Сарапшылардың азаюы алаңдатады
Сарапшылардың азаюы алаңдатады
529
оқылды
Сот сараптамасы қан­дай да бір іс бойынша шешім шы­ғаруда нақты дәлел-дә­йек ұсына ала­ды. Сауатты жүргізілген сараптама істің соңғы нүктесін қоюда ше­шуші мәнге ие. Оның үстіне, әр істің артында адам тағ­дыры тұрғанын ес­керсек, сараптаманың сапасына айрықша мән берілгені жөн. Әйтсе де, саладағы маман тап­шы­лығынан сарапшы­лар­дың жүктемесі еселеп арта түскен. Бұл сайып кел­генде, әлгінде ай­тыл­ғандай сарапта­ма­ның сапасына кері әсер етуі бек мүмкін. Білікті сот сарапшылары істің құпиясын ашуда тергеушіге тың мәліметтер ұсынып жатады. Ғы­лымға негізделген сот сарапта­малары объективті тергеу жүр­гі­зудің алғышарты. Біздегі мемле­кеттік сот сараптама қызметіне Әділет ми­нистрлігі жауапты. Атал­ған ми­нистрлікке қарасты Сот сарапта­малары орталығында сот-сарапта­малық зерттеудің 57 түрі жүргізіледі. Алайда жыл өткен са­йын мекеме жүргізетін сот са­рап­тамаларының саны артып, күр­де­лене түскенімен орталықтағы штат­тық бірлік 1998 жылдан бері өзгермеген екен. Осыдан барып сот сарап­шы­ларына артылатын жүктеме 2 есеге дейін артқан. Оның ішінде сот-психиатриялық, құрылыс, эконо­микалық, өрт-техникалық бағыт­тарда сараптама жүргізетін маман­дардың жүктемесі тіптен 3 есеге дейін ұлғайған көрінеді. Әрине, жекелеген мамандарға шектен тыс жүктеме арту сараптама жүргізудің мерзімін сақтауға мүмкіндік бер­мейтіні түсінікті. Сәйкесінше, са­раптаманы бұған дейін 1 айдың ішінде аяқтайтын мамандар енді оны 6-8 айға дейін созуға мәжбүр. Бұдан жұмыстың сапасы төмендеп, халық тарапынан сот сараптама қызметіне деген сенімсіздік туын­дап жатады. Сенатор Ақмарал Әлназарова сот сарапшыларының тапшылы­ғын бірнеше фактормен байла­ныс­тырады.
«Зиянды ортада және шектен тыс психоэмоционалды жүкте­мемен жұмыс істеу, осы кәсіп бе­делінің тым төмен болуы тәжі­рибелі сот сарапшыларының басқа салаға кетуіне ықпал етіп жатыр. Оған қоса жалақының аздығы да мемлекеттік сот сараптама қыз­метінде еңбек еткісі келетіндердің құлшынысын жойып жібергендей. Оның үстіне, бұл мамандарға жүк­телген міндет те жеңіл емес. Өткен жылы сарап­та­малар саны 13,5 мыңнан 184 мыңға дейін өсті. Есе­сіне қазір бұл салаға 133 маман жетіспейді», дейді Ақ­марал Шә­ріпбайқызы.
Ал Үкімет сот-сараптама қыз­метін жетілдіру тетігі Ұлттық даму жоспарында, құқықтық саясаты­ның 2030 жылға дейінгі тұжы­рымда­масында жан-жақты қа­рас­ты­рыл­ғанын хабарлады. Атал­ған құ­жатта қызметті мем­ле­кеттік жә­не жеке секторға теңдей бөлу, сот сараптама орталық­та­рының материалдық-техни­калық базасын нығайту ша­рала­ры жан-жақты пысықталған екен. Қыз­меткер­лер­д­ің айлық ­жа­лақысын өсіру үшін 2021 жыл­ғы 1 қаңтардан бастап республи­калық бюджеттен 1 млрд 953 млн теңге бөлініпті. «Халық­тың та­бы­сын арт­тырудың 2025 жылға дейін бағдар­ламасы шең­берінде, сала маман­дарының ор­таша жа­лақысын рес­публикалық бюд­­жеттен бөлінетін қаражат есебі­нен 2029 жылға дейін ұлғайту көзделген. Қысқасы Үкімет құр бекерге қа­рап отырмаған сыңайлы. Әйтсе де, қолға алынған кешенді шара­лардың аз уақыт ішінде нәтиже көрсете қоймайтыны анық. Ал сот ісін жүргізуде сапалы, сауатты са­раптамаға деген сұраныс артпаса, кеми қойған жоқ. Білікті сот медициналық са­рап­шысы Тахир Халимназаров бұл мәселенің туындауының не­гізі се­бебі ретінде салаға маман даяр­лау ісіне лайықты көңіл бөлмеу мен қолда бар ресурсты дұрыс пайда­ланылмайтынды­ғын атайды.
– Бұрын медициналық жоғары оқу орындарында «Сот-меди­ци­налық сараптама» кафедрасы бо­латын. Қазір маман даярлаушы кафедра тұрмақ, болашақ сот ме­дициналық сарапшыларды оқы­тып-үйрететін профессор-оқы­тушылар да жоқ. Кезінде арнаулы мамандық ретінде оқытылған сала қазір элек­тивті курсқа айналды. Яғни, бұл курсқа қатысып-қатыс­пауды сту­денттер өздері шешеді. Рас, соңғы жылдары меди­ци­налық жоғары оқу орындарында сот-медициналық сараптамасы бо­йынша интернатурада оқыту қолға алынды. Бірақ оларды оқы­татын білікті мамандардың өзі тап­шы бо­лып тұрғанда, жас ма­мандардың сапалы білім алатын­дығына күмән бар, – дейді спикер.
