Инфляция: өсіре ме, өшіре ме?
Инфляция: өсіре ме, өшіре ме?
© коллаж: Елдар Қаба
763
оқылды
Сонымен, Мәжіліс сайланды, Үкімет жасақталды. Енді инфляция не болмақ? Бұған дейінгі болжамдардың орындалатын түрі бар ма? Өйткені, қымбатшылық та ырыққа көнер түр көрсетпейді. Үкіметке ең бірінші кезек­те азық-түлік бағасы уайым боп тұр. Бір анығы – мұнда кешенді шаралар жоспары қажет. Бірінші кезекте ол – делдалдармен күрес болуы тиіс. Наурыздағы инфляция – 18,1% 2023 жылдың наурызында елі­міздегі инфляция бір жылда 18,1%-ды құрап, 3,2%-ға баяулаған. Ақпан айында бұл көрсеткіш 21,3% болған еді. Соның ішінде, бір жылда азық-түлік тауарлары – 20,5%-ға (2023 жылғы ақпанда – 26,2%), азық-түлік емес тауарлар – 18,1%-ға (2023 жылғы ақпанда – 20,5%), ақылы қызметтер 14,4%-ға (2023 жылғы ақпанда – 15%) қымбаттапты. Мұн­дай ақпаратты осы аптада Ұлттық статистика бюросы таратты. Десе де, азық-түлік бағасы түспей тұр. Былтырғы наурызбен салыс­тырғанда пияз – 55,1%, консерві­ленген сүт – 47,1%, күріш – 43,8%, қияр – 40,9%, макарон өнімдері – 35,1%, ұн – 33,2%-ға өскен. Тек қы­рыққабат қана тең жартысына (51,1%) арзандапты. Наурыз айы сарапшылар қауымы үшін бұрынғы болжамдарын қайта қарау кезеңі боп тұр. Сайлаудың алдындағы ақ­пан айында олар ең жоғары инфля­ция 2023 жылы 11,8%, 2024 жылы – 8%, 2025 жылы – 7% болады деген еді. Енді 2023-2025 жылдары кезек ретіне қарай 12,2%, 8,8% және 7,2% болады деп отыр. Ал өз кезегінде вице-премьер – Сауда және инте­грация министрі Серік Жұманғарин инфляция сәл де болса ырыққа көнгенін, бірақ әлі де болса қиын болатынын мәлім етті.
«Менің осы қызметке келген кезімде алдымызға қойылған бас­ты мақсат – инфляция­ны ауыздықтау еді. Біз оны орындай алдық. Міне, ақыры, инфляция баяу­лады. Бұл Үкімет өзіне жүктел­ген міндетті еңсере алып отырғанын білдіреді. Әйтсе де тоқмейілсуге әлі ерте. Өйткені сәуір, мамыр айы және маусым айының басы қиын болмақ. Өйт­кені, бұл – егін піспеген маусым­ара­лық кезең. Сондықтан да біз оған алдын ала дайындық жасап, 33 мың тонна картоп, 11 мың тонна сәбіз, 7 мың тонна қырыққабат пен пияз сатып алып қойдық», – дейді ол.
