Ара баққан ақын
Ара баққан ақын
997
оқылды
Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Дүйсен Мүсірәліұлын қалың оқырман балалар ақыны ретінде таниды. Бірақ кейіпкеріміздің ақын­дықтан бөлек, омарташылықпен айналыса­тынын көпшілік біле бермейді. – Дүйсен Мүсірәліұлы омарташылық кәсіптің тарихынан бастасақ. Адамзат баласы бал арасын өсіру қай кезден бастан қолға алған? – Жалпы, адамзаттың араны қолға үйрету кәсібі қай ғасырдан басталғанын тап басып айту қиын. Осыған дейін ғалымдар омартаның отаны деп Ка­наданы айтып келді. Бірақ соңғы кезде омарташылық кәсіп Канададан да бұрын Египетте қолға алынған деген деректер шығып жатыр. Меніңше, не болса да тамыры терең, ұзақ тарихы бар кәсіп. Ал біздің елге омарташылық Кеңес дәуірінде келді. Сол кезеңде Ауыл шаруашылығы министрлігінде ара шаруашы­лығымен айналысатын арнайы басқарма құрылған. Әрбір кеңшар мен колхоздардың жанында өзінің жеке қосалқы шаруашылық ретінде омартасы болды. – Ал өзіңіз бұл кәсіпке қалай келіп қалдыңыз? –    Жоғарыда айтып өткенімдей, Кеңес үкіметі кезінде әрбір шаруашылықта омарташылық болды деп. Менің әкем ұжымшардың омартасын 28 жыл ұстады. Ол кісінің бұл кәсіпке келу тарихы да қызық. Негізі, әкем оған дейін ауылда құрылыс саласында ағаш шебері болып жұмыс істеген екен. Сөйтіп жүргенде, әкейге асқазан дерті жабысып, ауыр жұмысқа жарамай қалады. Дәрігерлер тек диетикалық тамақ жеуге ғана рұқсат беріпті. Сол кезде ұжымшардың меңгерушісі болған әкеме: «Мүсеке, ауырып жүрсіз ғой. Бізге жоғары жақ бал арасын өсіріңдер деп жатыр. Ауырлығы жоқ жұмыс қой. Бір жағы сол араның балымен дертіңізден жазылып кетерсіз. Осы кәсіпті қолға алсаңыз қалай болады?» – деп қолқа салыпты. Артынан әкемді Алматыға бес айлық арнайы курсқа оқуға жіберді. Ары қарай 60 ұя ара алып беріп, жеке омарташылық ашып береді. Құрдастары әкеме «Шыбын баққан Мүсірәлі», – деп қалжыңдайтын. Бір қызығы, әкем араға бір-екі жыл салып, дертінен құлан-таза айығып, кетті. Мен сол жеті-сегіз жасымнан бастап әкемнің жанына еріп жүріп осы кәсіпті үйрендім. Кейін есейіп, қалаға оқуға кеттік. Артынан ұжымшар тарады. Әкемнің осы шаруашы­лыққа қажет деп жинаған құрал-жабдықтары бәрі ауылдағы үйде сол күйі қаңырап тұрып қалды. Бір күні ауылға барып сол құрал-жабдық пен ара ұяларының бәрін Алматыға әкелдім. Артынан көпқабатты үйдегі пәтерімді сатып жібердім де жер үй алдым. Сол жерде шамалы уақыт айналысып көрдім. Екі жыл бұрын Еңбекшіқазақ ауданындағы тау етегіндегі Қайрат деген ауылдан бір туыстың жерін алып біржолата айналыса бастадым. – Омарташылық қаншалықты пайдалы кәсіп? – Шынымды айтсам, менде омарташылықты кәсіп қылып, табыс тапсам деген мақсат жоқ. Біріншіден, әкемнен қалған атакәсіппен қана айналысқым келді. Екіншіден, бұл – менің хоббиім. Зейнеткерлікке шыққан соң осы кәсіпке біржолата бет бұрамын деп отырмын. Басында 10 ұяшықпен бастағанмын қазір 30 ұяшығым бар. Былтыр шамамен жарты тоннадай өнім алдым. Биыл тағы да он ұяшық ара алу үшін тапсырыс беріп қойдым. Негізінен, орта есеппен бір ұяшықтан шамамен 25 пен 75 келі арасында бал шығады. Ол тікелей аралардың еңбекқорлығына байланысты. Олардың ішінде де жалқаулары болады. Мәселен, Орта орыс тұқымы деген ара бар. Олар – өте еңбекқор. Араның өзге түрі күні бойы 3 келі бал жинаса, олар 1 тәулікте 10-11 келіге дейін жинай алады. Бірақ араның