Сарапшының айтуынша, сала бәсекелестік ортаға берілгенімен мемлекеттік және жекеменшік сот-медициналық сараптама қызметінің мүмкіндіктері теңдей пайдала­нылмайтын көрінеді. Мемлекеттік сот сарапшылар жүк­темеден бас көтере алмай жатқанда жеке сек­тордағы білікті сарап­шылар еске­русіз қалғандай.
– Біраз уақыт бұрын Әділет ми­нистрлігі сот-медициналық сарап­тама қызметін аутсорсингке берген. Кейіннен ведомство бұл бағдар­ламаны тиімсіз деп тапты. Қазір жеке сектордағы тәжірибелі сот сарапшыларына көп жүгіне бер­мейді. Өзім де 2017 жылдан ли­зен­ция алып, жеке сот-медици­налық сарапшы болдым. Байқа­ғаным, жеке сектордағы сарап­шылар адво­каттардың сұранысы бойынша қорытынды әзірлесе оны судьялар мен прокурорлар жарат­пай жатады. Жеке меншік са­рап­шыларға се­німсіздікпен қа­райды. Ал заң тә­уелсіз сарапшы­лардың қызметіне тыйым салмайды. Негізінен жеке сот медици­налық сарапшы ретінде лицен­зияны 10-15 жылдық тәжірибесі бар мамандар алады. Демек, олар­дың біліктілігі жоғары. Қарым-қабілеттері де жет­кілікті. Мемле­кеттік және жеке сот-медициналық сарапшылардың жүктемесі теңдей болса, онда салада маман тап­шылығы байқалмай қалар еді, – дейді Тахир Халимназаров.
Құқық қорғаушылар да істі жүр­гізудегі, ол бойынша тиісті қо­рытынды шығарудағы сот сарап­тамасы қызметінің рөлін жоққа шығармайды. Олар да сарапшы­лар­дың тапшы болуы істі қарау мер­зіміне әсер ететінін тілге тиек етеді.
– Әрине, сотта қаралып жатқан іс бойынша судьяның қандай да бір шешім қабылдау кезінде сот сарапшыларының іс бойынша жасаған қорытындысының ма­ңызы зор. Бірақ, сарапшының бер­ген қорытындысын істі қарау барысында қабылданатын шешім­нің негізіне алу-алмауды төрағалық етуші судья шешеді. Сараптаманы, көп жағдайда, сотта төрағалық етуші судья өзі немесе іске қаты­сушылардың өтінішхаты бойынша тағайындайды. Ал, сараптаманың қорытындысы қылмыстық іс бо­йынша кінәлі тұлғаның (сотта­лушының) қылмыстық құқықбұ­зушылық әрекетін дұрыс сара­ла­нуына ықпал етеді. Ал азаматтық істер бойынша сарапшының қо­рытындысы басқа дәлелдемелерге қарағанда басымдыққа ие бол­майды және сот үшiн мiндеттi болып табылмайды. Ол басқа дәлелдемелердiң жиынтығында бағалануға тиiс екені «Азаматтық істер бойынша сот шешімі туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 11 шілдедегі №5 нормативтік қаулысының 12 тармағында көзделген (бекітілген). ​Өкінішке қарай, мемлекеттік сот сараптама қызметінде жалақының төмен болуынан білікті сарап­шылар бұл саладан жеке сарапшы ретінде Сарапшылар палатасына мүше болып, дербес жұмыс істейді. Оның үстіне, сарапшылардың мойнында үлкен жауапкершілік бар. Мәселен, Қылмыстық Ко­декс­тің 99-бабы (адам өлтіру) бойынша іс жүргізетін сарапшы­ға мәйітке сараптама жүргізіп, қайтыс болған адамның өлімінің себебін анық­тауға тура келеді.Бұл дегеніңіз, оңай шаруа емес. Мұнда сот-ме­дициналық сарапшының білімі және біліктілігі, қабілеті жан-жақты сыналады. Ал олар күніне түрлі іс бойынша бірнеше мәйітке сараптама жүргізуі мүмкін. Шек­тен тыс жүктеме мен еңбектің ­ла­йықты бағаланбауынан са­рап­шы­лардың мемлекеттік сот са­раптама органдарынан кетіп қалуынан, са­рапшылардың тап­шылығы туын­дайды. Бұрын-соң­ды өз тә­жірибемде кәсіби бі­ліктілігі жо­ғары сарапшылардың жетіспеу­ші­лігіне байланысты істер бойынша сараптама қо­рытындысы дайын болмауынан азаматтық, қылмыс­тық істерді қа­рауды кейінге қал­дырған сәтте­ріміз де болды, – дейді заңгер Мирас Тұрғынбаев.
Қысқасы, сот сарапшыла­ры­ның тапшылығы соттың қа­ра­уын­дағы іс бойынша «қара қылды қақ жарған» шешім шыға­руға кедергі келтіруі ғажап емес. Ал бұл фактор адам тағдырына әсер ету мүмкін екенін ескерсек, сот сарап­шыла­рының азаюы мәселесіне баса назар аудару керек-ақ. Са­рапшы қызметінің беделін өсіру, білікті маман даяр­лаудан бастап оларға лайықты әлеуметтік жағдай жасау­ға дейін жалғасатын ауқымды ша­раларға селқос қарауға болмайды.