«Атамекен» – екі елге ортақ қала
«Атамекен» – екі елге ортақ қала
656
оқылды
Қазақ пен өзбек шекарасында жаңа, ортақ қала пайда болады. Екі елдің үкіметтері оның орналасатын орнын нақты айқындады. Құрылыс жүргізу бойынша да бауырлас елдер келісімге келіп отыр. Дегенмен бұл жабық қала болатын көрінеді: оған кіріп-шығу үшін тексерістен өту талап етілмек. Бірақ бұл үшін төлқұжаттың болуы қажет емес, жеке куәлік те жарай береді. Жаңа шаһар ағайындардың одақтастығын жаңа биікке көтеруі мүмкін. Себебі тарихымызда қазақ пен өзбек бірлесіп басқарған кенттер болғаны мәлім. Орталық Азияның жаңа тартылыс орталығы
2023 жылғы жағдай бойынша Қазақстан территориясында ірілі-ұсақты 89 қала бар деп есептеледі. Ресми статистикаға жүгін­сек, Өзбекстанда шағындарын қоса алғанда, 120 қала бар. Алда олардың қатары тағы біреумен толығатыны анықталды. Әзірге құжаттарда ол «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы (немесе ХӨКО) деген шартты атау алды. Сонымен бірге сарапшылар оның аумағын қаққа жарып өтетін екі елдің ше­каралық өтпе­лерінің атауымен «Атамекен – Гүлістан» деп атай бастады.
Ең бастысы, Қазақстан мен Өзбекстан ортақ елді мекеннің құрылысының орнын бекітті. Таяуда Шымкент қаласында Қа­зақстан Үкіметі басшысының орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин мен Өзбекстан Премьер-Ми­нистрінің орынбасары Жамшид Ходжаев тиісті хаттамаға қол қойды.
«Бұл халықаралық өнеркәсіптік коопе­рация орталығының орналасатын жері ре­тінде қазақстандық «Атамекен» және өз­бекстандық «Гүлістан» халықаралық, көп­жақты өткізу пункттерінің аумағы айқын­да­лып отыр. Енді тараптар оны салу үшін әрқайсысы 50 гектар көлемінде жер телім­дерін бөлуі қажет. Бұдан бөлек, қосымша жер учаскелерін резервке қою мәселеле­рін пысықтайтын болады. Сондай-ақ хат­тамада орталық аумағында бой көтеретін жоба­лардың тізбелерімен алмасу уағда­ластығы бекітілді», – деп хабарлады сауда минис­трлігі.
Бұл тізбе нақтылануда, содан соң көр­шіге жіберіледі. Жобаның басты кураторлары – қазақ­стандық және өзбекстандық сауда минис­трліктері болады. Олар сәуір айының со­ңына дейін жаңа қала-орталықтың аума­ғында өндірілетін тауарлар мен жүктерді тасымал­дау үшін «жасыл» дәліз түзу мәсе­лелері бойынша келісімге келуі шарт. Яғни, ортақ шаһар аумағындағы өндірілетін қазақ пен өзбек тауарлары екі елге еш кедергісіз, тез енгізілетін болады. Бұған қоса, осы ау­мақтағы бизнеске көрші екі тепе-тең, па­ритеттік негізде жеңілдіктер мен артық­шы­лықтар беріледі. Осыдан-ақ оның қос мем­лекеттің бизнесі үшін тартылыс орта­лығына айналу әлеуеті зор екенін байқауға болады. Дәл осы орталық бүкіл орталықазия­лық өңірді қамтыған «Солтүстік – Оңтүстік» экономикалық дәлізінің басты алаңы қызметін атқарады. Бауырлас елдердің бірлігін нығайтады Негізі, бұл жерде мәселе тек экономи­калық ынтымақтастыққа тіреліп тұрған жоқ, ондай ықпалдастықты Қазақстан барлық көршісімен, алыс-жақын шетелмен жолға қойған. Әңгіме түбі бір қазақ пен өзбектің бірлігін қалпына келтіру туралы болып отыр. Арғыны айтпағанда, Қазақ хандығы тұсында да қос халық тонның ішкі бауындай, бірге туған бауырдай, бірін бірі қолдап, сыртқы жауға да бірлесе қарсы тұрған. Сол деңгейге жету үшін алыс-беріс, барыс-келіс жаңа деңгейге шығуы шарт. Вице-премьердің түсіндіруінше, қазіргі кезде