Шахтерлер кәсіптік ауруға жиі шалдығады
Шахтерлер кәсіптік ауруға жиі шалдығады
© коллаж: Елдар Қаба
958
оқылды
Қарағанды облысында жер астына түсіп кен қазғандар кәсіптік ауруға шалдыққандар арасында көш басында тұр. Зиянды, ауыр салада еңбек етіп жүргендер зейнетке ертерек шығуды қалайды. Қарағанды облысында зиянды еңбек жағдай­ларында жұмыс істейтін 10 мың адамға шаққандағы сырқаттанушылық көрсеткіші 2022 жылы – 74,3 пайыз болса, 2021 жылы – 60,1 пайызды құраған. Кәсіптік аурулардың 71,2 пайызы «Арсе­лор­Миттал Теміртау» қарасты Шахтинск өңіріндегі Көмір департаментінің шахта қызметкерлерінің арасында тіркелген.
– Кәсіптік аурулардың ең көп саны зиянды еңбек жағдайларында 21-30 жыл жұмыс өтілі бар қызмет­кер­­лерде және 51 жастан асқандар тобында тіркелді. Кәсіби аурулардың дамуымен күресудің басты әдісі – алдын алу. Өндірістік орта факторларының әсерін өзгерту жөніндегі іс-шаралар жүйесі тиімді жүзеге асырылуы тиіс, – дейді Қарағанды облысының Cани­тариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Юрий Залыгин.
Өңірдің бас санитарының айтуынша, ең алдымен, өндіріс ошақтары технологияны өзгерту, қолданыс­тағы өндіріс циклдарын экологиялық тұрғыдан тиімді түріне ауыстыру, қызметкерді зиянды және қауіпті факторлардың әсерінде қалмайтындай жабық технологиялық процестерді қолдануы керек. Сон­дай-ақ санитариялық-техникалық, санитариялық-гигиеналық шараларды ұмыт қалдыруға болмайды. Сонда ғана қызметкерді кәсіптік аурудан қорғауға болады. Әсіресе, жеке қорғаныс құралдарын міндетті түрде қолдануы, үзілістерді реттеу, емдік-профилак­тикалық тамақтану және жұмысшыларды сауықтыру шараларын өз деңгейінде ұйымдастыру маңызды. Кәсіптік аурулардың алдын алуда міндетті алдын ала және мерзімді медициналық тексерулердің маңызы зор. Дұрыс гигиеналық режим, еңбек пен демалыстың дұрыс ауысуы, реттелетін үзілістер, жұмыс орнының дұрыс ұйымдастырылғаны керек.
– Бұл айтылған талаптар орындала бермейді. Мысалы, әр шахтада арнайы медициналық құрылғылар болуы керек. Жұмысқа кіріспес бұрын, жұмыстан кейін кенші дәрігерге қаралуы керек. Бірақ шахталарда заманауи медициналық апараттар жоқ. Барының өзі ескірген, – дейді «Қорғау» көміршілер кәсіподағының бөлім басшысы Евгений Ятвинский.
Кәсіподақтағылар кәсіптік ауруларды азайту ша­ра­ларын ортаға салған. Онда кеншілерді зей­неткерлікке ертерек шығару мәселесі сөз болған екен.
 – «АрселорМиттал Теміртау» басқа кәсіпорын­дарға қарағанда аса ауыр және зиянды жұмыстарымен ерекшеленеді. Жер астында кен қазғандардың денсаулығы нашарлауына негізінен зиянды газ әсер етеді. Ұзақ уақыттан бері шахтерлардың зейнетке шығу жасын төмендетуді ұсынып келеміз. Ұсы­нысымыз Үкіметке, Мәжіліске жеткенімен нәтиже жоқ, – дейді Евгений Ятвинский.
Иә, Кеңес Одағы кезінде шахтаның астына түсіп, көмір қазғандар ерте зейнетке шығару дәстүрі болды. Кәсіподақ өкілінің айтуынша, ол кезде 20-30 жыл жер астында бел жазбай еңбек еткен кеншілер зей­нет­керлікке еш кедергісіз шыққан. Өйткені 20 жыл­дан аса ауыр да зияны көп, улы газбен тыныстаған­дардың денсаулығы әлсірей бастайды. Жастықтың жалыны азайғанда, оған жүректің сыр беру, басқа да аурулар жамала бастайтыны анық. Әрине, жер астына түсіп кен қазып, денсаулығын сарп еткендердің сұрары көп. Кеншілерді емдік-сауықтыру ісін де ұмыт қалдыруға болмайды. Айт­қандай, көбіне кеншілер демалып, сауығып қайтатын «Шахтер» демалыс үйі қазір жөндеу жұмыстарына байланысты жабық екен.
«Сауықтыру орындары жұмысын тоқтатқан кезде Көмір департаменті мен «Құрылысмет» ЖШС қызметкерлеріне қол жеткізілген келісімдерге сәйкес жұмыс берушінің қаражаты есебінен республика аумағында орналасқан басқа шипажайларға жолдамалар беріледі. Бұл жолдамаларды беру 2022 жылдың 9 желтоқсанынан 2023 жылдың 9 наурызына дейін қарастырылған. Жасалған келісімді басшы­лыққа ала отырып, «Қорғау» көміршілер кәсіподағы келісімшарт жасасты. Бүгінде бес шипажаймен ке­лісімшарт бар. «Балқаш», «Щучинский», «Мойыл­ды», «Жұмбақтас» «Дискавери-Бурабай» сияқты ем­деу-сауықтыру мекемелерімен келісімшарт жасал­ған. Біз кеншілерге санаулы санаторийге ғана емес, еліміз бойынша басқа да демалыс-шипажай орын­дарына барып ем алуына жағдай жасалғанын қалай­мыз», – дейді Евгений Ятвинский.
Ауыр да зиянды кәсіпте жүргендердің денсаулық­тан басқа да мәселесі жеткілікті. Өйткені қарағанды­лық кеншілер 2021 жылы «Абай» шахтасында болған апаттан кейін тағы бас көтеріп, «АрселорМиттал Теміртау» басшылығына бірнеше талап қойған болатын. Соның бәрі әлі күнге дейін орындалмады.

Қарағанды облысы