бұл түрін күтіп-баптау өте қиын. Сондықтан біздің омарташы­лардың арасында бұл тұқымдас араны ұстап отырғандар өте аз. Жаз айларында шамамен бір ұяшықта 120-130 мыңға дейін ара болады. Қысқа қарай саны едәуір азаяды. Мәселен, күзде бір ұяшықта 20-30 мың ғана ара қалады. Негізі, ара ұзақ өмір сүрмейді. Бар болғаны 45 күн ғана ғұмыр кешеді. Жаз мезгіліндегі құжынаған арадан күздің аяғында қыстап шығатындары ғана қалады. – Бал арасы өнімді қалай өндіреді? – Бұл – өте күрделі процесс. Біз аралар балды гүлден жинап алып келеді деп ойлаймыз. Негізінде олар гүлдерден тек шырын алады. Оны ұядағы өзге жұ­мысшы аралар шайқап, оған өз денелерінен бөлініп шыға­тын сұйықтықтарды қосып, кәдуілгі лабора­тория­дағыдай жұмыс істейді. Өздері атқаратын міндеттеріне қарай бірнеше топқа бөлініп алып жұмыс істейді. Мәселен, аналық арадан бөлек, шырын таситын жұмысшы ара, барлаушы аралар болады. Олар ұшып жүріп, гүлі жайқалған алқапты анықтап келеді. Оған қоса, күзетші аралар бар. Араның тағы бір қасиеті бөтен ұяға кірмейді. Тәртіпті қатаң сақтайды. Кейбір жабайы аралар келген жағдайда оларға күзетші аралар тосқауыл болады. Одан бөлек, аралар 24 сағат бойы ұйықтамайды. Түні бойы ұясында жатып-ақ түрлі шаруаны бітіреді. Қасиетті Құранда да ара туралы айтылған. Аятта «Бал аралары сияқты үй салып алып, еңбек етіңдер» делінген. Осының өзінен-ақ бұл жәндіктің қаншалықты бейнеткеш екенін байқай беруге болады. ара Әрине, көпшілік «араны ұяға салып қойды, ары қарай өзі өнім шығара береді» деп ойлайды. Негізінде мүлдем олай емес. Омарташы таңнан кешке дейін жұмыс істеуі керек. – Білуімізше, ара жәндігі өзінің омарташысын таниды екен. Басқа адамды шақса да, өз омарташысына тиіспейді екен деп жатады. Осы рас па? – Енді ол шындыққа жанаспайтын дерек. Араның ашуына тисе, ешкімді де аямайды. Ол балын өзі үшін деп жинайды ғой. Сондықтан өзіміз барынша жабық киініп, қолымызға қолғап киіп барамыз. Сонымен қатар олар – өте таза, кірпияз. Мәселен, аузыңыздан ішімдікің немесе үстіңізден иіссудың иісі сезіліп тұрса, сізді маңайына жолатпауға тырысады. – Жалпы, араның балынан басқа да пайдасы көп деп жатады. Осы туралы не айтасыз? – Оның рас. Кешегі кеңес дәуірінде бұл жәндікті тек тәтті балын алу үшін емес басқа да өсімдіктердің жақ­сы өсіп-өнуіне пайдасы бар болғандықтан да өсір­ген деп ойлаймын. Себебі ара бір гүлден бір гүлге қо­нып, тозаңдандыру процесін жүргізеді. Бұл өсімдік­тердің құнарлығына айтарлықтай септігін тигізеді. Әйгілі философ Сократ жер бетінен ара жәндігі жойылса, бес жылдан соң табиғат та өз өңін жоғалта­ты­нын, оның арты экологиялық апатқа әкеп соғаты­нын айтқан. Қазір жылыжайлардың ішіне ара жіберу әдісін пайдаланатындар көп. Оның себебі жоғарыда айтқандай, жылыжайдың ішіндегі түрлі көкөністер гүлдеген кезде соны тозаңдандыру арқылы аралар өнім­нің мол болуын қамтамасыз етеді. Кейінгі кезде ше­тел­дік ғалымдар араның осындай жылыжайларға ар­нал­ған тұқымдарын өзге аралармен будандастырып жатыр. Одан бөлек, арадан бөлінетін «аналық сүт» дегені бар. Оны өндіру бізде жолға қойыла қойған жоқ. Араның «аналық сүтін» шетелдерде косметика өндірі­сінде көп пайдаланады. Сәйкесінше, ол өте қымбат қоспа саналады. Әрі бұл – дайын өнім. Сонымен қатар бал мың жыл тұрса да мұрты бұзылмай сақталады. – Жоғарыда араны будандастыру туралы айтып қалдыңыз. Өзіңізде