Қазақстанның да, Өзбекстанның да сыртқы нарықтары негізінен бір, олар сонда бір-бірін ысырып тастау үшін тайталасады, бақталасады. Оның орнына бауырлас елдер тізе қоса қимылдап, өнеркәсіптік коопе­рацияны жүзеге асырып, бірлескен өнімдер жасаса және жаһандық нарықты сонымен жауласа, бұрын-соңды болмаған тиімділікке қол жеткізбек. Серік Жұманғарин осы мақсатта халық­аралық өнеркәсіптік кооперация орталығы жобасын іске асыруды же­дел­детуге шешім қабылданғанын жеткізді. Әзірге, бірін-бірі бәсекелес көргендіктен екі елдің бизнес­мен­дері өзара инвестиция алмасуға асықпайды. Мысалы, 2005 жылдан 2022 жыл аралығында, яғни 16 жылда Өзбекстаннан Қазақстанға ай­туға ұят 23 млн доллар ғана тікелей инвес­тиция са­лынған. Тәуелсіздік алғалы көрші респуб­ликамен «Орталық Азияның көшбас­шысы» деген мағынасыз, абырой бермес атақ үшін арпалысқан Қазақстан да көршісінің аумағында төл жобаларын жүзеге асырып жарытпады: 2005 жылдан бері Өзбекстанға 560 млн доллар ғана инвестиция құйған. Салыстыру үшін айтсақ, Ұлттық банктің дерегінше, Батыстың санкциялық қыспа­ғына түсіп, қараң қала бастаған Ресейге Қа­зақстан тек 2022 жылдың бірінші жар­ты­жылдығында 400 миллион доллардай инвес­тиция салыпты. Тіпті, соғыстың басталға­ны­на қарамастан былтырғы II-тоқсанда Ресейге қазақстандық инвестиция 981 пайызға өсті.
«Орталық Азия аймағы халықаралық капиталды тартуда бір майдан болып, қоян-қолтық қимылдауы қажет. Қазақстанда бұған қажетті барлық инфрақұрылым құ­рылды. «Астана» қаржы орталығы жұмыс іс­теп жатыр. Тиісті инвестициялық пре­ференциялар мен тетіктер іске қосылған. Біз өз өңірімізге кіретін инвесторлар үшін дарбаза, қақпа ретінде қызмет етуге да­йынбыз», – деді Үкімет басшысының орын­басары Серік Жұманғарин.
Бүгінде аталған халықаралық өнеркә­сіптік ынтымақтастық орталығын құрудың Жол картасы жүзеге асырылып жатыр. Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі қолға алынған. Сауда және интеграция министрлігі бүгінде Қазақстан мен Өзбекстан арасын­дағы тауарайналымды алдағы 5 жылда 10 миллиард долларға дейін жеткізу жөніндегі практикалық іс-қимылдар жоспары (Жол картасы) іске асырылып жатқанын нақ­тылады. Оның 11-тармағы осы ХӨКО құ­руды қарастырады. Мұның сыртында екі ел аталған орталықты құру жөніндегі Бірлескен іс-шаралар жоспарын бекітті. 2022 жылдың қорытындысында Қа­зақстан мен Өзбекстан арасындағы сауда-саттық 5 миллиард долларға жетті. 2021 жылы бұл көрсеткіш 3,8 миллиард долларды құраған еді. Яғни, бір ғана жыл ішінде 29,8%-ға ұлғайыпты. Жаңа орталық бұл салаға соны серпін берері сөзсіз. Орталық аумағында не болады? Жаңа, ортақ қаланың тұжырымдамасы да мақұлданды. Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, бұл ірі жоба біріншіден, екіжақты ынтымақтастықты дамытады және тиімділігін арттырады. Екіншіден, қос республикаға өндіріске инно­вацияларды енгізу және оны жаңғырту жеңілдейді. Біздің кәсіпорындарға жетіс­пейтін технологиялар көрші елде бар, тиі­сінше, олар зәру жабдықтар бізден табылуы мүмкін. Үшіншіден, өнімді шикізат күйінде сат­пай, оны терең өңдеуге және қосылған құны жоғары өндірістік тізбектерді құруға жол ашылады. Төртіншіден, тараптардың шаруа­шылық субъектілері арасында өндірістік және ғылыми-техникалық кооперацияны түзіп, өрістету үшін қолайлы жағдайлар қам­тамасыз етіледі. Демек, бұл