Экономист сарапшылар инфля­цияны бағалаған кезде барлық шешуші факторларды кешенді түрде қарастыру қажеттігін айтады. Мәселен, базалық ставка мен теңгенің бағамы, ЖІӨ мен тұтыну бағасының индексі, мұнай бағасы мен экспорт-импорт көлемі де ескерілуі керек. Ұлттық банктің соң­ғы жүргізген сауалнамасы бо­йынша алдағы үш жылға мұнай бағасы мен ЖІӨ көлемінің болжамы өзгермеген болса, базалық ставка болжамы 2023 жылға 15,7%, 2024 жылға 11,7% болып артқан. 2025 жылға керісінше 9% болып төмен­деген. Сондай-ақ, мамандар та­уарлар мен қызметтердің экспорты 2023 жылы 91,6-дан 89,3 млрд долларға, 2024 жылы 93,9-дан 93 млрд долларға төмендеуі мүмкін екенін айтады. 2025 жылға сол 90,7 млрд доллар боп қалып отыр. Им­порт бойынша да осындай төмендеу болады деген болжам бар. Ал доллар бағасында ахуал жақ­сарады екен. Теңге бағамы 2023 жылы 472 теңге, 2024 жылы 496 теңге, 2025 жылы 516 теңге болмақ. Осының алдындағы ақпан айында жүргізілген сауална­ма кезінде са­рапшылар 1 доллар биыл – 477,8 теңге, келер жылы – 500,0 теңге, арғы жылы – 515 теңге бо­лады деген болатын. Макро­­экономикалық көр­сеткіштерді зерттеу мен болжам жасаумен ай­налысатын халық­аралық ұйым­дар, зерттеу инс­ти­туттары мен рейтинг агенттіктері сынды на­рықтың кәсіби қатысу­шыларынан тұратын 12 ұйым ара­сында өткі­зілген бұл сауалнама ағым­дағы ахуалдың объективті бағасын бе­руге, тұжырым жасап, шешімдер қабылдауға таптырмас құрал. Реттеушілік әдісті сынаушылар көп Еліміздегі инфляцияның бір себебі – сыртқы факторлар екені рас. Өйткені, былтырғы рекордтық 20,3%-ға геосаяи ахуал, соның ішінде логистикалық тізбектің өзгеруі мен импорт көлемінің артуы қатты әсер еткен болатын. Енді еліміз ішкі нарықты отандық та­уарлармен толтыруға тиіс екенін түсініп отыр. Үкімет өзіне алған міндеттемелерге сәйкес ел аза­мат­тарын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен қолжетімді бағада қамтамасыз етуі тиіс. Бұл мақсатта тіпті ол өз қаулысымен 19 атаудан тұратын тізімді бекітіп, бағаны ұстап тұру үшін 100 млрд теңге бөлуге шешім шығарып та қойды. Мәселен, бүгінде таңда әлеу­меттік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны белгілі бір диапазонда ұстап тұру үшін мем­лекет үш тетікті қолданады екен. Десе де мұндай реттеушілік әдісті сынаушылар көп.
«Біріншіден, кәсіпкерлерге әлеу­меттік-кәсіпкерлік корпо­ра­циясы арқылы 0,1% мөлшерле­ме­мен несие береді. Бірақ оның бекі­тілген бағамен жұмыс істеу туралы шартымен өндірушілердің барлығы бірдей келісе бермейді. Ал келісімін бергендері шринкф­ля­цияны өте жиі қолданады, ол де­геніміз, баға өз­гермей сақталып қалады да, өнімнің сапасы, салмағы, көлемі кемиді. Екінші жолы – форвардтық келі­сімшарттар. Бұл жағдайда болашақ өнім үшін аванс­тық төлем жасалады. Әйтсе де, мұнда жүзеге асыру ме­ханизмінің өзі шикі, сондықтан да кәсіпкер­лердің өз міндеттеме­лерін орын­дамай қалу қаупі зор. Мәселен, форвардтық келісімшарттарды жа­сау кезінде көкөністердің көлемі көрсетіледі. Оны ӘКК Үкіметке есеп беру үшін пайдаланады. Осын­дай өнім көлемі бар деген есепті Премьер-министр өз кезегінде Пре­зидентке береді. Бірақ, мұндайда 50% тауарлар тек қағаз жүзінде болып шығады да, келісімшарттар орындалмаған, ал қаражат басқа схемаларға жылыстап кеткен жағ­дайлар көп кездеседі. Үшіншіден, азық-түліктерді экс­портқа шығару­ға тыйым салу. Бұл – ауыл ша­руа­шылығы тауар­ларын өндіруші­лерді дамыт­пайтын, оларға өндірісті ұлғайтуға мүмкіндік бермейтін, ал қыруар несиесі бар ауыл тұрғын­дарын құрдымға батыратын үкі­меттің ойлап тапқан ең бір жаба­йылау әдісі. Билігі азық-түлік қауіп­сіздігін қамтамасыз етуде жан-жақты ойластырып, жауапкер­ші­лік­пен әрекет ететін ауыл шаруа­шы­лығы тұрақты әлемнің бір де бір елінде мұндай механизм жоқ», – дейді «Ұлттық мәдениетті қорғау» ҚБ төрағасы Асқар Омар.
