк қызметкерлері sms арқылы келген кодтар мен азаматтардың жеке мәліметтерін алдап біліп алады да, кез-келген ақпаратты шебер пайдаланады. Бұл деректер қаскөйлерге жәбірленуішінің есеп-шотын қашықтан басқаруға көмек. Интернет арқылы сатылатын тауарлар туралы хабарландырулардың көмегімен аңқау халықты алдайтындар негізінен заманауи игіліктерден хабарсыз кәрі-құртаң адамдарды шиырлайды», – дейді Талғат Смағұлов.Мәселен, жуырда 67 жастағы петропавлдық кейуана алаяқтардың қақпанына түсті. Қитұрқылықтың бұл схемасы тіпті тәртіп сақшыларының өздерін де таң қалдырды. Айланың бұл тәсіліне бірнеше «актер» қатысқан: «заңгер», «қаржыгер» және «қазынашы». Зейнеткерге алдымен «әділет департаментінің заңгері» хабарласып, қан қысымына қарсы дәрі алған-алмағанын сұрап білген. Қарияның оң жауабынан соң, ол аллергенді препаратты жеткізіп берумен айналысқан компания әшкереленгенін және оны пайдаланған адамдардың барлығына едәуір өтемақы төленетінін айтқан. Осымен «заңгер» өз жұмысын тындырған соң, жәбірленушіге «қаржыгер мен қазынашы» хабарласады. Олар әжейге «өтемақыны» алу үшін алдымен «сақтандыру», «тексеру» және «транзакция» секілді операциялардың ақысын төлеу керек деп сендірген. Зейнеткер бар жиған-тергенін жұмсап қана қоймай, тіпті қарызға батып, қаскөйлерге алғашында 69 мың 800, кейіннен 190 мың және 270 мың теңге аудара салған. Оңай олжаға кенелгендер мұнымен де тоқтамай, өтемақы сомасы ұлғайғанын алға тартып, тағы 310 мың теңге сұраған. Абырой болғанда, кейуана қаражат сұрай барған таныс құрбысы алаяқтардың қулығынан хабардар екенін айтып, полицияға жүгінуге көндірген. Сондай-ақ Тайынша ауданындағы Келлеровка ауылында тұратын 80 жастағы зейнеткерді де алаяқ әйел алдап соқты. Қостанай қаласынан келген бейтаныс әйел қарияның үйіне кіріп келіп, оның ауырып жүргені дуа жасалғанына байланысты деп сендірген. Дуадан арылу үшін мән-мағынасыз қимылдар жасап, одан кейін әмиянын да «тазалауға» көндірген. Қария жиған-терген 270 мың теңгесін оның қолына ұстата салған, бірақ қайтып алған кезде ақшасының азайып қалғанын байқаған. Зейнеткер бірден полиция қызметкерлерін шақырады. Тәртіп сақшылары анықтағанындай, қаскөй әйел қарияның қолына жасанды сувенирлік ақша ұстатып кеткен екен. Сондықтан тәртіп сақшылары тұрғындарды егде жастағы туған-туысқандарының алданбауына назар аударуға шақырады. Алайда адамдар жасы мен жынысына, әлеуметтік жағдайына қарамастан, әккі қулардың құрбанына айналуы мүмкін. Мәселен, былтыр жоғары оқу орнының оқытушысы, білдей бір ғылым кандидаты айлакерлердің нұсқауымен екі пәтерін сатып, 30 миллион теңгесін олардың есеп-шотына аударған. Осыған қарағанда, тісқаққандарға тіпті көзі ашық, көкірегі ояу деген азаматтардың да аузын аңқитып кету қиындық тудырмайтындай. Алдын алудың амалы қайсы? Солтүстік Қазақстан облысында хабарландырулар сайттарындағы тауарлар мен қызметтер арқылы аңқаулардың аяғына тұсау салу тым кең етек жайған. Әсіресе, автокөлік сату туралы хабарландырулар сұранысқа ие. Полицейлер жуырда Сергеевка қаласында сатылатын көлік туралы мысал келтірді. Арзанқолдау, 90-жылдары шығарылған «Audi-80» маркалы көлік сатылатыны туралы жалған хабарландыруларды үнемі жариялайтын әккі қулар сатып алушыларға осы елді мекенде мүлдем көлігі жоқ адамдардың мекенжайын атай салған. Бейнеқоңырау арқылы хабарласқандарға интернет сапасының нашарлығын айтып, көлікті көрсетуден бас тартқан. Кейін баласының қатты ауырып жатқанын алға тартып, алдын-ала төлем сұраған, ақша қолдарына тиген соң, телефон қоңырауларына жауап беруді қойған. Бір сөзбен айтқанда, іс бітті, қу кеттінің кері. Кейде шынайы хабарландырулардың иелерін де жарға жығып кететіндер баршылық. Оларға алаяқтар сатып алушы ретінде хабарласуы мүмкін. Мұндайды болдырмау үшін облыс полицейлері жалған хабарландыруларды анықтау мақсатында веб-кеңістікке ұдайы мониторинг жүргізеді. Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, былтыр қылмыскерлер тұрғындардың сеніміне кіріп, хабарландыру сайттары мен әлеуметтік желілер арқылы жерлестерін 343 рет сан соқтырған. Сондықтан тәртіп сақшылары танымал хабарландыру сайттарының өкілдерімен тікелей байланыс орнатқан. Бұрын жалған хабарландырулар мен аккаунттарды өшіру үшін бірталай уақыт қажет болса, қазір тез арада жоюға болады. Сонымен қатар полицейлер жеке мәліметтерді ешкімге таратпау, ұялы телефондарға бөгде қосымшаларды орнатпау, мол табысқа кенелуді насихаттайтын күмәнді сілтемелерді ашып қарамау туралы ескертеді. Полицейлер банк қызметкерлері қандай да бір қаржы операциясы немесе құпия деректермен бөлісу туралы өтініш жасамайтындықтарын, ақша аудару үшін тек карта нөмірі мен аты-жөні ғана қажет екенін үнемі еске салады. Алайда айла-шарғысын сан түрлі етіп құбылтып, қитұрқы әрекетке баратын айлакерлер әлі де болса айылын жияр емес. Интернет-алаяқтық бүгінгі қоғамның ең өзекті мәселесіне, тіпті сын-қатеріне айналды. Биыл небары 3 айы ішінде облыста интернет-алаяқтықтың 180-нен астам дерегі тіркелген. Прокуратураның мәліметінше, былтыр солтүстікқазақстандықтар алаяқтықтан 2 млрд теңгеге зардап шекті, ал жыл басынан бері залал сомасы 108 млн теңгені құрайды. Киберқылмыстың белең алуына цифрландырудың, интернет-төлемдердің дамуы, мобильді интернеттің қолжетімділігі, тауарлар үшін қолма-қол ақшадан бас тарту ықпал еткен. Мамандардың түсіндіруінше, мұндай қылмыстармен күрестің негізгі әдісі – тиісті профилактикалық жұмыс, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру, түсіндіру жұмыстарын жүргізу ғана. Сондай-ақ екінші деңгейдегі банктерге құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимыл қарқынын арттыру және несие беру рәсімін жетілдіру қажет.
Солтүстік Қазақстан облысы