сонымен бірге екі елдің ғылымының ошағына да айнала алады. Алда үкіметтер орталықтың қазақ­­стандық және өзбек бөліктерінің Бас жос­пар­ларын қабылдайды. Соның негі­зінде жаңа шаһардың егжей-тегжейлі жос­парлауы, сәулет және құрылыс қыз­метін жоспар­лаудың қала құрылысы жо­балары әзірленеді. Тараптардың әрқайсысы орталықтың өз бөлігін қандай функционалдық аймақ­тар­ға бөлетінін өзі шеше алады. Әрқайсысы кеңістіктік-аумақтық даму стратегиясын, құрылыстың негізгі параметрлерін, ма­гистральдық инженерлік-техникалық және көлік инфрақұрылымын, сондай-ақ осы аумақта қауіпсіз және экологиялық қолайлы тіршілік ортасын қалыптастыру шарттарын айқындайды. Сондықтан шекараның екі жағында өркен жаятын орталықтың қазақстандық бөлігі Қазақстанның, ал өзбек бөлігі Өз­бекстанның юрисдикциясында болады. Оны әкім не хоким емес, басқарушылар басқарады деп жоспарланған. Олар орта­лықтың жұмыс істеуін қамтамасыз етеді, сондай-ақ инвестиция тартуға, шаруа­шылық субъектілеріне кешенді қызмет етуге, ондағы мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіруге, әкімшілік, рұқсат беру және өзге рәсімдерді «бір терезе» қағидатымен жүргізуге және басқасына жауап береді. Мұнда мәслихат та болмайды, оның орнына тұрақты жұмыс істейтін консуль­тативті-кеңесші, бақылаушы орган – Кеңес құрылады. Егер орталық аумағында қыз­метті жүзеге асыруға қатысты келіспеуші­ліктер туындаса, осы кеңес оны шешуде араағайын, әрі би болады. Кеңес аясында бірлескен консультациялар өткізеді, оның нәтижелері бойынша өзара келісімдерге және екі елдің қолданыстағы заңнамасына өзгерістер дайындалып, енгізіледі. Бұл орган қазақ-өзбек бірлескен ұсыныстарына да бастамашылық жасау құқығына ие болады. Шаһардың жалпы ауданы бастапқыда 1 шаршы шақырымды алып жатады: оның ішінде қазақстандық бөліктің алаңы – 0,5 шаршы шақырым, өзбек бөлігінің алаңы да осынша. Бұдан өзге, тағы 150 гектар жер әр тараптан резервке қойылады. Қала соған кеңейеді. Қалаға кіріп-шығатын адамдарды бақылау үшін әр тарап өз бөлігінде бақылау-өткізу пунктін құрады. Ал арнайы дәліз аумағында тауарларды, жүктерді, көліктерді есепке алу үшін «Түркістан» атты жаңа өт­кізу пункті ашылуы мүмкін. Орталық аума­ғында еркін сауда режимі әрекет ететін бо­лады. Оның ішінде құрылыс салатын ком­паниялар да артықшылықты пайдалана алады. Өзге шекаралық өтпелерден айырма­шылығы сол, келісімге сәйкес, шекараның қос жағына құлаш ұрған орталық кез келген шаһар сияқты тәулік бойы жұмыс істейді, тіршілігі үздіксіз жалғасады. Жоба бойынша шаһар аумағында көлік инфрақұрылымы, сумен, электрмен, жылумен жабдықтау, телекоммуникация, инженерлік коммуникациялар желілері болады. Бақылау үшін арнайы дәліз, ба­қылау және тексеруге арналған инфра­құрылым, әкімшілік ғимараттар салынады. Орталықтың бүкіл аумағы қоршалады. Сонымен қатар көрме объектілерінің, түрлі іскерлік нысандардың, терминал­дардың, орталық аумағындағы коммер­циялық қызметке арналған өзге объекті­лердің құрылысы жоспарланған. Орталық аумағында тағы не орна­ласатыны, қандай әлеуметтік, ойын-сауық және бизнес нысандары ашылатыны ша­һардың Бас жоспары қабылданған соң, нақты белгілі болады. Қорыта айтқанда, егер шынымен қазақ пен өзбекке ортақ шаһар бой көтеріп, өрістесе, онда екі елдің одақтас ретінде тығыз интеграциялануына жол ашылмақ.