Үй болам десең «Таңыммен» таныс
Үй болам десең «Таңыммен» таныс
1,264
оқылды
Отбасы – махаббат мұнарасының биік шыңы, бірақ соңы емес, шыңға шығып, құлап кететіндер қаншама. Қазір ерлі-зайыптылар арасындағы кикілжің де, екі тараптан соққан суық желдің ызғарынан орын алуда. Осы мәселеге орай, ғаламторды ашсаңыз болғаны, тәжірибелі психологтардың түрлі коучтары, онлайн дәрістері көбеюде. Саны көп, бірақ сапасыздары да жоқ емес. Жақында қолыма Әбілфайыз Ыдырысовтың жары Заря Мәлікаждарға арнап жазған «Таңшолпан» романы түсті. Романды оқи отыра, жанұя бақытының кілті тек арнайы маман кеңестерімен шектелмейтінін түсіндім. Атаулы шығармада жазылған әр оқиға өзіндік тәлім мен психологиялық кеңеске ие. Ал кітаптың жас отбасыға үйретер тағылымы мол. Әйел адам көп сөйлегенді әрі эмоциясын ашық көрсетуге бейім келеді. Ол – оның жаратылысы. Ал сіз әйеліңізбен қаншалықты жиі сөйлесесіз? Түрлі кикілжіңдер адам ойының сан жаққа өрбуінен орын алады. Ал ондай өзге ойлардан уақытында құтылу үшін оңаша, еркін диалог құрған жөн. Атаулы романда берілген мына жолдарға көз тастасақ: «Таңшолпанның бірінен кейін бірін жалғап айтып келе жатқан әңгімесіне мен де өз ойымды қоспақ болып қанша рет оқталсам да, олай жасамадым. Өйткені оның шынында соңғы бірер жылдан бері ақтарылып сөйлеп келе жатқаны осы жолы. Және ол не айтпасын, не жайды қозғамасын, бір жағынан, менің де ішімде жатқан, жүрегімнен орын тепкен жайлардың үстінен дөп шығып, тап басып айтып келеді. Менің жүрек сырымды ғажайып бір сиқыр құралдың көмегімен оқып келе жатқандай»[1.28-бет]. Автор өз жарының уайымға салынып жүргенін сезіп, оны серуендеп қайтуға шақырады. Ал жол барысында бір-біріне айта алмай жүрген сұрақтарын қоя бастайды. Бір-бірімен ақылдасып, пікірлерін тыңдап, жәйттің басын ашады. Жазушының түсіндірмек болғаны да осы, түсінбестік іштегі реніш пен уайымнан шешілмейді. Барынша оңаша жүріп көкіректенбей, сөйлесіп ақылдасқан жөн. Қазіргі отбасылар үшін ең керек кеңес осы деп білемін. Жеке отбасы болып құрылғаннан кейін, әр жанұяның өзіндік талаптары бар. Сол талаптардың бірі – жарының жұмыс істеуіне қарсылық білдіру. Осы тұста, ең алдымен, күйеуі өз жарының пікірін біліп, онымен ақылдасқаны абзал. Әйеліне ноқақтап, бұйыра ескертіп емес, жарына түсіндіріп, ақылмен жеткізгені дұрыс. Жұмыс болмаса да сүйікті ісімен шұғылдануға мұрсат беру. Шығармада берілген мына оқиғаға назар аударсақ: « ә-ә!.. Әнеугі бір: «Осы мен сайраған сандуғашты торда ұстап жүрмін ау, шамасы! Мұным әділдік болар ма?» — деген ойым ше?!» [1.19-бет] Бұл жолдар – автордың, яғни Әбілфайыз Ыдырысовтың жарына деген адал махаббатының дәлелі. Жарының әншілікке кетпей, жанында жүргеніне іштей өз-өзін кінәлап уайымдайтын. Жары Таңшолпан да күйеуінің ойын сезгендей болып: « Сен мені тұтқында, торда ұстап жүрмін деп ойлап жүрсің, – деді де, булығып жылап жіберді. – Жаным, сол! – деп, қайта құшақтай алып, оны тағы бауырыма қыстым. – Сезімталым, сол! Білгішім, сол! Көріпкелім, сол!..» [1.20 бет] – деп, бір-біріне