қазір араның қандай тұқымдар бар? – Жалпы, мен білетін араның 12 тұқымы бар. Ал менде бары «Карника» және «Карпатка» деп аталатын түрлері. Бұл екі түрі де таулы аймақта барынша қоңыр салқын жерлерде өмір сүруге бейімделген. Араны будандастыру бізде енді ғана қолға алынып жатыр. Көбіне, Польшадан жаңа тұқымдардың аналығы әкелінеді. Қазір Шымкенттегі омарташылар аналық араларды өз-өздерімен будандастыру арқылы жасартып отыруды жолға қоймақ. Кейінгі кезде Вакпасс деген тұқым қосылды. Бұл да осы жердегі жергілікті араларды будандастыру арқылы пайда болған түрі. Естуімше, өте өнімді жұмыс істейтін көрінеді. Бір өкініштісі, бізде қазіргі кезде осы ара шаруашылығын зерттеп жүрген ғалымдар жоқ. Сондай-ақ маман дайындау ісіне де мән берілмей келеді. Қолдан будандастыру, жаңа түрлерді шығару, аналық араларды жасарту дегеннің бәрімен қарапайым омарташылар айналысып жүр. Тіпті, араның дәрі­герлері де жоқ. Еліміздегі жоғары оқу орындарының жанында оны оқытатын оқу орындарында факультет немесе кафедра да жоқ екен. ара бағу – Сонда «басы ауырып, балтыры сыздаған» бал араларын қалай емдейсіздер? – Бал арасын емдеу үшін Қытайдан, Ресейден түрлі препараттар келеді. Соларды сатып алып өзімізше ем-дом жасаймыз. Алматыда да арнайы дәрі-дәрмек дүкендері бар. Ол жерде жоқ болып қалса, тапсырыс беріп алдырамыз. Былайша айтқанда, отан­дық омарташылар өз қотырын өздері қасып күн көріп жатыр. Мемлекет отандық бал өндірісін дамытамыз десе, алдымен осындай мамандар даяр­лауды қайта жолға қоюы керек. Аралар да түрлі ауруға ұшырайды. Сол кезде қажетті дәрі-дәрмекпен емдеуге тура келеді. Мәселен, араның жауы – Варатоз деген кене. Сол кене араның желкесіне жабысып алады. Сол жерде отырып араның аузындағы ұяшыққа алып келе жатқан шырынды құстырып тастайды. Ол аздай арамен бірге ұяшыққа кіріп алатындары бар. Ол жерде отырып араның қанатын жеп қояды. Одан бөлек, көктем, жаз, күз мезгілдерінде беріп отыратын арнайы дәрілері болады. Осындай жұмыстармен ыждағатты түрде айналысып отырмасаң, еңбегің еш кетуі мүмкін. – Омарташылық кәсіпке мемлекет тарапынан қандай да бір қолдау бар ма? – Шынын айтқанда, қолдау жоқтың қасы. Мәселен, біраз уақыт бұрын омарташыларға Үкімет субсидия беретін болыпты дегенді естігенмін. Кейін сұрастырсам, бір ұяшыққа бар болғаны 5 мың теңге береді екен. Айтуға да күлкілі. Шығыс Қазақстан облысына әкім болып тұрған шағында Бердібек Сапарбаев жылдары жергілікті омарташыларға көп қолдау көрсетті. Соның арқасында ол өңірдегі бал өндірісі біршама көтеріліп қалды. Меніңше, әр облыс әкімі жергілікті омарташыларға осындай көмек көрсетуі керек. Бұл отандық омарташылық кәсіптің дамуына айтарлықтай септігін тигізер еді. Қазір елімізде республикалық Бал ара омарташылар одағы деген ұйым бар. Кезінде ол ұйымды Сергей Терещенко деген кісі ашқан. Сол қоғамдық ұйым ғана қазір омарташылықтың тікелей жанашыры болып жүр. Бірақ ол бар болғаны қоғамдық ұйым. Соған қара­мастан, отандық омарташылар арасында балды экспортқа шығарып жатқандары да бар. – Өзіңіз омарташылыққа әкенің жолымен келгеніңізді айттыңыз. Балаларыңыздың ішінен осы кәсіпке қызығущылық танытып жүргені бар ма? – Ұлым қазір қасымда омарташылықтың қыр-сырын үйреніп жүр. Негізгі жұмысынан қол босай бермейді. Тек балды жинайтын кезде ғана қасыма ертіп апарамын. – Әңгімеңізге рақмет!

Алматы қаласы