Алтын Орда, Қасым хан және тарихи сабақтастық
Алтын Орда, Қасым хан және тарихи сабақтастық
451
оқылды
Алтын Орда кезеңіндегі даңқты тарихымыз халық санасында айқын таңбалан­ған. Мерейлі мемлекеттің негізін қалаған Бату ханды қазақтар «садағын сағымға іл­дірген Сайын хан» деп әс­пет­теген. Алаш ардақтысы Ғұ­мар Қараш ХХ ғасырдың ба­сында: «Шыңғыс, Бату хандық құрып                                       тұрған ел, Қарақыпшақ Қобыландылар                                        туған ел. Ерегескен дұшпан-жауын қуған ел Емес пе едің – жұртым саған не болды?» – деп күңіренді. Демек, қазіргі тәуелсіз Қазақ­стан Алтын Орданың тікелей мұрагері деген атқа әбден лайық. Сондықтан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлық Ұлыстың 750 жылдығын тойлауға пәрмен бер­ді. Нұр-Сұлтан қаласындағы Қа­зақ­стан Республикасының Ұлт­тық архиві республикалық мем­лекеттік мекемесінде Алтын Орда­ның 750 жылдығына, Қазақ хандығының 555 жылдығына және Қасым ханның туғанына 575 толуына орай «Сарайшық – Ұлы Дала мұраты: мемлекеттілік жә­не тарихи сабақтастық» атты дөң­гелек үстел өтті. Алқалы жиын­­­ды Мәдениет және спорт ми­­­нистрлігінің қолдауымен «Са­­рай­шық» мемлекеттік та­рихи-мәдени музей-қорығы мен Қа­­зақстан Ұлттық архиві ұйым­дас­тырды. Іс-шараға Парламент Сена­ты­ның депутаттары, қоғам қай­рат­керлері, зиялы қауым өкілдері, отандық тарихшылармен қатар АҚШ, Ресей зерттеушілері қа­тыс­ты. Оның ішінде Ғұмар Дүй­сем­баев, Ирак Елекеев, Әнес Сарай, Болат Көмеков, Хангелді Әбжанов, Зейнола Самашев, Бүр­кіт­бай Аяған, Нұрлан Атығаев, Юлай Шамилоғлы, Вячеслав Плахов сияқты тұлғалар бар.    width= Алтайдың сауырынан Дунай­дың етегіне дейінгі кең-байтақ жер­ді, жарым дүниені алып жат­қан қағанат күш-қуатымен дү­ние­­ні тітіретті, сән-салтанатын жаһанға жария қылды. Батыс Еуропамен, Мысырмен, Кіші Азия­­мен, Үндістанмен, Қытай­мен сауда-саттық жүргізді, әртүрлі кәсіпшілікпен айналысып, қол­өнер­ді дамытты. Басқосуда сөй­леген қатысушылар осын­дай ұлы мемлекеттің әлі де зерделенбеген тұстары көп екеніне тоқталды. Ғалымдар қазақ жұртын бір­жо­ла орнықтырған Қасқа жолды Қа­сым ханның тарихи бейнесіне баға берді. Бір өзі 300 мың әскер жасақтаған, алыстағы Рим папа­сы­мен хат алысқан құдіретті би­леу­ші туралы жаңа деректер көп табылып жатыр. Соларды ғылыми тұрғыдан қорытып, талдаудың маңызы зор. Келелі кеңесте ай­тыл­ған әңгіменің түйіні осыған саяды. Іс-шара аясында Ұлттық архив мекемесінде «Ортағасырлық Сарайшық – Қазақ елінің аста­насы» атты көрме өтіп жатыр. 28-29 ақпан күндері көпшілікке ұсынылатын жәдігерлер көзден кетіп, көңілден көмескі тартқан ескі заман елесіне шомдырады. Жошы ұлысы хандарының ма­ңызд­ы саяси орталығы болған шаһар­дың тарихынан сыр шер­теді. Айта кетейік, Мемлекет бас­­шысы Қазақстан халқына ар­на­ған Жолдауында: «Алтын Ор­да­ның 750 жылдығы турис­тер­дің назарын тарихымыз бен мә­дениетімізге, жеріміздің таби­­ға­тына аудару тұрғысынан той­ла­нуы керек», – деген еді. Биыл Үкі­мет қаулысымен Алтын Ор­да­ның 750 жылдық ме­рей­тойын өткізу жөніндегі іс-шара­лар жоспары бе­к­і­тілді. Жоспарға 40 түрлі іс-шара енген. Жалпы, «Ұлық Ұлыс­ты» той­лауға қажет іс-ша­ра­лар жос­па­рын жүзеге асыруға 3,5 млрд тең­ге қарастырылған.    width=Еркебұлан НҰРЕКЕШ