ақтарыла, ішкі мұңдары жүздескендей күй кешті. Ал жары Таңшолпанның күйеуіне айтқан шешімі: «сен – менің өмірімнің ырыс-бақытысың! Сондықтан мен сол өмірлік ырыс бақытымнан айырылам ба?! Айырылмаймын! Ендеше алдын-ала айтайын. Егер сен мені тұтқындап ұстаймын! Сайраған сандуғашты еркіне, бостандыққа жіберейін деп ойлар болсаң, тіпті солай ойлап та жүрсең, оған айтарым, осы! Мен сен үшін ғұмырлықпын! Өзімді де, әнімді де саған біржола арнағам! [1.23-бет] Дәл осы сөздерді оқып шығып, шынында, махаббатқа қалай сенбеуге болады деп біраз ойланам. Шын махаббат үлкен түсіністік екендігін автор тағы да өзге қырынан дәлелдегендей. Жары үшін уайымдап, өзіне кінә тағып жүргендігі ақылды әйелінің нақты шешімімен шешілген. Махаббат ол — ұлы сезім. Анаңа, отбасыңа, перзентіңе қисынымен жол табады. Ал әр ата-ана үшін өз перзентінің орны бөлек. Шыр етіп дүние есігін ашқан шақалақ махаббат пен мейірімге бөленеді. Бауыр етіңіз балаңызға деген махаббат еш сөнбейді. Дегенмен, бар махаббатын тек баласына арнап, күйеуіне көрсетуі тиіс қамқорлықты ұмыт қылып жататындар да жоқ емес. Күйеуіңіз де сіздің балаңыз секілді. Арасында алдап, жылы сөйлеп, құшағыңызға бөлесеңіз, марқайып жүздене түседі. Романдағы мына оқиғаға ден қойсақ: «әшейін... Өзіміз жайлы... Әлі бір-бірімізге: «шын сүйе ме екен деп қараймыз. Күлкілі... Бірақ неліктен?» [1.26-бет] деп Алтай біраз ойлана, таңырқайды. Сонда жары Таңшолпан: «шынымды айтайын, Кәукәнайға соншама өліп-өшкен кезде мен сені содан да қызғанам!.. Мені ұмытып кетті ме деп қорқам...» [1.27-бет] деп, ойын ашық ақтара жеткізеді. Сонда жұбайы: «Опырай-ә! Неткен ұқсастық... Мен де нақ осылай етуші ем, Таңым! Сөйтсек, біз бір-бірімізді, тіпті Кәукәнайымыздан да қызғанады екенбіз ғой... Неткен қызғаншақтар едік?! Мұнымыз дұрыс болса игі...» [1.27-бет] деп, масаттана, қорқа жауап қатты. Сонда жазушының ақылды жары: «Түсінем, жаным!.. Қызғаншақтық не оңған қасиет дейсің ғой... Бірақ біздің бір-бірімізді қызғануымыз өте дұрыс. Тек соны нақ солай мөлдір қызғаныш күйінде, күйе жағып, қаралап алмай, сақтап өте алсақ қой, шіркін... өмірде!..» [1.27-бет] деп жауап қатады. Иә, қызғаныштың әсем, таза түрін автор өзгеше тәсілмен жеткізген. Тіпті перзенттерінен бір-бірін қызғануы, қанша жыл өтсе де махаббатырының нық екендігіне дәлел. Ақтара берсең, Әбілфайыз Ыдырсовқа журналист, жазушы педагог қызметіне психолог маманын қосып қояр ма едім. Әр оқиғасы терең зерттеу мен талдауға ие. Отбасылық келеңсіздіктердің жұмбақ шешімін де оқиғалар арқылы өрбітіп, терең жеткізген. Сірә, бұл кітап Таңшолпан апамызға ғана емес, әр қазақтың Таңшолпандарына арналғандай. Ал әрбір отағасы Алтай атамызды үлгі тұтса – айрандай ұйыған отбасының құрылуына үлкен кепілдік болары сөзсіз.

* Әбілфайыз Ыдырысов «Таңшолпан» роман-хикаясы. Алматы — «Сөздік-словарь», 2000, 448-бет.

Аяулым Қорғанбай, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Журналистика факультеті, Баспагерлік, редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының 3 курс студенті