Делдалдар деструктивті рөлге ие Қоғам белсендісінің айтуынша, пиязды егістіктен сатып алғанда оның бағасы келісіне 50 тең­ге шамасында болады екен, оны сақтау үшін 20% қосылады, кептіру мен салмақ жоғалтқаны үшін тағы 2% есептеледі, міне осы сомаға 15%-дан көп емес үстеме ақы қосуға бо­лады, яки заңында баға осылай қа­лыптасуы тиіс. Ал нақты өмірде тауарды бастапқы сатып алу кезінде көбіне көп келісімшарттар жасал­майтындықтан және қаржылық құжаттар берілмейтіндіктен, әуелгі бағаны анықтау мүмкін болмай отыр. Бұл делдалдар үшін шексіз мүмкіндік. Олар фермердің өз өні­мін тікелей сатуға құқығы жоғын пайдаланып, тауар құнын бірнеше есеге көтеріп жібереді. 15%-дан артық қоса алмайтындықтан олар тауарды әуелі бір-біріне сатады. Осы тізбектегі делдалдар көп ретте бір отбасының мүшелері немесе жақын туыстар болып келеді. Бірақ, тек­серіс барысында антимонополия қызметкерлері бұған түсіністікпен қарайтыны таң қалдырады.
«Шындығында да бүгінде еліміздің экономикасында делдал­дар деструктивті рөлге ие боп отыр­ғанын ерекше атай өткен жөн. Бір ғана мысал: былтыр олар қантқа қатысты жалған ақпарат таратқанда, Coca-Cola сынды ірі өндірушілер елең етті де, өздеріне керек қанттың алты айлық қорын бір-ақ сатып алды, ал делдалдардың өздерінде бар тауарларын сатпай қалып, ха­лық арасында дүрлігіс туғызған еді. Осы кезде өңірлердегі резервте қант көлемінің 1-1,5 айлық шектеулі қо­ры ғана қалған болатын. Олардан кейінгі сату тізбегінде әлеуметтік дүкендер тұр. Олардың өздері де ықпалды адамдарға тиесілі. Әуелгіде ашқан да солар. Осы сауда нысандарына арзан бағамен келіп түсетін әлеуметтік маңызы бар тауарларды дүкен иелерінің өздері сатып алады да, нарықтық бағамен қайта сатады. Сондықтан да азамат­тарды өмірлік маңызы бар азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін ке­лесідей шарттар орындалуы қажет: Біріншіден, су ресурстары мем­лекет меншігіне қайтарылуы тиіс, өйткені барлық су айдындары мен су қоймаларын ықпалды адамдар иеленіп кеткен. Олар суды ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру­шілерге өте қымбат бағамен сата­ды, ал бұл міндетті түрде өнімнің өзін­дік құнын арттыратыны сөзсіз. Мем­лекет су ресурстарын пайдала­ну мен мұндағы тарифтерді өз бақылауына алуы тиіс, өйткені сумен қамтудың ең өзекті мәселеге айналып кету қаупі жоғары және бұл жерде мемлекеттік көзқарас қажет. Екін­шіден, диқандардың жерге қол жет­кізуін қамтамасыз ету қажет, бүгінде жер жыртып, егін салып жүргендер ол алқаптарды түрлі жолдармен қарпып қалып, енді онда жұмыс жүргізбей-ақ, тек жалға беріп табыс тауып отыр­ғандардан жалға алуға мәжбүр. Мұндайға түбегейлі жол беруге болмайды! Өйткені бұл ас­тықтың өзіндік құнына өте қатты әсер етеді. Үшіншіден, ауыл шаруа­шылығы өнімдерін экспорттаудағы барлық тыйымдарды алып тастау қажет. Фермер экспорттық мүм­кін­діктерді ескере отырып жұмыс істеуі керек, сонда ғана оның өнімділігі бірнеше есе арта түседі. Шаруаның маңдай тер, табан ақысы өнімі лайықты бағада сатылып алынуы тиіс. Оның 100% сақталуы қамтамасыз етіліп, ешқандай да делдалдардың қаты­суынсыз, тікелей тұтынушыға са­ты­луы керек», – дейді Асқар Айсаұлы.
Қоғам белсендісінің сөзінің жаны бар. Ал делдалдарға қарсы соғыс жарияланып, паразиттік тізбектің тамырына балта шабылуы керек. Сонда ғана, инфляция не өсіретінін, не өшіретінін болжамсыз анық айтатын боламыз.